Алдағы 2-3 жыл ішінде Қазақстан мен Әзербайжанның өзара сауда айналымы ұлғаяды. Бұл туралы Қамшы ақпараттық агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. Экономикалық байланысты арттыра түсу мақсатында екі елдің өндірушілері жиі бас қосып, қос тарапқа да тиімді шарттарға қол қойылып жатыр. Әзербайжандықтар Қазақстанды әлеуеті жоғары маңызды сауда әріптес ретінде қарастырады. Былтыр екі елдің арасындағы сауда айналымы 124 млн доллардан асты. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8%-ға өсіп отыр. Алайда әлемдегі экономикалық ахуал төмендемес бұрын екі жақты сауда 3 есе артық болған. Қазір тараптар бұрынғы ынтымақтастық деңгейіне қайту жолдарын қарастырмақ.
Руфат Мамедов, Әзербайжанның экспортты қолдау және инвестициялар қорының басшысы: - Біз Қазақстанның бірқатар өңірімен экспортты реттеуді жоспарлап отырмыз. Тек ауыл шаруашылығы өнімдерін ғана емес, өнеркәсіптік тауарларды да жібереміз. Қазақстандық өндірушілерді өз елімізге шақырып, бірнеше келісімге қол қойдық.
Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметтеріне үңілсек, 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның Әзербайжанға экспорты жалпы шетелге жіберілген тауарлардың 2,5%-ын құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2%-ға артық. Әзірбайжанның да бұл бағыттағы жетістіктері аз емес. Жергілікті экономикалық реформаларды талдау орталығының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан экспорттық тапсырыстар көлемі бойынша көш бастап тұрған 5 елдің қатарына кіреді. Жақында Әзірбайжанға жаңа қазақстандық электровоздар жеткізіле бастайды. Бұл туралы келісім 3 жыл бұрын жасалған.
Экономикалық байланысты әрі қарай нығайту жоспары үкіметаралық комиссияның келесі отырысында құрылады. Ол үшін арнайы жол картасы әзірленді.
Шолушы: Айгерім Таубай