Солтүстік Қазақстан облысында бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің нәтижесі шығарылды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі статистика департаментіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері облысқа 66 млрд. инвестиция тартылды. Өндірістік кәсіпорындар 103,3 млрд. теңгенің өнімдерін шығарды. Негізгі үлес өңдеуші өнеркәсіптердің еншісінде. Биылғы жылы ірімшік, сүзбе, ет, макарон және ұн өндірісі артты. «Машина жасау өндірісінің көлемі 2,4 есеге, жеңіл өнеркәсіп - 1,9 есе, машиналар мен құрылғылардан басқа дайын метал өнімдері - 1,6 есеге артты. Құрылыс мақсатындағы бетон өнімдері мен ас үй жиһаздарының әрқайсысының шығарылымы - 1,6 есеге көбейді», - деп мәлім етті департамент.
Солтүстікқазақстандық статистика мәліметтері бойынша, былтырғы жылмен салыстырғанда тұрғын үйлердің берілуі 40%-ға артты. Жарты жыл ішінде 54 мың «квадраттан» жоғары тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, құрылыстың орташа құны да артып, 1 шаршы метр - 80,9 мың теңгені құрады. 2016 жылдың қаңтар-шілде айларында бұл көрсеткіш 54,1 мың теңгені құраған.
Бірінші жартыжылдықта 223 жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды, олардың 206-сы тұрғын үй, 17-сі тұрғын үйге жатпайтын жайлар. Маусым айында ұн-жарма өнімдерін өндіру өндірістері, сауда павильондары, ойын-сауық орталықтары, кеңселер, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу станциялары, сұлулық салондары мен шаштараздар, шағын маркеттер пайдалануға берілді.