("Қазақ еліне - 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне)
Арылу
(Өлеңдер топтамасы...)
* * *
Азуын айға білеген Арыстандарым-ай!..
Жерім жатқа кетпесін деп,
Артымда қалған көбеген
Жат жұртқа құл боп өтпесін деп –
Қаныңды төктің!..
... Не таптың?!
Аңсаған таңым атқан шығар деп,
Қорлығы жаттың батқан шығар деп –
Барымды төктім!..
... Не таптым?!
* * *
«... Ғасыр атымен ант етемін!..»
Ғасыр сүресі, 1 аят. ...Өкінішті!
Мынау дүлей ғасырдың беті күшті.
Әділдіктің кісендеп аяқ-қолын
Төбесіне көтерген өтірікті!..
Өкінішті!..
Жеркенішті...
Танымайтын топастар оң-терісті,
Талапайға түсіріп, тоз-тоз етіп
Түгесуге айналды жер – кенішті
...Жеркенішті!
Жаратқан-ай!..
Жалмауызға күнімді қаратқан-ай!..
Барыңды алған, бойдағы нәріңді алған
Басқа шықты қансорғыш балақтағы-ай!..
...Жаратқан-ай!
Кім кінәлі?!.
...Түн өткен соң күмәнсіз Күн шығары!
Сергелдеңге салғандар сендердің де –
Бастарыңа туады бұл күн әлі!..
...Кім кінәлі?!
* * *
«... Кімде-кім азса Алла олардың
мәулітін ұзарта береді... »
Мәриям сүресі, 75 аят.
20 – 50
Құдай бізге берген екен, берген екен мол қылып
Жеріміздің асты-үстін қазынаға толтырып!..
Қанша шашса сарқылмайтын бұл не деген кеңшілік –
Қанша алса да таусылмайтын бұл не деген молшылық!
Құдай өзі берген екен, берген екен аямай!..
Жабыла кеп таласа да балға қонған арадай,
Жабыла кеп тонаса да жан-жағына қарамай –
Тәңірі өзі несібесін артық еткен қазақ-ай!..
Құдай өзі жаратқан соң етек-жеңін кең қылып,
Оңын солға, жоғын барға, барын нарға тең қылып!..
Кеңдігі мен теңдігінің тағы ретін келтіріп –
Артын асыл шежіре қып, алдын даңғыл жол қылып!
Құдай өзі берген шығар кең пейілді халқыма,
Еліне сай ерлерім бар күн көрікті, тау тұлға!..
Бүкіл әлем таң қалуда байлығыңа, даңқыңа –
Қазақ болып кеткен жоқ па ұйғырың да, сартың да!..
Құдай өзі қуат беріп,
Тәңір жолды оңғарсын!
Қолтығыңнан Қызыр демеп, періштелер қолдасын!
Күншілдердің көзі шығып, сағы сынып сорласын –
Жетсек жеттік, жете алмасақ – артымызда сөз қалсын!..
* * *
Бар менен жоқтың арасы
Жер менен Көктей қарашы.
Көрінген итке жем болды-ау
Қазақтың қара баласы!..
Қазақтың қара баласы,
Ішіне толып наласы
Қарайды көкке қайда деп –
Жазылмас дерттің дауасы?!
Жоғыңды жұрттан жасырып,
Барыңды елден асырып,
Жүргенде жоққа бас ұрып –
Барлығы кетті сатылып!..
Алтыны кетіп – тас қалды,
Асылы кетіп – нас қалды...
Өлсе де көзі тоймайтын
Құлқыны жаман «аш» қалды!..
Тексіздер таққа отырды,
Ұлтан құл салды кесірді.
Жағымпаздарға жал бітіп –
Ұры мен қары есірді.
Өлейін десе ажал жоқ,
Көнбейін десе амал жоқ!..
Тірлігі бүйткен құрысын –
Әйтеуір жүрген адам боп!..
Көрмеген кебің көп екен,
Ажалың бірақ жоқ екен...
Тірі өлік бол да жүре бер
Тіршілік тәтті дегенмен!..
...Бар менен жоқтың арасы
Жер менен Көктей қарашы.
Көрінген итке қор болды-ау –
Қазақтың қара баласы!..
Екі бас...
...Махамбеттің басын алып,
Айырылдың тіліңнен!
Жарқылдаған жасыныңнан –
Саңқылдаған үніңнен!..
Махамбеттің басын шауып,
Айрылдың Рухтан!
Тіршілігің – салқын табыт,
Тамырыңда суық қан!..
Махамбеттің басын кесіп,
Айрылдың шындықтан!
Қайта өмірге келсең де енді –
Құтылмайсың құлдықтан!..
Махамбеттің басын сатып,
Айрылдың арыңнан!
Енді міне, құтың қашып –
Құлға айналдың жағынған!..
...Хан Кененің басын алып,
Айырылдың тәжіңнен!
Елдігің мен теңдігіңнен –
Ерлігің мен сәніңнен!..
Хан Кененің басын шауып,
Айрылдың тағыңнан!
Бойыңдағы асылың мен
Басыңдағы бағыңнан!..
