Мотивация мен өмірдің мәнін жоғалтқандар үшін...

/uploads/thumbnail/20170814161055276_small.jpg

«Мен жоғарғы оқу орнында оқимын. Әке-шешем бар, тұрмыс жағдайым жаман емес. Алайда менде өмірге деген құлшыныс жоқ. Не үшін өмір сүріп жүргенімді білмеймін. Өз сүйген ісіммен айналыса отырып, оны не үшін жасап жүргенімді түсінбеймін. Мен нақты бір өмірдің мағынасын іздеудемін, өмірдегі мақсатымды іздеймін. Мақсатыма жеткен сайын қатты қуанамын, алайда ол қуанышым өзіме мұның бәрін не үшін істеп жүрмін деген сұрақ қойғанда, су сепкендей басылады. Себебі мен бұл сұрақтың жауабын таппаймын...».

«Өмірдің мәні неде? Өмірге деген құлшынысым жоқ» деген сынды психологиялық жағдайды немесе депрессияны кез келген адам өмірінің әртүрлі шағына басынан өткеруі мүмкін.

Жоғарыдағы мәтіннен ұғатынымыз адам мотивациясын жоғалтқан.

Ақыл-есі дұрыс адамның толыққанды өмірін белгілі бір мақсатсыз, құлшыныссыз, талпыныссыз елестету қиын. Кейде алдыға жылжудың жоқтығын, өз-өзіміздің дамуымыздағы тоқырауды сезінеміз. Сондай уақытта сиқырлы күш бізді демеп жіберсе екен дейміз. Алайда біздің сиқырымыз – мотивация екенін көпшілігі біле бермейді. Qamshy.kz ақпараттың агенттігі осы тақырыпта танымдық мақаланы оқырман назарына ұсынады.

Өмірге деген құлшынысыңызды жоғалттыңыз ба? Ендеше оның пайда болуына әсер етіңіз. Өмірдің мәні де сол: әркім өзінің мотивациясын өзі құрайды, өзі жасайды.

Бізге, адамдарға әрқашан бірнәрсе жетіспей тұрады. Біздің ойымызша, уақыттың жетіспеушілігі,  дәл қажетті сәттің болмауы немесе дайындықтың болмауы – әрдайым кедергі болады. Шын мәнінде, біздің әрекетсіздігіміздің басты себебі – жеткілікті дәрежедегі мотивацияның болмауы.

Сіз үшін өмірдегі маңызды нәрсе не?

Телехикая көріп отырып көп қаржы табатыныңа сеніп отыруға, тамақ жеп отырып міндетті түрде арықтайтыныңа, ұйықтайын деп жатып жұмыс істеп үлгеретінің туралы көп ойлануға болады.  Төсекте жатып ауызбен айту аса жеңіл, ал орныңнан тұрып әрекет ету – қиынырақ. Себебі ол күш-жігерді, талпынысты талап етеді.

Мотивацияны табу қиын емес. Ол үшін тек қандай нәтиже қалайтыныңды білуің керек. Егер елестеткен нәтиже көңіліңді аспандатса, мақсатың айқын. Ал егер, нәтиже көңіліңді көншітпесе, бұл мақсат айқын емес, саған мұның қажеті де жоқ.

Мотивация кез келген жерде қажет. Арықтау үшін, ең әдемі болып жүру, жетістікке жету, оқуға түсу үшін де мотивация керек. Оны тек тауып қою ғана жеткіліксіз. Мотивацияны  демеу керек, онымен жұмыс істеу керек. Былайша айтқанда, мотивацияңыз өз әсерін, пайдасын жоғалтып алмау үшін оны «қоректендіру» керек.

Мотивация жоқ болса –  нәтиже де жоқ

Сәтті Мотивацияның 5 ережесі:

– Қандай нәтижеге ие болатыныңды жарқын түрде елестет. Өз еңбегіңнің жемісін көз алдыңа келтір. Мотивацияң таусылған сайын немесе шаршаған сәттерде жемісіңді, жететін нәтижеңді ойла.

– Мақсатың физикалық тұрғыда өзіңмен бірге болуы керек. Құлшынысыңды арттыратын белгілі-бір зат оған қараған сайын мақсатыңды есіңе түсіруі керек.

