Пхеньян Сеулді қиын жағдайда қалдырды

/uploads/thumbnail/20170710162123131_small.jpg

Пхеньян құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырып, Сеулді қиын жағдайда қалдырды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі 24.kz-ке сілтеме беріп. Бұл туралы 24.kz-ке берген сұхбатында оңтүстіккореялық қарусыздандырылған аймақты зерттеу институтының профессоры Пак Ёнг Мин мәлімдеді. Оның айтуынша, зымыран екі ел үшін маңызды күнде ұшырылып отыр. Себебі 1972 жылдың 4 шілдесінде Оңтүстік пен Солтүстік Корея жарты аралдары арасында бірлескен мәлімдеме жарияланған болатын. Құжаттың басты идеясы – екіге бөлінген Корея сыртқы күштердің қатысуынсыз бірігуі тиіс. Оңтүстік Кореяның елу миллионнан астам халқы бар. Оның шамамен жиырма миллионы Сеулде тұрады.

Ел астанасы Солтүстік Корея шекарасынан 50 шақырым жерде орналасқан. Бірақ профессордың пікірінше, Оңтүстік Кореяға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Өйткені елді қорғау үшін бар жағдай жасалған және бейбіт келіссөздер жүргізу тәжірибесі де жоқ емес. Пак Ёнг Мин, қарусыздандырылған аймақты зерттеу институтының профессоры: – Жағдай қауіпті, өйткені солтүстіктегі ел ядролық қаруды жылдан жылға жетілдіріп келеді. Құрлықаралық баллистикалық зымыран бес мың шақырымнан аса қашықтыққа ұша алады. Президентіміз Мун Чже Ин Солтүстік Кореямен бейбіт келіссөздер жүргізуге ниетті. Бұл туралы ол АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесуі барысында да айтқан еді. Ақ үй басшысы бұл шешімімен келісті. Солтүстік Корея ядролық қаруды таратпауы тиіс. Пхеньян тек осы шартты орындаған кезде ғана Мун Чже Инның стратегиясы жүзеге асуы мүмкін. Ал бүгінгі зымыран ұшыруы Сеулды ыңғайсыз жағдайда қалдырды-деп атап өтті.

 

Қатысты Мақалалар