Талдықорғанда Медицина қызметкерлері күні қарсаңында салтанатты жиын өтіп, жыл қортындысы бойынша үздік дәрігерлер мен медицина мекемелері анықталды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматы облысының үздік дәрігері болып Іле аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Елікбаев танылды. Ал облыстағы үздік ауыл дәрігері атағын Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылдық амбулаториясының меңгерушісі Әскербек Оралбаев жеңіп алды.
Екеуіне де облыс әкімі Амандық Баталов «Лада Гранта» көлігінің кілттерін табыстады. Сондай-ақ өңір басшысы үздік денсаулық сақтау мекемелеріне қаржылай сыйлықтар тапсырды.
Жалпы Алматы облысының денсаулық сақтау саласында 19 мың адам еңбек етеді. Тұрғындарға 600-ден астам медициналық мекеме сапалы қызмет көрсетіп келеді. Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі 59 пайызға өсіп, 2017 жылы 83,6 млрд теңгеге жетті. 2017-2018 жылдар аралығында 22 медициналық нысан салу жоспарланып отыр.