Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» романын оқымаған жан кемде-кем. Алайда, эпопеяның басты кейіпкерінің бірі, Абайдың ғашық болған қызы Тоғжан туралы әрбір оқырман біле бермейтіні де анық. Тоғжанды көзі көрген, сол адамдарға қызмет жасап, қолында өскен, Жуантаяқ (Маржа) руынан шыққан Тұрғанбай деген ақсақал шежіреші Исабаев Бекен ақсақалға (84 жаста) Тоғжанның жерленген жерін көрсеткен екен. «Осы жердің тумасы (1905 жылы туған), көп жылдар ел басқарған, 16 жыл Абай ауданының «Социалистік мал шаруашылығы» газетінің редакторы болып қызмет істеген Сәду Ақберенов ақсақал «анам Шәпиқызы Шәуенбайды 1962 жылы Тоғжан мен Аққозы бай жатқан қорымға әкесі Шәпидің жанына жерледік» деп айтқанын естелік қолжазбаларынан оқып едік. 1985 жылы сол қорымға тоқтап, Сәду ақсақалдың құран оқығанына куә болдым. Жерленген адамдар туралы айта келіп, Сәду ақсақал Тоғжан анамыздың қабірін көрсетіп еді. Ол кезде салынған зират жер болып, орны ғана қалған екен. Осы қорымға Тоғжан Сүйіндікқызының жерленгендігін «Тобықты – Шыңғыстау шежіресінің» авторы Молдабек Жанболатұлы, ауыл ақсақалдары Кәмәл Мұқанов, Райысхан Оспанов, Елубай Алиндер де растайды. Осындай нақты деректерге сүйене отырып, Тоғжан анамыздың жерленген жеріне ешқандай күмән болмауы керек деп есептейміз», – дейді өз әңгімесінде Мүбәрәк Мұхтарұлы. 1990 жылдары Мүбәрәк Мұхтарұлы сол кездегі ауыл басшыларымен қорым басына барып, жер тарихын білетін көнекөз адамдар бар кезде Тоғжанның басына белгі қойсақ деп ақылдасып тарқасқан-ды. Бірақ іле-шала шаруашылық таратылып, мал-мүлік, жер халықтың пайына үлестіріліп берілген. Бұрынғы басшылар пайларын алып, жеке-жеке қожалықтар құрып кетеді. Жаңа құрылған ауыл әкімдігі құптай қоймай, бұл іс аяқсыз қала береді. Ұлы Абайға деген шексіз құрмет, оның айналасында болған адамдарға сүйіспеншілік осы өңірдің әрбір азаматына үлкен жауапкершілік жүктейді. Сөзімен емес, тындырған ісімен танылып, ұрпақтық парызын сезіне білген азаматтар аз емес. Осы бір ойдағы орындалмай жүрген жұмысты Мүбәрәк Мұхтарұлының баласы, «Тоқтамыс» ауылындағы «Дулат» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет өз мойнына алып, белін бекем буып іске кіріседі. Көп уақытты созбай өз қаражатына тас белгі мен темір қоршауды тиісті орындарға жасауға тапсырыс береді. Игі істің сәті түсіп, 15 қазан күні Тоғжан анамыздың жатқан 720 м² жер арнайы жасалған шарбақтармен қоршалып, басына белгі тас қойылды. Зират қорым Абай ауданына қарасты Тоқтамыс ауылынан оңтүстікке қарай үш шақырым, «Аққозы» қыстағынан солтүстікке қарай үш шақырым мөлшерінде орналасқан. Белгі тасқа «Абай жолы» эпопеясының бас кейіпкерінің бірі Сүйіндік қызы Тоғжан (Доғал) Найман келіні, руы Бөкенші, 1844–1928 ж.ж. өмір сүрген. Келер ұрпақ үшін ескерткіш. Мұхтаров Дәулет Мубарак ұлы. 2014 жыл» деген жазулар жазылған. Жұмыс аяқталған соң құран бағышталып, аруақтар рухына арналып хатым түсірілді. Иә, Тоқтамыс ауылының жерінде Абай, Шәкәрім, М.Әуезовтердің ізі қалған орындар баршылық. Үш алыбымыз жүрген жерлердің әрқайсысы болашақта тарихи орынға, ал Абай ауданы туристік аймаққа айналса нұр үстіне нұр болмақ. Дәулеттің әкесі, Абай ауданының Ақбұлақ, Қызыл ту совхоздарында басшылық қызмет жасаған Мүбәрәк Мұхтарұлынан осы игі іс жайлы естіп, оқырмандармен бөліскенді жөн көрдік. Еш туыстығы жоқ адамның Тоғжан анамыздың аруағын сыйлап, белгі тас қойып, қоршауын жасаған осындай ізгі ниетті адамның жанашырлығы көпке үлгі боларлық іс. Дәулет Мүбәрәкұлына Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі атынан көп рахметімізді айтып, жақсы істерің жалғасын таба берсін демекпіз.
Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі.
"Қазақ әдебиеті" газеті