Уильям Сефайрдың «Саяси» сөздігінде американдық арман (American dream) түсінігі туралы былай делінген: American dream – американың «негізін қалаушы – әкелермен» қалыптасқан бостандық немесе мүмкіндіктер идеалы; ұлттың рухани күші; егер де американдық жүйе американдық саясаттың негіз-қаңқасы болса, ал American dream оның жаны.
Біз «американдық арман» деп атайтын көзқарастар жиынтығы осы мемлекеттің 200 жыл бойғы тарихының мәдени мұрасы бола келе мемлекеттің жеткен ұлы жетістіктерінің негізін болып келді. Бірнеше ғасырлар бойы бұл арман елге келуші иммигранттарға есік ашты, американ азаматтарын олардың өмірде жетістіктерге жетуінің қозғалтқыш күшіне айналды, өзге ел азаматтарын басып озуға мүмкіндік берді. Әрбір американдық осы идея ұсынатындай тәуелсіз, еркін өмір сүруге тырысты. Олардың бұл талпыныстары мемлекеттен қолдау тапты, ал олардың әрбір президенттері өздерінің сайлау алды сөздерінде «американдық арманды» орындауға уәде беруді әдет етті. Осының бәрі АҚШ-тың әлемдегі №1 мемлекет болуына септігін тигізді. Ал бүгінде олар экономикалық, әлеуметтік, саяси және қорғаныс салалары бойынша көпшілік мемлекеттерді басып озатын, бай-қуатты мемлекетке айналды.
Сол секілді қазіргі таңда «еуропалық арман» тіркесі күнделікті өмірімізге еніп барады. Екі дүниежүзілік соғыс өртінің күлінен пайда болған бұл идея қажыған, әлсіреген Еуропаны біріктірді. Бүгінде 28 мемлекет өкілдік ететін бұл бірлестікті алғашқы трансұлттық бірлестік деп қарастырса болады. Одақтың пайда болу сәтінен бастап еуропалықтар өз мемелекеттерінің шегінен асып шығарытын, әлем елдерінің бір-бірімен терең байланыста жатқанын ұққанымен жаңа жаһандық сананы игере бастады. Бүгінде еуропалықтардың өмір сүру салты, сапасы, көзқарастарымен әлемнің басқа елдерінің даму және өмір сүру деңгейі анықталатыны барлығымызға айқын.
Екі «арманның», дұрысырақ айтсақ өмірге деген көзқарастың шығу тегі бір мәдениет болғанымен, екеуінің айырмашылықтары баршылық. Американдық көзқарас ұлттық мемлекет құрудың сәтті мысалы бола алады. Ол өз көзқарасында тек бір елдің, бір мәдениет мүддесінің шеңберінде қалыптасқан болса, еуропалық dream ұсынатын көзқарас американдыққа қарағанда мультимәдениетті, континенттік деңгейдегі бірлестік құруды сәтті көрсете алды.
Өз кезегінде, өзіне тән фанатизм мен утопиялық көзқарастар салдарынан сәтсіз аяқталған «әлем пролетариатын коммунизм туы астында біріктіргісі келген советтік арман» жайында да атап өткен жөн. Утопияға негізделген, әрі арты үлкен тоталитаризм мен жазықсыз адамдар өміріне құрылған жүйе қысқа уақыт ішінде әлем бойынша көптеген адамдардың жүрегін жаулап алды. Ғарышты игеру, ғылыми технологиялық прогресс пен индустриализацияға, жалпы адамзат тарихының дамуына едәуір септігін тигізді.
Барлық ұлы істер алдымен санада орын алып, ұлы мақсаттар жолында жасалады. Идеялар, ұлттық мұраттар қоғамның қозғалтқыш күші, қуаты болып табылады. Мұнсыз ұлы ашылулар мен істер мүмкін емес. Бүгінде әлемдік дағдарыс тек мемлекеттердің қаржылық, мемлекеттік басқару институттарын жанап қана қоймай, сол секілді рухани-мәдени, діни, идеологиялық институттарының дағдарыс көрсеткіші бола алады. Еуропалық құндылықтар мен көзқарастар аймаққа келіп жатқан мигранттар мен терроризм қаупімен беріктігі сыналып жатыр. Әлем діндерінің ішкі ресурстары бітіп, алғашқы қалпынан ауытқып кетті. Ал американдық dream-нің өзіне тән материализмге бағытталған көзқарасы әлемге қажетті идеализмдік, рухани серпін бере алмауда. Осы тұста болашаққа жаңа серпін бере алатын жаңа идеялардың қалыптасу процессі жүріп жатқаны да айқын.