– Жоспарларың мен мақсаттарыңды қағаз бетіне түсір. Орындалған жоспарларыңды түртіп отыр.

– Өз-өзіңе сөз бер. Аяғына дейін баратыныңа, тайсалмастан нәтижеге жететініңе уәде ет немесе жақындарыңа сөз бер.

– Еліктейітін тұлға болса, соған қарап бой түзеп, «Ол жасаса мен де жасаймын» деген ұранмен өмір сүр.

– Идеяластырыңды тап. Жақындарың немесе достарыңның арасынан сенің бастамаңа қолдау білдіретін немесе өзіңмен бірге іске кірісетін адамдар болса, нағыз мотивация сол болмақ.

Адамдар мотивацияны қайдан алады?

Мотивация – белгілі бір мақсат үшін өзіңді ояту процессі.  Көп жағдайда адамдар құлшынысты қоғамнан алады. Ал қоғам өз кезегінде жұмысшы компаниялар мен ұйымдарға толы. Кез келген компанияның өзінің мақсаттары бар. Сол сияқты адамның да өз мақсаттары мен жоспарлары бар. Осы мақсат аясында ол жұмысқа тұрады. Егер компания немесе ұйым басшылығы: «Жұмысшының не қалайтыны мені қызықтырмайды. Жұмыс істе, ұнамай ма – сау бол!» деген қағида ұстанса, ол жақсы нәтиже бермейтіні анық. Себебі, ең соңында мұндай компания тек жұмысшы-орындаушылармен ғана қалады.

Ал егер әлгі компания керісінше: «Менің қызметкерлерім сондай мықты. Біз барлығымыз бір отбасымыз, олардың көңілін қалдырмаймын, нәтиже де болар» деген қағидамен жұмыс істесе , нәтиже міндетті түрде болады.

Асылында, эффективті басшының тәсілі келесідей болмақ. «Сіз маған нәтиже бересіз. Мен сіздің жеке мақсаттарыңыздың орындалуын жүзеге асырамын» болуы тиіс.

Ал қызметкерлер сапалы әрі жақсы жұмыс істеу үшін не істеу керек деген заңды сұрақ туындайды. Ол үшін жұмыс беруші басшы қызметкерлерден тікелей толық мүмкіндікпен жұмыс істеу үшін адамдарға не қажет екенін сұрау керек. Осы арқылы қызметкерге қандай жағдай қажет екенін білуге болады.

Қазіргі кезде компаниялар жұмысшылары мен қызметкерлеріне мотивация беріп, еңбек нәтижелерін өсіріп жатыр дегенді есту екіталай нәрсе. Себебі біздің елімізде жұмысқа мотивация беру түсінігі мүлде қалыптаспаған. Мәселен, қарапайым автобус жүргізушілерін алайық. Стандартты жалақылары 150 мың теңге болатын автобус жүргізушілері бір айдың ішінде жұмысын қалай істесе де, сол жалақыны алады. Яғни, тырысып істесе де, салғырттық танытып істесе де, оның еңбегінің ақысы өзгермейді.

Айталық, Марат пен Қанат есімді екі көлік жүргізушісі жұмыс істейді делік. Марат күнде таңертең жұмысына дәл уақытында келеді. Көлігін өзі тазалап, тап-тұйнақтай болып жүреді. Жұмысына бір де-бір рет кешіккен емес.

Ал Қанаттың жағдайында олай емес. Қанат күнде кешікпесе де, кейде 15 минутқа, кейде 20 минутқа кешігіп, үнемі жұмысына салғырттық танытып жүреді.

Енді айдың соңында екі көлік жүргізушісі де сол 100 000 теңгесін арқалап кетеді. Алайда Мараттың көкейінде жұмысына деген көңілі толмаушылық, өмірге деген құлшыныстың жоқтығы пайда болады, тіпті,  бастығым «Жарайсың» деген бір сөз де айтуға жарамады ғой деген мұң болатыны анық.

Меніңше, жоғарыда аталған автокөлік жүргізушілеріне де, автобус жүргізушілеріне де жұмыстарына мотивация берсе, жұмыстың эффективтілігі де, нәтижесі де сөзсіз жоғарылайтын еді.

Мотивацияны қалай беруге болады? Автопарктер немесе жұмысшылар істейтін ұйымдар арнайы жарыс немесе байқау ұйымдастыруға болады. 3 айда ешқандай ережелерді бұзбаған, жолаушылар тарапынан ерекше назарға ие болған жүргізушілерді марапаттап, сый-сыяпат табыстасын. Дубайға екі билетті бәйге сыйы етіп белгілесін.

Бұл тек автобус жүргізушілеріне ғана қатысты емес. Кез келген компания өз қызметкерлерінің жұмысқа деген ынтасын осындай мотивация беру арқылы көтеруі керек деп есептеймін.

Мәселен, Жапония  менеджментінде жұмысшылар мотивациясы –  кез келген компания үшін ең бірінші орында тұрады. Бір ерекшелігі, Жапония компаниялары жұмысқа тек университетті түлеп ұшқан белсенді студенттерді қабылдайды. Сонымен бірге жұмысқа қабылдану барысында қызметкерлер компанияның өзіне қандай мүмкіндіктер, қандай жағдай жасайтынын біліп отырады. Жұмысқа алынбас бұрын барлығы түсіндіріліп айтылады. Әрбір жұмысшы өзінің үстелінің қасында құлшынысты арттыратын, мотивацияны көтеретін жазбалары тұрады. Барлық жағдай қызметкерлер үшін жасалды. Себебі Жапон халқы еңбек өнімділігін арттырудың тәсілдерін біледі.

Осыдан біраз жыл бұрын АҚШ университеттерінің бірінде студенттердің бітіру кешіне белгілі бизнесменді сөз сөйлеу үшін шақырған. Сонда кездесуге екі сағат кешігіп келген бизнесмен мінберге шығып сөз сөйлеудің орнына 3 минуттық сөз айтып шығып кетіп қалады. Ұйымдастырушылар мұндай жағдайдың не себепті орын алғанын түсінбей қалады. Бірнеше сағат бойы бітіруші түлектерге өзінің кеңестерін, ақылын айтады деп ойлаған олар абдырап қалған.

Сондағы бизнесменнің айтқан сөздері мынадай болған: «Сендер бүгін университет бітіріп қолдарыңа диплом алып жатырсыңдар. Сендер үшін барлығы тамаша. Әрқайсысыңның әке-шешелерің алып берген көліктерің бар. Дайын тұрған жұмыстарың бар. Алайда бұл жұмыс арқылы сендер бар болғаны жылына 100 000 мың доллар табуларың мүмкін. Ал мен үшін бұл ақша түк емес. Мен бизнесменмін. Бүгін сендерге қарап, ешбіріңнің көздеріңнен жанып тұрған отты көріп тұрған жоқпын. Ал жанардағы отсыз сендер ешкім емессіңдер!» – деп айтып кетіп қалған екен.

Бірнеше жыл өтіп, бұл жағдай ұмытылған соң, әлгі университет басшылығы зерттеу жүргізіп көрмек болады. Университетті бітірген студенттердің қай легінің әлеуметтіқ жағдайы жоғары екенін салыстырмақшы болған. Нәтижесінде ерекше өсім көрсеткен студенттер легі белгілі болғанда мұндай көрсеткіштің себебін анықтау қиынға түседі. Осы уақыт аралығында ешқандай мұғалімдер мен ұстаздар ауыспағанын ескере отырып, сол жылы сөз сөйлеген әлгі бизнесменді еске алады. Сонда университет басшылығы шақырылған бизнесменнің 3 минуттың сөзі аталған студенттерге осылай әсер еткенін түсінген.

Сонда әлгі бизнесмен соншалықты не айтты дейсіз ғой? Ол – студенттердің жанарында от жақты.

Жетістікке жету үшін көкірек пен жанардағы оттың болуының қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді.

Шын мәнінде, жетістікке жету үшін, мотивацияны жоғалтпау үшін жанардағы отты жаға білу керек, және оны сөндіріп алмау керек.

 

Назерке МҰСА

Қатысты Мақалалар