Фин ғалымдары ауадан алынатын су мен көмірқышқылдан жеуге жарамды ақуыз түйіршіктерін жасап шығаратын құрылғы ойлап тапты. Бұл туралы Qamshy.kz порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнертапқыштардың пікірінше, аталған құрылғы жер бетінде аштықтың алдын алады.
«Тәжірибелік тұрғыдан қарайтын болсақ, ақуызды тағамның бұл түрін жасауға қажетті заттың барлығы ауаның құрамында бар. Болашақта осы технологияның негізінде жасалған құрылғыларды шөл далаға немесе аштық болу қаупі бар Жердің басқа да аймақтарына орнатуға болады. Сондай-ақ, бұл құрылғыны үйге орнатып, қажет жағдайға қолданған абзал», – дейді Лаппеэнранта (Финляндия) технологиялық университетінің ғалымы Юха-Пекка Питканен.
Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығының өзге өнімдерімен салыстырғанда, өнімнің бұл түрін өсіру үшін арнайы құнарландырылған жердің қажеті жоқ.
«Бұл ақуыздарды автоматты режімде өсіре аламыз және ол үшін арнайы пестицидтер мен токсинді тыңайтқыштарды қажет етпейміз. Бұл арқылы айналаның ластануы мен жылыжайлық газдардың бөлінуін алдын алуға болады», – деп атап өтті Юха-Пекка Питканен.
Пікір қалдыру