Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған игі бастамалардың орындалуын «Нұр Отан» партиясы өз назарында ұстайды. Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Қызылорда облысына сапары барысында белгілі болды.
Сапар барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге өңірдегі тарихи орындар – «Қорқыт ата» мемориалды кешенінде болды және ортағасырлық Сығанақ қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Мұндай тарихи орындардың отаншылдық пен ұлттық бірегейлікті сақтап, нығайтуда маңызды рөлге ие екенін айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Тәуелсіз еліміз ширек ғасыр ішінде қарыштап дамып, Қазақстан әлем таныған абыройлы мемлекетке айналғанда Елбасымыз рухани жаңғыру бағдарламасын ұсынды. Оның мақсаты жас ұрпақты бабалар тарихынан тағылым алған елін, жерін сүйетін отаншыл рухта тәрбиелеу. Сондықтан «Нұр Отан» ұлт руханиятын түлетуге арналған Елбасы тапсырмасының еліміздің барлық өңірлерінде ойдағыдай жүзеге асуын ерекше назарда ұстайтын болады», – деді.
Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед Сыр өңіріне жасаған сапары барысында Кіші Аралды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен де танысты.
Қазіргідей жаһандану заманында ұлттық құндылықты насихаттап, тарихи мұраларды қайта жаңғыртудың маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде еліміздегі басты саяси күш болып табылатын «Нұр Отан» партиясы рухани жаңғыру бағдарламасын назарда ұстауы көңіл қуантады.
Пікір қалдыру