Министр Ресейге қарсы санкциялар жайында: Біз бәріне дайынбыз

/uploads/thumbnail/20170808125614082_small.jpg

Батыстың Ресейге қарсы санкцияларының Қазақстанға ешқандай да қатысы жоқ. Дегенмен, мемлекет кез келген жағдайға дайын, –деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

«Кез келген жағдайға дайын болу қажет, алайда біз асыра сілтегіміз келмейді. Министрлік тарапы Ұлттық банк пен Қаржы министрлігін қоса айтар болсақ, біз барлығына да дайынбыз. Сонымен қатар, бұл оқиғаны қандай да бір оқыс оқиға дей алмаймыз. Біздің ойымызша, бұл жағдайға қалыпты түрде қарау керек. Мысалы, мұнай немесе металл бағасының көтерілуі немесе құлдырауы, серіктес мемлекетіміздің экономикасының дамуы немесе құрдымға кетуі деген сияқты оқиғалар қалай әсер етсе, бұл жағдай да дәл солай әсер етеді. Елдегі ахуалды күрт өзгертіп жіберерліктей оқыс оқиға көріп тұрғаным жоқ», – деп мәлімдеді министр.

Сонымен қатар, Тимур Сүлейменовтың айтуынша, ұзақ мерзімді санкциялар Ресейдің экономикасын едәуір әсер етері анық және де ЕАЭҚ құрылтайшысы ретінде Қазақстанның да экономикасына әсер етуі мүмкін.

«Құбырға қатысты сұрақ көтерілген болатын. Мұхиттармен, әсіресе, Новороссийск теңіздерімен біздің мұнайымызды жалғап отырған құбырлар санкцияда тіркелмеген. КТК инвесторлары болып табылатын Chevron секілді америкалық ірі компаниялар өздерінің транзитті құбырлары санкцияға тіркелмеуін жіті қадағалап, оған жол бермеген. Яғни, бұл тұрғыда біздің жергілікті нарықтарға мұнай жеткізуімізде ешқандай да кері әсері болмайды», – деп айтып өтті.

Естеріңізге сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге қарсы Батыс санкцияларының Қазақстанға тигізер әсері жөнінде айтып өткен болатын.

«Жақсы нәтиже көрсету үшін біз жылдың соңына дейін ұйымшылдық танытып, қарқынды жұмыс істеуіміз керек. Біршама қауіптің бар екені рас. Біздің энергетикалық және шикізат өнімдері біраз шығынға ұшырауы мүмкін. Ресейге қарсы Батыс санкцияларының Қазақстанға да әсер етуі әбден мүмкін. Мұны да естен шығармаған жөн», – деп премьер-министр Сағынтаевпен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев атап өтті.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар