Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браунмен кездесті.
Екіжақты кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта банктің қатысуымен жалпы құны 8,1 млрд. доллар болатын 46 жоба іске асырылған.
Г.Әбдіқалықова биыл Дүниежүзілік банк пен Қазақстанның ынтымақтастығына 25 жыл толып отырғанын атап өтті. Банк ширек ғасыр ішінде еліміздегі жекеменшік секторды дамытуға, құрылымдық реформалар жүргізуге және инфрақұрылымды жақсартуға өзіндік үлесін қосты.
Мемлекеттік хатшы Қазақстанның 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндетін алға қойып отырғанын атап өтті. Ел Президенті Н.Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру міндеті қойылды.
Гүлшара Әбдіқалықова 2017 жылы Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингі бойынша 190 елдің арасында 51-ші орыннан 35-ші орынға көтерілгенін атап өтті. «Тәуелсіздік жылдарында елімізге келген шетелдік тікелей инвестицияның жалпы ағыны шамамен 280 млрд. доллар болды», – деді Мемхатшы.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамытудың қазіргі қарқынына ризашылық білдірді.
Кездесу соңында ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова мүше елдердің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету жолында Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі А.Браунға сәттілік пен табыс тіледі.