Астана процесі: Сириядағы шиеленісті шешудің жолы – бейбіт келіссөздер

/uploads/thumbnail/20170710130623854_small.jpg

Астана процесі қатысушыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үндеу жолдады. Жалпы келіссөздер жабық өтті. Кездесу барысынан елордаға арнайы келген 25 елдің 400-ге жуық тілшісі тікелей хабар таратты. Бұл туралы  Қамшы  ақпараттық агенттігі  Хабар арнасының мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
Ресми Дамаск пен Қарулы оппозиция серкелері бүгін бірінші рет келіссөз алаңында бас қосты.  Ресей, Иран, Түркия, АҚШ, БҰҰ-ның өкілдері де солармен дөңгелек үстелдің басында жиналып, Сирияның тағдырына қатысты күрмеуі шешілмеген мәселелерді қаузады. 
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары: -Бұл кездесу 8 ақпанда Женевада өтетін жиынның алдындағы дайындық іспепті шара. Бірақ Астана процесі Женева келіссөздерінің баламасы емес. Керісінше, оны толықтырып, лайықты үлес қосады деуге болады.   
Екі күн өтетін басқосуға Қазақстан билігі қатыспайды. Біздің ел тек ашық пікір алаңын ұсынып отыр.  Бұл ретте Қазақстан тараптарға тең жағдай жасағанын атап өту керек. Оны мынадан-ақ аңғаруға болады.  Таныстыру парақшаларына екі жақтың атын атап, түсін түстемей, тек Сирия Араб Республикасы деп жазған. 
Елбасы тараптарға Үндеу жолдады. Оны қызметіне жуырда ғана кіріскен еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқыды.
 Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі: -Шамамен 6 жыл бойы жалғасып жатқан қантөгіс түрлі өркениет пен мәдениет тоғысқан өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ештеңе әкелмеді. Бейбітшілікті насихаттайтын Қазақ елі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнап, беки түсуіне мүдделілік танытады, - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев.
Алайда 6 жылға созылған Сирия қақтығысының жайы Астанада бір күнде шешіле қоймасы анық. Келіссөздің қиын болатынын шетелдік журналистер де айтып отыр.
Андрей Афанасьев, шетелдік журналист : -Бұл жиынға оппозициялық топ өкілдерінің қатысқаны қызығушылықты арттырып отыр. Себебі Сирия оппозициясы деген түсінік біркелкі емес. Ондаған саяси күштің әрқайсысы өзін «сириялық оппозиция» деп атайды. Мен геосаяси бағдарламаның авторы ретінде делегаттардың пікірін білгім келеді.  
 Астана процесін бүкіл әлем бақылады. Тілшілер нәтижесін күтіп, соңғы мәлімдемелер «Қазмедиа орталығынан» тікелей эфирде таратылды. 
Үстел басында кім, қалай және кімге қарсы отырғандығын да қалт жібермеді. Көптен күткен диалогқа бақылаушы ретінде қатысқан АҚШ елшісі БҰҰ-ның өкілі мен сириялық оппозицияның дәл ортасында отырғанын да жарыса жазды. Астана процесінен хабар таратуға келген сириялық тілші Алла Ибрагим сондағы қайғы жайлы ой бөлісті. 
Алла Ибрагим,  тілші /Сирия/: -6 жылға созылған соғыс халықты әбден шаршатты. Мысалы Дамаскіде 22 күн ауызсу болған жоқ. Оқтын-оқтын жарық өшіп тұрады. Халық бейбіт күнді аңсайды. Атылған оқтың дауысынан әбден жалықты. Сондықтан біз осы  келіссөздерге үлкен үміт артып отырмыз.
Зайнұр Байжігіт, тілші : -Сириядағы жағдай бүгінде әлемдік қауымдастықтың бас қатырған басты мәселесіне айналған. Себебі оның кері әсерін сириялықтар ғана емес, жаһан жұрты да сезіп отыр. Терроризм таралып, заңсыз миграция белең алды. Сондықтан Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем Сирия мәселесін бейбіт шешуге мүдделі. Сол себепті Астана процесінің маңызы      өте     жоғары. 
Шолушы: Ақерке Маратқызы

 

Қатысты Мақалалар