Болашақ әлемнің көріністерін әлемнің прогрессивті ойларының еңбектері мен зерттеулерінен көруге болады. Солардың бір мысалы ретінде, АҚШ-тың Венус қаласында орналасқан халықаралық емес “The Project of Venus” жобасының зерттеулерін назарға алуға болады. Жак Фреско негізін қалаған жоба «саясатсыз, жоқшылықсыз, соғыссыз әлем» тұжырымын ұсына келе жоба мақсаттарында келесідей қазіргі таңда актуалді болып келе жатқан мәселелерді қозғайды: жеке мемлекеттердің ақшаға бағытталған экономикаларын ресурсқа бағытталған экономикамен алмастыру, адамзат санын олардың білім деңгейін өсіру арқылы ерікті түрде реттеу, қоршаған ортаны қалпына келтіру, адамзат игілігі мақсатында технологиялармен өзара алмасу, қайта қалпына келетін баламалы энергия көздеріне жаппай ауысу, адамның барлық түрдегі шығармашылық қабілеті мен бастауларын қолдау және т.б. Алайда, бұл жерде адамзат әлі қабылдауға дайын емес мақсаттар да бар: корпорациялар мен билік (жергілікті, ұлттық, трансұлттық және т.б.) түріндегі басқару түрлерінен бас тарту, мемлекеттік шекараларды жою, адамзатқа ортақ тіл енгізу, ұлтшылдыққа, идеологияларға негізделген ескі ұстанымдардан бас тарту және т.б.
Осы секілді болашақтың көрінісін келесі мысалдан да көруге болады. Үндістанның Тамил-Наду штатында іргесі 1968 жылы қаланған, ЮНЕСКО-ға қарасты әлем қаласы деп танылған Ауровиль қалашығы бар. Қаланың орыс тілді сайтында «Ауровиль – әлемнің барлық елдерінің адамдары асқан үйлесімділікте саясаттан, діннен, ұлттық ерекшеліктерден тыс өмір сүре алатын әлемдік мекен болуды мақсат тұтады. Ауровиль мақсаты адамзатты біріктіруді іске асыру» делінген. Қала тұрғындары коммунаға бөлініп өмір сүреді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. Бірақ,бұл тұрғындардың басты айналысатын шаруасы емес. Қаланың ерекшелігі – қала тұрғындары жан мен тәнді дамытуға арналған практикалармен айналысады. Осыған орай, қаланың қырық жылдығына сәйкес қала орталығына медитация жасауға арналған алтын түсті Матримандр сфералы ғимараты ашылған. Қала тұрғындағы ғимаратты адамның кемелдікке жетуге деген талпынысына берілген құдай жауабының символы деп таниды.
Бұл екі мысалдың қайсысы болсын болашақтың нақты сипаты деп айту қиын. Алайда, материализмге, ғылыми-технологиялық прогреске бағытталған біріншісі болсын, немесе рухани даму мен эзотеризмге негізделген екіншісі болсын, екі қарама-қарсы көзқарас та адамзаттың бірігуі туралы айтады. Бұл процесс бүгінде жаһандану деп аталады. Сол секілді екі көзқарас та саясаттан, діннен, ұлттық шекаралардан тыс әлемді қолдайды. Ол дегеніміз, болашақта басқарудың басқа түрлері пайда болатыны, шекаралардың шартты сипат алуы мүмкіндігін көрсетеді. Осы тұрғыда, біз адамзаттық прогресс қадамдарынан қалмай, заман ағымдарына дұрыс объективті баға бере отырып, болашаққа өз үлесімізді қоса отырып алда күтіп тұрған өзгерістерге өз пайдамызға сай икемделе білуіміз керек.
Сөз кезегінде, қазақстандық идея қандай, қазақстандық dream не, біз болашақты қалай көреміз оған қандай үлесімізді қоса аламыз деген сұрақтар туындайды. Мақала басында жазылғандай, american dream – ұлт рухы демекші, қазақстандық ұлт қандай, оның сипаты қандай, оның әлемдегі орны қандай деген сұрақтар тағы туындауы мүмкін. Әлбетте, бұл сұрақтардың жауабы бірнеше ұрпақ ауысымымен келеді. Себебі, қазіргі таңда ұлттың жаңғыру, қалыптасу кезеңі жүріп жатыр. Процесстің соңында қайта жаңғырған ұлт қазақ рухты болады ма, әлде жаһандану үрдісіне төтеп бере алмай болмысы бөлек ұлт болады ма, оны уақыт көрсетер.
