«Нұрлы жер»: СҚО, Павлодар, Қарағанды облыстарында біршама мәселелер бар

/uploads/thumbnail/20170811165413426_small.jpg

Ақтөбеге келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин облыс әкімдерінің орынбасарларымен кездесті. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында бірқатар мәселелер бар деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Нұрлы жер» бағдарламасының 7 айдағы қорытындысы шықты. Еліміз бойынша биыл 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі уақытта құрылыстың 61 пайызы аяқталған. Аймақтардың бірі көш бастаса, екіншісі бірнеше рет мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізіп, таяуда ғана құрылысқа кіріскен. Еліміздегі барлық аймақтың өкілдерімен кездескен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстары мен Астана қаласының құрылысқа жауапты әкім орынбасарларынан тапсырманы орындауды талап етті.

«Елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып жатыр. Республика бойынша 2017 жылдың 7 айлық қорытындысында 6,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайызға артып отыр. Биыл 10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Үкімет пен жергілікті мемлекеттік органдарға үлкен жауапкершілік жүктелді», – деді Асқар Мамин.

Еліміз бойынша тұрғын үй құрылыс жұмыстарына биыл 445 миллиард теңге инвестиция салынды. Барлығы 53 949 үй пайдалауға берілген. Қазіргі кезде «Нұрлы жер» бағдарламасы 61 пайызға орындалған. Құрылыс жұмыстарын жүргізуде Астана, Алматы, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары алда келеді. Ал Павлодар, Солтүстік Қазақстандағы құрылыс жұмыстары мардымсыз.

«Аймақтарда арендалық тұрғын үйлер салынып жатыр. Сатып алу құқығы берілмейтін пәтерлер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған. Жылпы аумағы 311 мың шаршы метр, яғни, 6 мың пәтер. Биыл 150 мың шаршы метр пәтер пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда Маңғыстау, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары мемлекеттік сатып алу байқауын кеш өткізіп, жоспарды орындауға кедергі болып отыр. Кейбір аймақ мемлекеттік байқауды екінші рет өткізіп, уақыт жоғалтып алды. Бұл құрылысқа республикалық бюджеттен 25 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын. Аймақтарға 10,4 миллиард теңге берілді. Оның 91 пайызы игерілді. Астана, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстары қаржыны дұрыс игере алмай келеді», – деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун бірде-бір арендалық тұрғын үй құрылысын бастамағаны үшін Асқар Маминнің сынына ұшырады. Ол елордада бәсекелестік жоғары екенін, әрбір мемлекеттік байқаудан соң кәсіпкерлер сотқа шағым түсіретінін, қаржылық тексерулер жиі болатынын айтып ақталды. Бірақ бұл себептер басшылардың жауапкершілігін жеңілдете алмайды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әр аймаққа қаржы тең бөлінеді. Тапсырма бір болғанымен, оның орындалуы әрқилы. Мәселен, Алматы мен Атырау облыстары жаңа жобаны қаржыландыруға сұраныс бермеген. Маңғыстау мен Шығыс Қазақстан облыстары бөлінетін қаржыға қажетті құжаттарды тапсырмаған.

«Инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысына биыл республикалық бюджеттен 83,4 миллиард теңге бөлінді. Аймақтарға 44 миллион теңге қарастырылған. Қаржының игерілуі – 88 пайыз. Астана, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл облыстарында қаржыны игеру көрсеткіші төмен. Аймақтар 2018-2020 жылдарға арналған жобаларын кешіктірмей тапсыруы керек. Атырау мен Маңғыстау мүлде жоба ұсынбады. Бұл алдағы уақытта құрылыс жұмыстарына кедергі келтіріп, құрылыстың тоқтауына әкеп соғуы мүмкін», – деді вице-министр Роман Скляр. «Нұрлы жер» бағдарламасының кейбір аймақта дұрыс жүргізілмегенін сынаған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин алдағы уақытта Елбасы алдында жеке-жеке есеп беретіндерін еске салды.

Қатысты Мақалалар