Мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауларының бірінде: «Агроөнеркәсіптік кешен туралы айрықша айтқым келеді, оның дамуы арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспортты әртараптандыруды шешеміз» деп атап өтті. Расында да кез-келген елдің дамуы өзінің тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне тікелей байланысты.. Мемлекет экономикасының өзегі саналатын аграрлық сала алдында тұрған міндеттер мен межелер де ауқымды екендігі рас. Бұл тұрғыда Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі мен оны шешудегі және аталған саладағы инновациялық ілкімді істерді іске асырудағы агроөнеркәсіп кешендері және орталықтарының мүмкіндігі мен басымдықтары айтарлықтай екендігі жасырын емес.
Осы орайда, университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Ғалымқайыр Мұтанов: «Жаңа индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының бесжылдығында қазақстандық жоғары оқу орындарының алдында модернизация бойынша ауқымды міндеттер тұр. Қазіргі күнде университеттер ғылым мен инновацияға басымдық беруі қажет» деген еді. ҚазҰУ қалашығында студенттер тәжірибесін кеңінен жүргізу мақсатында жасыл технологиялар аймағында құрылып, жылыжай және аквапоника, жел энергетикасы мен қатар биогазды құрылғы іске қосылды. Ондағы басты мақсат Альтернативті энергия алудың тәсілдерін толыққанды меңгеру мен қатар ЭКСПО – 2017 Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық көрмеге қойылатын университет жас ғалымдарының ғылыми-инновациялық жаңалықтарының алғышарты ретінде іске қосылды.
Биылғы жылы университет Агробиостанциясында ауылшаруашылық саласындағы ғылыми-инновациялық жұмыстар мен биология және биотехнология мамандығының 3 курс студенттерінің өндірістік практикасы қарқынды түрде жүргізілді. Бұл тұрғыда жалпы 10 гектарды құрайтын ғылыми-өндірістік орталық аумағында 3 гектарға жуық алқапта бидайдың ерекше сұрыпы, 2 гектар аумақта жоңышқа, 3 гектардан астам жерге картоп, сәбіз, қызанақ, қияр, тағамдық және сәндік асқабақ, қауын, болгар бұрышы, орамжапырақ, аскөк және сыпырғы өсірілуде.
Өндірістік практика басталысымен, техникалық қауіпсіздік шараларымен және территория ережесімен толығымен таныстырылған студенттер Агробиостанция аумағындағы нысандарымен, аула ағаштарының санын анықтау, ақтау, шағын жылыжайда (көшетхана) бір жылдық гүлдерді отырғызу, суару және баптау шаралырына жұмылдырылды.
Tr Aestivium L 42 хромосомада А,В,D геномдарға орналастыру тәсілінің сызбанұсқасын құрастыру, реципиент және донор сорттарының хромосомаларын ауыстыру үшін сызбанұсқа құруды және аумақтағы флорадан: өсімдіктерден гербарий жинап, олардың морфологиялық қасиетін, класын, типін анықтады. Топырақ құрамында кездесетін азот фиксациялаушы бактерияларды анықтап, микроскоп арқылы бақылады. Салауатты өмір салтын ұстанатын белсенді студенттерінің қыздар командасынан волейболдан спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаз командаға сыйлықтар мен алғыс хаттар үлестірілді.
Биология және биотехнология факультетінің деканы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор Болатхан Заядан және Биология және биотехнология мәселелері ҒЗИ директоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Амангелді Бисенбаев практикадағы студенттерге ақыл-кеңесімен бірге, ғылыми-инновациялық жаңалықтарымен бөлісе отырып, болашақ биолог мамандарға жігер беретін семинар өткізді.
Құттымұрат ТАҒАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Агробиостанциясының директоры, Оқу агробио-зертханасының меңгерушісі