Басқа тілде сөйлегеніміз өз тілімізді жоққа шығарғанымыз емес пе?!

/uploads/thumbnail/20170708155256970_small.jpg

Осы қазақ тілі туралы, нақтырақ айтсақ, тіл қолданысының теріс жақтары туралы айтқанда, бар кінәні шала қазақтардың онсыз да шарадай болып жүрген шақшадай басына үйіп-төгіп қоятындар көп. Ал таза қазақтар не істеп жүр? Қандай да бір қоғамдық орынға: дүкенге, дәріханаға, поштаға, оқу орындарына (т.б.) кіргенде, әп дегеннен орысша сөйлейтін сол өзіміз емес пе?! Алдыңда қазақ тұр, келесің де орысша амандасасың, телефон тұтқасын көтересің де, тағы да орысша бастайсың, сосын айтарыңды айта алмай, айтайын десең, сөз таппай, қақалып-шашалып, қалтырап-дірілдеп қаласың. Ойыңды шатып-бұтып жеткізсең, жеткіздің, жеткізбесең, орысша сайрап отырған көк қасқаның жер-жебіріне жетесің (тұтқаны қойғаннан кейін, дүкеннен шыққаннан кейін, әрине). Сосын қазақ тілінде ешкім сөйлемейтіні туралы ат төбелінде көпіріп тұрып әңгіме айтасың. Өтірік деңіздерші. Дей алмайсыздар, өйткені дей алатын таза қазақтың 10 процент дара қазағы бәріне жетпейді! Мен статистика жүргізген жоқпын, бірақ өзімнің айналамда жүрген адамдардың қылығынан түйгенім осы.

Алтынбек Сәрсенбаевтың мынадай сөзін кездестірдім: «Қазақ тілі жайында жылаңқы 40 мақала жазғанша, 40 адамды қазақ тіліне үйретіп шығарғанымыз артық». Өткенде Н. Назарбаевтың Ұлытаудағы сұқбатында «Тілді бар десең, бар болады, жоқ десең, жоқ болады» дегенін естідім, философиялығы бар, бірақ шындығы осы ғой. «Сізге черный чай ма?» дейтін даяшылардан «Қазақтарда черный түс жоқ па?» деп сұраймын. Бір сөзді басқа тілде айту арқылы өзіміздің тілімізде ондай сөздің (тіпті ондай ұғымның) жоқтығын білдірсек, қажеті болмаса да басқа тілде сөйлегеніміз өз тілімізді жоққа шығарғанымыз емес пе?! Қазақ тілінде сөйлеуге қажеттік болмаса, ол тіл кімге, неге керек? Тілге деген мұқтаждықты тудыратын таза қазақтар, ендеше өзімізді жөндейік – нәтижесі көп күттірмейді.

gulfairuz isa

Гүлфайруз Иса. (Facebook-тегі парақшасынан)

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар