Қазақтың ер жігіттері жайлы сын айтуға болмайды... Барлығына кінәлі «қазақтың қыздары...»

/uploads/thumbnail/20170710162239745_small.jpg

Қыз – ұлттың айнасы. Ер жігіт – елдің қорғаны. Ал қазіргі таңда қазақ қыздарын бүкіл әлемге масқара етіп жариялап, көрсетіп отырған түрлі видеолар, суреттер интернет желісінде өте көп. Күннен-күнге олардың саны үдей түсуде. Ең сорақысы, мұндай видеолар мен суреттердің авторлары – өзіміздің қазақтың қарапайым ер жігіттері, азаматтары.

Кез келген әлеуметтік желіні ашып қарасаңыз «Қазақ қызының бүгінгі сиқы мынандай» деген тақырыппен жарияланған түрлі фотолар, видеолар, одан қала берді отандық БАҚ беттерінде жарияланып жатқан түрлі мазмұндағы мақалалардан көз сүрінеді. Ал «қазақ ер жігіттерінің бүгінгі сиқы қандай? Олардың санасы сол бір видео мен фотодан әрі асып кете алмағандығы ма?

Иә, ол видео, фотолардағы қазақ қыздарының іс-әрекетін ақтап алайын деп жатқанымыз жоқ, олардікі мүлде дұрыс емес. Алайда, расымен де қазақ ұлтына жанашыр болған адам сол масқаралықты бүкіл елдің алдына жайып салады ма? Қазақ халқының болашағына, келешек ұрпағына қам жеген адам қазақ ұлтының, қыздарының осал тұсын, өрескел қателіктерін, елді қаралайтын ұятты тірліктерін бүкіл әлемге таралатын әлеуметтік желіге жүктеген ер-азаматтардың қылығын қалай түсінуге болады?! Расымен де, қазіргі қазақ жігіттері ұсақталып, саналары соншалықты төмен түсіп кеткен бе? Бұл сұрақтар төңірегінде ойланып көрген адам, еліміздің бұлыңғыр болашағын да көре алады.

Қазақ ұлты дін мен дәстүрді бір-бірімен сабақтастыра отырып, ортақ қағидалар ұстанатын халық екендігіміз мәлім. Алайда, «Кім де кім өзге адамның айыбын жасырып қойса, Алла да ол адамның айыбын жасырады» деген құранда аят бар емес пе. Егер бұл сөздердің түпкі төркінін ұққан болсақ, біздің мұсылманшылдығымыз қайда кетті?

Әлеуметтік желіде таралған «қазақ қыздарының» ұятты видеолары немесе фотоларын жолдаған автормен тілдесіп көрсеңіздер, кез келгенінің айтатыны «Өзгелерге сабақ болсын» деген сөздер. Ал адамның психикасын, ойын бұзатын мұндай провокаторлық видео, фотолар өзгеге қалайша сабақ болады?!

Әлеуметтік желі – еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін қолданатын, ақпарат алмасуға ең қолжетімді құрал болып табылады. Соны біле тұра қазақ қыздарының намысын жерге таптап, масқаралайтын материалдарды қайта-қайта жүктейтін адамдарды қалай түсінуге болады? Ең сорақысы, көшеде қандай да бір оқиға орын алмасын, ең алдымен көмекке емес қалтасындағы ұялы телефонына жармасатындардың басым көпшілігі – ер жігіттер. Қазақ қызы көшеде ұйықтап жатса да, құлап жатса да, өзге ұлт өкілімен кетіп бара жатса да, елдің алдында масқаралау мақсатында оларды видеоға немесе суретке түсіретіндердің дені ер адамдар. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөздің мәнін ұмытып кеткен секілді.

Ащы суға сылқия тойып алып, жерге домалап жатқан қазақ қызын көргенде кез келген адамның ашуға булығары сөзсіз. Иә, бұл іс әрекетінен қызды ақтап ала алмаймыз. Алайда, бар кінәні бір қыздың мойнына артқан дұрыс па? Ал ол бойжеткенді сондай күйге түсірген адамның, оны видеоға, фотоға түсіріп алып бүкіл елге мазақ қылған адамның еш кінәсі жоқ па? Қыздар өздігінен жаман жолға салынып, арын аяққа таптатады ма? Әрине, жоқ! Демек, оның мұндай күйге душар болуына міндетті түрде бір факті әсер етеді.

Олардың іс-әрекетін дұрыс десек, біз өзіміздің санамыздың қаншалықты деңгейде төмен түсіп кеткендігін көрсетеміз, көрсетіп те жүрміз. Кез келген әлеуметтік желіні ашып қалсақ, оғаш қылығымен желіні шулатып жатқан қазақ қыздарының немесе басқа да жалаңаш қыздарды талқылап жатқан бір топ сыншыларды көресің, негізінен пікір білдірушілер қазақтың ер азаматтары, жасы да, кәрісі де бір жерге жиналып бір қыздың қылығын кешке дейін түгін қалдырмай талдап тастайды. Ал шын өмірде өздері сондай оғаш қылық жасап жатқан қыздарға жолықса, қолдарынан бар келетіндері – телефонын алып, суретке түсіру.

Қазіргі ер азаматтар көшеде ес-түссіз жатқан қыздарды көрсе, алдымен мәселенің анық-қанығына жетпей жатып, оны дереу телефонға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеп жатады. Ал, ол қыздың басынан қандай оқиға өткендігін білмеген адам ол жайында қандай да бір сөз болсын айтуға құқылы емес. Ал желі қолданушыларының пікірін оқитын болсақ, барлығы да «қазақ» деп жүрегі соғып, қазақ қыздарының намысы үшін арпалысып жүрген жандар секілді. Расымен де, жаны ашып, қыздардың намысын ойлаған адам болса, ең алдымен мәселенің төркінін анықтап, шындыққа көз жеткізе білген абзал. Қазіргі таңда бір сәттік ләззәт үшін барын салып, неше түрлі қитұрқы жоспарлар құрып, өздерінің құмарынн қандыру үшін кез келген әрекетке барады. Қыздарды алдап-арбау, түрлі уәде беру, сусынына түрлі зиян заттарды қосып ішкізу – мұның барлығы да қоғамда орын алып жатқан оқиғалар. Ал сондай оқиғалардың құрбанына айналған қызды кейіннен бүкіл қауым болып әлеуметтік желіні шулата отырып талқылау – бүгінгі қоғамның басты дерті болып отыр.

Мұндай масқара оқиғаларды әлеуметтік желіге не үшін жүктейді? Олардың көксеген мақсаты не? Өздерін «қазақ елінің жанашыры» ретінде дәл осылай көрсетпек ой ма әлде өздерінің қаншалықты намыссыз екендіктерін дәлелдемек пе? Әлеуметтік желіге жүктегеннен соң оның астында «Жарайсың!... Қазақтың қыздары оңбаған... Ондайларды елдің алдында масқаралау керек!... Қазақтың нағыз намысты жігіті екенсің... Ұлттың жанашыры...» деген сынды көптеген пікірлер жазылады. Бұл дұрыс па? Шынымен де жаны ашыған, қыздардың намысын ойлаған жігіт ең алдымен оған көмек көрсеткені абзал емес пе?

Намысты ер жігіттер қандай да бір жағдай болмасын ол телефон мен әлеуметтік желінің қамын ойламайды, сол жерде масқара болып жатқан қазақ ұлтының намысын, ертеңін ойлайды. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Қазіргі кезде біздің ұлтымызға, әсіресе, қазақ қыздарына қатысты айтылып жүрген кереғар пікірлер мен жаға ұстатарлық әңгімелер өте көп. Олар қалай көбейеді, қазақ қыздарының арын аяққа таптаушылар қайдан шығады? Оның барлығына да себепкер өзіміз. Мұндай жағымсыз, намысқа тиетін сөздерді тоқтату үшін, ең алдымен өзімізді түзетуіміз қажет.

Көпке топырақ шашуға болмайды, әрине. Дегенмен, қазіргі кезде ақылдың емес ашудың жетегінде кетіп әрекет ететін ер азаматтар өте көп. Қазақ қыздарын әлемге масқаралап, ұлтымыз жайында теріс ұғым туғызуға себепкер болып отырған, қыздарымыздың намысын қорғай алмаған ер азаматтар болашақта елімізді қорғай алады дегенге күмән туады.

Бәлкім, менің бұл пікіріме ер адамдар қауымы қарсы шығар, ұната қоймас. Себебі, қазақ жігіттері жайлы сын айтуға болмайды, барлығына кінәлі тек қана «қазақтың қыздары...»

Авторы: Назерке Лабихан

Қатысты Мақалалар