«Қазақфильмде» «Шала қазақ» атты фильм түсіріледі

/uploads/thumbnail/20170807115851094_small.jpg

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Төлеген Байтүкеновтың «Шала қазақ» атты (шартты атауы) толықметражды көркем фильмнің қорғалымы өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша түсіргелі жатқан кинотуынды қылмыскерлермен  күреске түскен ауылдың учаскелік полицейі туралы баяндайды.

– Бұл фильм адамның тағдыры мен міндеттелген парызын орындау туралы. Картинаның желісінде адам табиғатына тән ынжықтық пен азғындауға құмартып тұратын қасиеті болса-дағы, оған бой алдырмай, өз таңдауына және өзінің азаматтық борышына адал болып қалған жанның өмірі көрсетіледі, – деді фильмнің қоюшы режиссері Төлеген Байтүкенов.

Айта кетсек, «Шала қазақ» фильмі режиссердің жеке өзі түсіргелі жатқан алғашқы жұмысы. 2011 жылы ол «Қазақфильм» киностудиясында жарыққа шыққан «Супер Баха» атты комедияның сценарийін жазуға атсалысып, фильмнің тең режиссері болды. Кейін Төлеген Байтүкенов киностудияның «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігінде «Тұшпара және Рахманинов» атты қысқаметражды фильм түсірген. Бұл фильмнің сценарийін де автордың өзі жазған.

Айта кетсек, аталған жобаның қорғалымына еліміздің танымал кинематографистері  қатысты, олардың қатарында киностудияның «Көркем фильмдер» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің жетекшісі, белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов та болды. Ол фильмнің сценарийі біршама өзгергенін және оны жазуда біраз жұмыс атқарылғандығын байқағанын айтып, кәсіби киногерлерден құралған шығармашылық топқа сәттілік тіледі.

Фильмде басты рөлдерді Ақылхан Асылов, Дина Тасболатова, Шыңғыс  Капин сынды жас актерлер сомдайды. «Шала қазақ» фильмінің экшн-қойылымдарын жүзеге асыру үшін Баходыр Жалметов бастаған «Жал» атты каскадерлық ассоциациясының тобы тартылған.

Фильмнің түсіру жұмыстары үстіміздегі жылы 10 тамызда басталады. Режиссердің айтуына қарағанда картинаның түсіру жұмыстары бір аймақта – Алматы облысы Қапшағай қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан Бригадир ауылында өтеді.

Фильм туралы: Өркениеттен тыс қалған ауылдың бірінде учаскелік полицей ауылды басып алған қылмыскерлермен күреске түседі. Ұрланған құнды заттарға толы жүк көлігі осы ауылда сынып қалғандықтан, қылмыскерлер жүк қоймасын іздеп, осы ауылда тоқтауға мәжбүр болады. Олар екі күннің ішінде жерге көмілген бағалы жүктерін қазып алып,ешкімге зиян келтірмей ауылдан қашып кетуді көздейді. Алайда қылмыскерлердің бұл жоспарлары іске аспай қалып, ауыл тұрғындарына күш жұмсайды. Тек ауылдың учаскелік полицейі қылмыскерлерге төтеп беріп, өзінің борышын соңына дейін өтейді.

Жанры: вестерн, драма, боевик

Қоюшы режиссер: Төлеген Байтүкенов

Сценарий авторлары: Төлеген Байтүкенов, Инна Мұқашева, Андрей Тен

Қоюшы оператор: Александр Рубанов

Қоюшы суретші: БерікболШашубаев

Дыбыс режиссері: Илья Коробейников

Атқарушы продюсер: Әділ Қожабергенов

Продюсері: Шынар Бөрібаева

Рөлдерде:АқылханАсылов, Дина Тасболатова, Шыңғыс Капин, Еркебұлан Тасынов, Ержан Нүсіпақынов, Сәлім Балғазин, Марат Инербаевжәне басқалары.

Режиссер туралы анықтама: Байтүкенов Төлеген– сценарист, режиссер, журналист, киносыншы, Қазақстан киносыншылар ассоциациясының мүшесі. 2014 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының Жоғарғы режиссерлар курсын «Кино режисурасы» мамандығы бойынша тәмамдаған.

А.А. Эшпай және В.А. Фенченконың шеберханасында дәріс алған.

Фильмографиясы: «СуперБаха» атты комикс-комедияның сценарийін жазуға қатысқан, сонымен қатар тең режиссері (Қазақфильм, 2011), «Басқалар» қысқаметражды фильмнің сценарий авторы және режиссері (2014), «Өмір сынағы»сериалының идея және сценарий авторы.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар