Қазақстан және Рухани жаңғыру

/uploads/thumbnail/20170729212411168_small.jpg
«Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай дейді. Рас, рухани жаңғырудың басы бүгін басталған жоқ. Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асты. Бұл бағдарлама аясында еліміздің және шет елдердегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғырды. Халықтың үлкен әдеби мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ұлттық тарихымыз үшін де ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиет пен жазбаларымызды толықтыру мақсатында қаншама іс-шаралар атқарылды. Бұл – рухани және білім беруді дамыту салаларындағы негізгі құжат, яғни стратегиялық ұлттық маңызы бар жоба.
2013 жылы «Халық – тарих тол­қы­нында» бағдарламасы арқылы тарихи құндылықтарымызға айрықша мән беріліп, төл тарихымызға қатысты құжаттарға жүйелі зерттеулер жүргізіліп, жинақталған еді. Бұл да рухани жаңғырудың басы болатын.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.
ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептеуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – дейді.
Ұлттық код дегеніміз не? Қазақы қалып, ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және ұлттық болмыс. Ұлттық дәстүрдің де озығын алып, тозығын қалдыру. «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды». Адаспау үшін қазаққа қажетті табиғи болмысты сақтай білу. Өркениет көшінен де қалуға болмайды. Көшке ілесе отырып, қаны­мызда бар қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.
Ұлттық кодымыз қайда? Ұлттық код – ең алдымен тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызда, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетімізде екенін ұмытпайық.

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.

Нұрсұлтан Назарбаев


Туған жердей жер болмас…
Ұлтты рухани жаңғыртудың келесі бір сатысы – туған жерге деген сүйіспеншілік. Елбасы: «Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – дейді.
Әрбір адамзат баласы өзінің туған жерін құрметтемей тұрмайды. Тіпті алыс сапарға шыққанда, адамның туған жерге сағынышы ерекше болады. Осындайда Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың: «Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім біледі? Ыстық қой, шіркін туған жер!» деген сөзі ойға оралады.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тұнған тарих екенін Елбасы айқындап беріп отыр. «Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дейді Мемлекет басшысы.
Әрбір жас баланың санасында отансүйгіштік қасиеті дамыса, туған жерін қадірлеуді ұғынса, одан ұтпасақ, ұтыл­масымыз анық. Өзге аймақта өмір сүрсе де, өзі туып-өскен мекенді құрметтеп, жиі-жиі ат басын бұрып тұратын азаматтар да жетерлік. Олар қасиетті мекеніне үзбей қамқорлық көрсетіп келеді.
Елбасының осы орайда «Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек. Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелі қолға алуға тиіс» деуі тегін емес.
«Туған жер» бағдарламасы өз кезегінде еліміздің әрбір аймағында өткеннен сыр шертетін көне ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді, мәдени нысандарды қал­пына келтіруді, өңірлерде өлкетану, эко­логиялық тазарту жұмыстарын жүргізуді, ауыл-аймақты абаттандыруды басты мақ­сат етіп отыр. Кәсіпкерлер де, зиялы қауым өкілдері де, шенді-шекпенділер де, жастар да туған жеріне қамқорлық таны­тып, жаңашылықтың жаңа үлгісін көрсете білуі керек.

Жүз жаңа есім. Олар кімдер?
Мемлекет басшысы «Бүгінгі за­мандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фак­тілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр» дейді.
Сонымен, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» кім? Бұл – Тәуелсіздік жылдарында та­бысқа жеткен, еліміздің түкпір-түк­пірінде өмір сүріп жатқан әртүрлі жастағы сан алуан этнос өкілдері. Олардың жетіс­тікке жету жолы, өмір тарихы. Еліміз тәуелсіздік алған 25 жылда қандай да бір жетістікке қол жеткізсек, бұл – сол қара­пайым адамдардың еңбегінің арқасы. Бұл жобаны Қазақстан халқы ассам­блеясы жүзеге асырмақ. Мә­жіліс депутаты, Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының мүшесі Павел Казанцев­тің пайымдауын­ша, «Жұмыс тобының алдында қиын міндет тұр, жүз ғана адамды іріктеп алу оңай емес. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – елеусіз жүрген ерекше тағдыр иелерін табу, еліне еңбегі сіңген лайықты азамат­тар­ды халыққа таныстыру. Уақыт өте келе, нағыз жүз тұлғаны халықтың өзі-ақ іріктеп алар, ең бастысы барша Қазақстан жүз мыңдаған үміткердің үлгі боларлықтай ерекше өмір жолымен танысады, там­санады, еліктейді. Осыған баса мән беру керек» дейді.

