Фейсбукте алаяқ ретінде айыпталған Сандуғаш Жұмабек 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот бүгін Астанада өткен, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Айгүл Орынбек Фейсбуктегі парақшасы арқылы тікелей эфирге шыққанда мәлімдеді.
Халықтан сүйінші сұраған Айгүл Орынбек Сандуғаш Жұмабекті сот залынан қамауға алып кеткенін айтты.
«Үкім шықты. Сандуғаш Жұмабек 5 жылға бас бостандығынан айырылды, сот залынан қамауға алынды. Қоғамда көтерілген мәселе өз шешімін тапты. Сандуғаш Жұмабек заңды түрде өз жазасын алды», – дей келе, осы іске соңына дейін атсалысқан достарына алғысын айтты.
«Қуанышым көкке жетіп отыр. 20 жыл бойы жезқазғандықтар бере алмай келген заңды жазасын Астанадағы біз бердік», – деді Айгүл Орынбек.
Оның айтуынша, Сандуғаш Жұмабек алаяқтықпен әр қаладан 14 пәтер, оралмандардан 2 миллион доллар алған. Оралмандарды үй, азаматтық алып беремін деп алдаған.
«Астананың өзінде 200-300 миллиондай қарызы бар», – деді заңгер.
Сондай-ақ, адам саудасымен де айналысқанын тілге тиек етті. Жас қыздарды түрік азаматтарына сатқан көрінеді. Соңында Қазақстан азаматтарына өз ақыл-кеңесін айтты: «Өздеріңіздің құқықтарыңызды біліп жүріңіздер!».
Сандуғаш Жұмабектің өзі бүгін Фейсбуктегі парақшасына «оралатынын» айтып пост қалдырған:
«Не ғой, салынбаған әнім көп, жазылмаған жырым мол, айтылмаған сөзім бар! Мен ораламын!!! Қиядағы қиялыма қанат бітіріп, асудағы арманымды ноқталайтын кез келді! Енді тек өнерім-өмірім деп, өзім үшін ғұмыр кешемін! Аз-маз қиындықтың күрмеуін шешу ғана қалды! Ол қолымнан келеді! Тәубе! Ал, енді Алла қолдап, қорған болып, еркелеген елік қыздарыңызға сәттілік тілеп, ақ жол деп қойыңыздар! Өмір сабағы қашаннан ащы... Тағдыр таяғы ауыр... Мыңнан біреу көтеріп, мыңнан біреу ғана сынып кетпей шыға алады... Алла руxымызды биіктетіп, иманымызды бекітіп, дегенімізге жеткізе берсін! Жүректегі ой да, ниет те, көкейдегі жақсылық та Аллаға ғана аян! Тек Алла біледі, ақиқатты! Бір Алла жар болсын!».
Пікір қалдыру