Хан Кененің басын кесіп,
Айрылдың басыңнан!
Тобыр болдың көтке теуіп
Кім-көрінген басынған!..
Хан Кененің басын сатып,
Айрылдың намыстан!
...Қайран, менің бассыз елім –
Қайран, екі Арыстан!..
* * *
«... Адамдардан есеп алатын уақыт таяды,
бірақ олар қаперсіз күйде... »
Та-һа сүресі, 79 аят.
Арылу
...Жетем деп жарлы байға, бай құдайға
Жарысқа жанталасқан жан шыдай ма?
Бұл жалған, боқ дүние жоқ секілді
Бір күні өтер деген ешбір ойда!..
Келмейтін сирағынан Сырдың суы,
Билік пен дүниенің буған жыны,
Алланың атын білмес арсыздар мен
Алаяқ, арамзаның туды күні!..
Ел анау – айырылған ерікінен,
Жер мынау – жан шошырлық көрікінен!..
Ерлердің есі кетіп еліреді
Билік пен дүниені бөлісуден!
Тырбаңдап тіршіліктің түнегінде,
Білсе де жеңілерін түбі өлімге.
Біткенше ақтық демі арпалысқан
Адамға қанша керек бұл өмірде?!.
Тәңірім тартқызбасын жан азабын,
Фәниден сен де бір күн жоғаларсың!..
Арқалап алып кеткен адам бар ма –
Артыңда ойладың ба не қаларын?!
Алайда, айтылған сөз – атылған оқ,
Дертімді әуре болман жасырған боп...
Мықтылар менсінбейді біз байғұсты
Дегендей ақша жоқта – ақыл да жоқ!
Мейлі ғой, кімнің қанша шаруасы бар,
Көзіне ілмегені жөн де шығар?..
Тоқтыққа адам, шіркін, қой ма шыдар
Көп болса ол да өзімдей пенде шығар?!
Амал не, заң да басқа – заман басқа,
Арың да, асылың да, анаң да – ақша!
Жаным-ау, жеңілмеске шараң қанша
Бұл күнде құдірет жоқ одан басқа!..
«Бар жақсы батырлықтан, биліктен де,
Әр істі ақша бұзар киліккенде!..»
Бай болса жасық артық асылыңнан –
Бар болса жаман озар жүйріктен де!..
Алмағайып өлара кезде мынау,
Салмаса да ойға – шек, қолға – бұғау...
Бір тамақтан басқа ойлар шамасы жоқ
Талай сорлы қалқиып зорға жүр-ау!..
Жаныма желеу етіп өлеңімді,
Күтемін алабұртып келер күнді.
Беймезгіл лайлаған тереңімді
Білмеймін бұл өмірге не дерімді?..
Жазар, бәлкім, жүректің жарасын күн,
Қажеті не тартысып, таласудың?..
«...Өлсең орның қара жер, сыз болмай ма?..»
Бір болмай ма ханың кім, қарашың кім?!.
Жанымды жегідей жеп нала, күдік
Көңілім құлазыды қазан ұрып...
Ақынды адамзаттың күнәсі үшін
Тәңірім жаратыпты жазалы қып!
Алдымнан арайланып атқан таңдай,
Атқан таңдай, жаратқан жаққан шамдай...
Жоғалттым сенімімді – серігімді
Соғылды қара тасқа аппақ маңдай!..
Ауырды нар көтермес мен көтердім,
Білемін бір күн ақыр бел кетерін!..
Ақында айтып өткен арман бар ма –
Түймедей тисе болды елге себім!
Жаяулап жеткен кім бар жер шегіне,
Алланың амал бар ма бермесіне?!
...Айтсам деген сырым да, шыным да осы –
Тәңірдің Нұры түскен пендесіне!..
* * *
Қайран елім, қазағым қалың ірге
Ақыныңмын әрқашан жаны бірге.
Еске аларсың мені де күні ертең-ақ
Ақпандатқан аязды долы күнде!..
Сұм тағдырдан сан рет соққы жедім,
Ит тірлікте қаншама кетті кегім.
Өзім құлап жастам да Жаратқаннан –
Сенің туың тік тұрсын деп тіледім!..
Ақталғам жоқ көшімнен қалдым-ау деп,
Мақтанғам жоқ өзгеден оздым-ау деп.
Шағым айтпан саған да, сөнсем егер –
Күнім жетпей тым ерте солдым-ау деп!..
Бәрі Алланың қолында – білем оны,
Білем оны, мезгілсіз кім өледі?!
Өзің барда біз бармыз, ақыныңның –
Жаратқаннан жалғыз сол тілегені!..

Кенжебаев Тұрмағанбет Ердешұлы.
Астана қаласы.
Кенжебаев Тұрмағанбет Ердешұлы 1961 жылы 12 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Қызылкөл ауылында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетін бітірген. «Тарту», «Күміс бұлақ», «Жанымның жарық сәулесі» кітаптарының авторы. «Баянауыл басынан...», «Аллаға мадақ» және т.б. жыр жинақтарына өлеңдері кірген. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.