«Бірлікті болса, ел болар»
Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген даналық сөзі бар. Ел бірлігі болмаса, тұрақтылық болмасы анық. Ұлт Көшбасшысы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын бекерге ұсынып отырған жоқ. Әрі бұл жобаның Қазақстан халқы ассамблеясына тапсырылуы тегін емес. Бейбітшілік пен бірліктің маңызын ұғынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы идеясын жариялаған еді. Арада үш жыл өткен соң, 1995 жылдың 1 наурызында Ассамблея құрылды. Елбасының сол жылдары жасаған қадамы өз жемісін беріп, жұртшылықты жетістікке бастады. Бүгінде Ассамблея – татулық пен тыныштықтың тірегіне айналды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Кең байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Қайғыдан ша­шы ағарған аналардың балаларын жоқ­тамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын» деген еді.
Қазақстан халқы ассамблеясының негізгі ұраны да ел бірлігі емес пе? «Бірлік болмай, тірлік болмайтынын» бабалары­мыз қадап айтып кеткен. Түптеп келгенде, еліміз қол жеткізген әрбір жетістіктің, алар асуымыздың өзегінде – елдің бірлігі мен бейбітшілігі, тыныштығы мен тұрақтылығы жатқаны да ақиқат. Бақ та, ынтымақ та бірлігі жарасқан елге қонады.
Ассамблеяның құрылуы – Елбасының дана шешімдерінің бірі. Қазақстандық үлгідегі осындай институттың керектігін әлемнің көптеген елдері мойындап отыр. Мемлекет басшысы айқындаған қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін зерттеу үшін Қазақстан халқы ассамблеясына әлемнің 15 елінен шетелдік сарапшылар мен ғалымдардың, дипломаттар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен өтініш түсуі – осының дәлелі. Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жыл ішінде ҚХА азаматтық қоғамның барынша дамыған бір саласына айналды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 820 этномәдени бірлістік жұмыс істесе, ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің құрамында 67 мыңнан астам адам бар.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласында айтылған ойларды Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері де қолдап, қуаттап отыр. Алматы облыстық татар-башқұрт мәдени қоғамы басшысы Гриф Хайруллин: «Президент айтқандай, «еліміз мықты әрі жауапкер­шілігі жоғары Біртұтас ұлт болу үшін» батыстық өмір сүру, ойлау стандарттарын қазақ секілді салт-дәстүрі ерекше халық­тарға жаппай еріксіз таңудың болашағы бұлыңғыр. Біз осы тұрғыда ұрпақ тәрбиесін қатаң түрде қадағалауға мойын бұруымыз қажеттілігі анық.
Демек, Рухани жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу деп атап көрсеткендей, ұлттық кодымызды сақтау жолындағы басты құндылықтарымызды насихаттауға, қорғап-қолдауға бір кісідей жұмыла атсалысуымыз қажет» дейді.

Діндер съезі қалай бастау алды?
Елімізде тұңғыш рет өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі 2003 жылы Елбасының тікелей бастама­сымен жүзеге асқан болатын.
Оның мақсаты не? Діндер мен мә­дениеттер арасындағы жаһандық диалогты баянды ету. Діни қауымдар арасындағы өзара түсінік пен құрметті тереңдетіп нығайту.
Одан бері Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерінің бірнеше съезі өтті. Съез жұмысына ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм және өзге діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері қатысты. Сұхбат алаңында діни қауымдар арасындағы рухани жақындасу хақында тұщымды әңгімелер айтылды.
Адамзат тарихында алғаш рет ірі діни қауымдастықтың өкілдері бір залда бас қосты. Съез өркениетаралық және мәдениетаралық диалогтың жаһандық үдерісіне зор үлес қосты және әлемге әр­түрлі діндер мен ұлттардың бейбіт және лайықты өмір сүруі үшін ынтымақтастық идеясына балама жоқ екенін көрсетті.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының екінші съезі Астанада өтті. 2006 жылдың 12-13 қыркүйегінде өткен съезге әлемнің 26 елінен 25 дін бас­шысы мен 14 құрметті қонақ қатысты. Оған қатысушылардың жалпы саны – 160 адам. Екінші съез «Дін, қоғам және ха­лықаралық қауіпсіздік» деген жалпы та­қырыппен «Діни наным-сенім бостан­дығы және басқа діндерді ұс­тану­шыларды құрметтеу» және «Халықаралық қауіп­сіздікті нығайтудағы діни қай­раткерлердің ролі» деген екі бағытта өткені белгілі. Сол жолы «дінаралық диалогтың принцип­тері» қабылданды. Съез қорытындысында барлық діндер мен ұлыстық топтарды мәдени және діни айырмашылықтарға қатысты жанжалдарға жол бермеуге ша­қырған бірлескен Декларация қабылдады.
Үшінші съез 2009 жылдың 1-2 шілде күндері өтті. Оған Азияның, Таяу Шығыс және 35 елінен 77 делегация қатысты. Бұл съездің тақырыбы – діни көшбасшылардың рөлі. Келісім мен диалог, бейбітшілікті қамтамасыз етумен қатар, өткір проб­лемалар да секциялық отырыстарда сөз болды.
2012 жылы 30-31 мамырда Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дерлерінің төртінші съезі «Бейбітшілік пен келісім адамзат таңдауы» атты тақырып аясында өтті. Форумға 40 елден барлық әлемдік және дәстүрлі діндерге, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдарға қатысы бар 87 делегация атсалысты.
Төртінші съез аясында Форум инс­титуттарының қалыптасуы жалғасты. Атап айтар болсақ, Діни лидерлер кеңесі құ­рылды. Оның құрамына дәстүрлі діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері енді. Діни лидерлер кеңесінің мүшелері елор­дадағы «Мәңгілік ел» даңқ қақпасының маңында «рухани жарасым» аллеясын ашып, оған тал отырғызды.
Астанада өткізіліп жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – бүкіл әлем қоғамдастығының назарын аударып отырған бірегей оқиға. Дінаралық диалогты ұйымдастыруға өзге елдерде де ұмтылыс болғанымен, нақты ешбір мемлекет әлемдік және дәстүрлі діндердің ең беделді басшыларының басын қоса алған жоқ.
Сондай-ақ, осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы алғаш рет елімізде Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті. Құрылтайға алыс және жақын шет елдерден, соның ішінде Түркия, Германия, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Австрия және тағы басқа шет елдерден 800-ге жуық өкіл қатысқан екен.
Алғашқы құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың төрағасы болып Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Алыс-жақын шетелдердегі 5 млн-ға жуық қандасымыз атажұртта бас қосатын бұл жиынның маңызы жоғары. Мұндай құрылтай өткізу о баста Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған еді. Осының нәтижесінде, Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде әлем қазақтарының 5 басқосуы табысты өтті. Бұл құрылтайлардың бәріне де Елбасы арнайы қатысып, әлемдегі бар­лық қазақ халқына ортақ мақсат-міндеттер туралы ой бөлісіп, жүзеге асырылатын мәселелерді нақты белгілеп беріп келеді.
Бесінші басқосу EXPO – 2017 көрмесі аясында Астанада 22-25 маусым күндері өткізілді. Бұл құрылтайдың ерекшелігіне келетін болсақ, ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласына тікелей байланысты. Мақалада Елбасы бүкіл қазақ халқына ортақ ұлттық-рухани мәселелерге айрықша назар аударған еді. Осыған орай, алыс-жақындағы ағайындар Елбасының бұл еңбегіне ерекше қызығушылық танытты.

P.S

«Қазақстан – бір ел, бір халық, бір болашақ». Елбасы ұстанымы – осы. Қазақстанды мекендеген әрбір ұлт пен ұлыстың да мақсат-мүддесі осыған тоғысуы тиіс. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. 
Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. 
Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс» деп тегін айтқан жоқ. 
Жаңа жағдайға қарай бейімделу, жаңғыру – уақыт талабы. Бастысы, табиғи болмысымыз бен ұлттық кодымызды сақтай білсек, болғаны. Ұлт Көшбасшысының бұл игі бастамасын қолдап-қорғау барша азаматтардың басты борышы дер едік.

 

Гүлзина БЕКТАС

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар