Киноның қиын асуы

/uploads/thumbnail/20170814154113308_small.jpg

Президенттің бағдарламалық «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласы ең алдымен ұлт назарын рухани салаға  бұрды.   Мәдениетке бұрды. Неге дейсіз ғой!  Өйткені дамыған ұлттық мәдениет қана – дамыған ұлттық сана қалыптастырмақ.  Даму тұрмақ,  ұлттық мәдениетіміз, ұлттық сана тіректері – тіл, дін, діл, тарихи жад, салт-дәстүрлеріміз кешегі кеңестік кезеңнен қалай шашылып  шалдығып  шыққаны белгілі. Рухани  болмысымыздың  бірлігі, біртұтастығы империялық идеология қыспағында қалай бұзылып шыққаны белгілі.  Бұл құбылыс, кеңестік  келеңсіздік, бүгінде «Бірлік» деп болашаққа беттеген тәуелсіз санамызға тұсау бола бастағаны да  белгілі. Сондықтан да, Тәуелсіздік логикасы кеңестік кертартпа кедергілерден қалайда құтылуды күн тәртібіне қойды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының  өмірге келу себебін  біз осылай түсіндік. Алайда жаңғыру  бір күндік  жұмыс емес. Қашанда «батпандап кірген кесел, мысқалдап шығады». Тіліміздің, дініміздің, діліміздің, тарихи жадымыздың біртұтастығын бұзған сол бір, үш жүз жылдық империялық идеология іздері, салдарлары санамызда сайрап тұр. Өшер емес. Бұндай бодан сананы  сауықтырмай сапалы ұлт болу қиын. Елбасы мақаласының жалпұлттық  қолдауға ие болу себебі – осы.  

«Кеңестік кертартпалық» демекші санада қалған сол бір бодан құбыжықтар бүгінде алға басқан  аяғымызды кері тартып, алды-артымызды орағытады. Ұлтты ұйысуға шақырған бостан сананы бұғақтағысы келеді. Қазақ қоғамындағы бұл құбылысқа етіміздің өліп кеткені  сонша, біз, тіптен, олардан шошып, серпіп, сілкіп тастаудың орнына көзіміз бақырайып мыңқиып отыра беретін болдық. Әйтпесе, дені сау ұлт, дені сау, сана тілсіздік,,дінсіздік, ұлтсыздық дегендей рухани құбыжықтардан  ыршып түсіп, тұлабойын аулақ салуға тиіс емес пе?! Әрине. Ұлт болып ұйысар ұлт сөйтеді. Кешегі кеңестік идеология осы ұйысуды тежеді. Қазақтың рухын сындырып, кемсітудің небір қитұрқы тетіктерін іске қосты. Бұл халықтың тарихы жоқ, мемлекеті жоқ, жазуы жоқ, мәдениеті жоқ деп ұрпақ санасын улады. Оны естіп өскен ұрпақ өз ұлтынан өзі жеріді. Алдымен –  дінінен, содан кейін тілінен, содан кейін тарихынан, салт-дәстүрінен  безді. Айналып келгенде  өз-өзінен безді. Рухани харакири жасады. Орыстанды. Орыс болсақ, озамыз деді. Бүгінде сол отаршыл идеология тудырған ұрпақ арасында Алаштың Тәуелсіздік туы астында топтасуға құлықсыздар да жоқ емес. Олар орыс тілді кеңестік кеңістікті аңсайды. Осы орайда жүзге жуық қазақ кәсіпкерлерінің тоқсаныншы жылдар басында орыс тілін мемлекеттік тіл етеміз деп ашық хат жазғаны еске түседі. Орыстанған сана бодандық қамытын қайта киіп, Кремльге қайта құл болуға қайыл еді. Сондықтан да бұл құлдық сана иелері алашшыл азат санадан туған идеяларды, патриоттық іс-қимылдарды көрсе, ұлт еңсесін көтеретін кинотуындыларды көрсе, кірпідей жиырылады. Шаяндай шағады. Егер де біз, осындай  ұрпақты көзбен көрмесек, олардың қазақ тарихына, тілі, діні, дәстүріне топырақ шашқанын білмесек,  бүйтіп, ақ қағазға удай запыран ойларымызды төгіп отырмас едік. Өйткені ащы да болса, ақиқатын айтып күреспесек, бодандық кезде бойға жұққан мұндай кертартпа кеселдерден қалай арыламыз?!  Қалай жаңғырамыз?! Біз көріп жүрген кесел – ұлтсызданған ұрпақ санасынан басталып мәдени салаға біртіндеп жайылған кесел. Мәдениеттің  ең бір бұқаралық түрі кинода көрінген кесел. Ол кеселдің атын атап, түсін түстеу кеңестік кезеңде мүмкін болмады. Оның атын атап, түсін түстесек таяқ тура тарс етіп отаршыл  идеологияға  тиетін. Отаршыл идеология ол таяқпен «Ұлтшыл!» деп өзіңді көститіп салатын. Мысалы, Совет Одағы кезінде «Қазақфильм» қабылдайтын сценарийлердің 80-90 пайызы мәскеулік авторлардың қолымен жазылды. Өзге ұлт өкілдері қанша талантты болғанымен, қазақ  болмысын қайдан біледі? Білмек тұрмақ, мақрұм емес пе!! Бірақ Мәскеу дегенін жасайтын. Оның рұқсатынсыз бір де бір фильм өндіріске кетпейтін. Содан келіп аты қазақ, заты жат фильмдер топырлап шығып жатты. Ал, қазақ кинодраматургтері  мен режиссерлері  жасаған фильмдер болса, ұлт болмысын шынайы өрнектеді.  Мысалы:  «Қыз Жібек», «Тақиялы періште» , «Менің атым Қожа», «Шоқ пен Шер», «Атамекен», «Көзімнің қарасы». Тоқсаныншы жылдары өз тілін, елін білетін аға режиссерлер өмірден өтті де, олардың орнына «асфальт» ұрпақ келді. Оларды біз әспеттеп «жаңа толқын» дедік. Өкінішке қарай, осынау «жаңа толқын» қазақ күткен қазақ киносын жасай алмады. «Жаңа толқынның» дені ана тілдерін білмейтін «асфальтта  өскен» балалар еді. Өз тілі, әдебиетін білмейтін шалалар еді. Оқыса,  өз әдебиетін аудармадан оқитын. Аты қазақ болғанымен, заты мәскеулік киногерлерден айырмашылығы аз еді. Ал, Тәуелсіздік тұсында  қазақ көрермені болса «қазақ киносы қайда?» деп дабыл қағып жатты. Ұлттық көрермен аты ғана емес, заты ұлттық қазақ киносын талап етті. «Асфалтта өскен» тілден, діннен, тарихтан, ұлттық салт-санадан мақрұм ұрпақ қанша күшенсе де, ондай қазақ көрермені күткен киноны тудыра алмады. Жасағысы келсе де, өздеріне ұқсатып шала жасады. Өйткені бұл шалалар қазақ болмысына  қазақтың көзімен емес,  советтік  көзқараспен, советтік  дүрбімен қарады. Ол советтік дүрбі қазаққа жоғарыдан менсінбей қарайтын дүрбі еді. Нәтижесінде қазақ киносында қазақ болмысы бейшара, күйкі кейіпте көріне бастады. Көшпенділерге деген астам, евроцентристік көзқарас тұрғысынан күйкі кейіпте көріне бастады. Ондай фильмдерді  «ащы  шындықты айтты» деп шетелдік, Ресей фестивальдері арқадан қақты. Бәйге берді. Біз бәйге алдық деп мәз болдық. Бірақ, шетел қанша бәйге бергенмен, сол бәйге алған фильмдерді қазақ көрермендері қабылдамады. Ол фильмдер прокатта жүрмеді. Бұл бір айтуы қиын ақиқат еді. Айқайлап айтайын десек, таяқ өзімізге тиеді. «Өзің не бітіріп жүрсің, ол жерде?!» дейді ғой.  Айтпайын десең – ақиқат. Осындай күлдібалам халде жүргенде «асфальт балалары» бізге қарсы ашық шабуылға шықты. Ілияс Есенберлиннің романы бойынша біз сценарийін жазып, Рүстем Әбдіраш түсірген «Алмас қылышқа» айқайлап қарсы шықты. Сондай  «асфальттық» режиссердің бірі: «Алмас қылышты» көрмеңдер!» деп айқай салды, көктемде өткен бір жиында. Ертесіне Рүстем әлгі «асфальттық» режиссермен киностудияда кездесіп қалдым дейді. «Әй, сен өзің «Алмас қылышты» көрдің бе?», – дейді Рүстем. – «Жоқ!», –  дейді әлгі шала. «Ендеше! Мә!», –  деп Рүстем әлгі аузы жаман режиссерді ауызға бір қойып, асфальт құштырады. Осыны естігенде мен күлдім, «Дұрыс істепсің!», – деп.

Бүгінде ойланамын. Әлгі «асфальт» бала,  неге аттандап «Алмас қылышқа" қарсы шықты деп. Бүкіл қазақ қуанған осынау тарихи жобаға неге көрмей тұрып топырақ шашты деп.  Елбасы идеясымен өмірге келген, қан кешіп жүріп, қазақ хандығын құрған Керей, Жәнібек рухына, ұлттық мемлекет тарихына неге топырақ шашты деп. Сонда оның көксегені не? Ұлт рухын көтеретін патриоттық фильмдер түсірілмеуі керек пе?! Әлде, жұрттың бәрі осы шаларежиссер тәрізді қазақ ауылын карикатураға айналдыра беруі керек пе? Онсызда, отарлық езгіден еңсесі түсіп шыққан халықты езгілей беруіміз керек пе?! Ең жаманы «Алмас қылышқа» шабуылдаушы бала жалғыз емес-ті. Сынды орыс тілінде оқтай борататын шала сыншысымақтар жетеді. «Алмас қылышқа» әлі топырақ шашып жатқандар солар. «Қазақ мемлекетінің өмірге келуі» туралы фильм деп кекетеді, мысқылдайды. Мен сонда таң қаламын, ашуға булығып. «Мына мәңгүрт киноны была қойып, енді мемлекетіміздің тарихына тиісті-ау!», – деп. Жалпы бүгінде әлеуметтік желі жұрттың аузына келгенін айтатын орынға айналды. Сүйреңдеген сыншылар кез келген ұлттық идеяны күлге аунатады. Кез келгенге күйе жағады. Қарсы шыққанға жабыла кетеді. Кино саласындағы мұндай келеңсіздіктерді жөндейтін құзырет мемлекет тарапынан Мәдениет министрлігіне берілген ғой. «Министрлік қайда қарап отыр?» дейсіз. Министрлік күресіп жатыр. Осыдан 3 жыл бұрын осы салаға басшы болып келісімен, Мұхамедиұлы  өзіне тән  аңғалдықпен ә дегеннен әлгіндей экранда қазақты кемсітушілерге дүрсе қоя берді, ашықтан-ашық аттарын атап. «Тым ашық кетті-ау!» дедік. Айтқандай-ақ араның ұясындай гу етті кино саласы. Арыстанбекті  талап тастады. Өйткені, ондаған жыл бойы қалыптасқан жүйені бір күнде өзгеруі мүмкін емес еді. Қазақты сүмірейтіп көрсетіп, осы «шындығы» үшін шетелде бәйге ала бастаған шалалар, ел беделін емес, бәйгені ғана ойлап, алған беттерінен қайтар болмады. Халық қаражатына кино түсіреді. Бірақ кинода сол халықтың мүддесін қорғамайды. Ондай фильмдерді халық қалай қабылдамақ?! Әрине, қабылдамайды. Ендеше, ондай фильмдер өндіріске неге кетеді деген сұрақ туады. Әрбір киножоба қабылданар тұста ұлттық мүдде үстем шығып отырса, әрине, ондай көрермен халыққа керегі жоқ фильмдер өндіріске кетпес еді. Үлкен қаржы мен ұшқыр өнер тоғысқан бұл сала –  кино саласы, қашанда, рухани, идеологиялық күрес алаңы. Бола да бермек. Ұлттық пен ұлтсыздық шарпысқан күрес алаңы. Мемлекеттік мүдде, патриоттық тақырыптар үшін табанды күрес алаңы бола бермек. Табанды күрес болса, тамаша жеміс те болады. Соңғы үш жылда қазақ киносында жаңа тренд – тамаша тарихи тақырыптар бой көрсетті.  Көрермендер үшін көзайым болған «Аманат», «Алмас қылыш», «Анаға апарар жол», «Құнанбай» фильмдері өмірге келді. Бұл фильмдерді қазақ көрермені жақсы қабылдады. Көрермен ықыласына бөленуде, әсіресе, «Алмас қылыш» фильмінің орны ерекше болды. Рүстем Әбдірәш түсірген бұл кинодастан ұлттық сананы дүр сілкіндірді. Егер, бұрын кинотеатрларға жастар ғана баратын болса, биыл жастар тұрмақ «Алмас қылышты» көруге  кинотеатрларға  ақсақал аға буын да ағылды. Олар ақпарат құралдарында ағыл-тегіл пікірлер білдірді.

Еңбек ері, әйгілі актер Асанәлі Әшімов: «Бұл фильмді көріп арқаланып қалдым.Картинадағы «Алаш! «Алаш!» деп ұрандаған бейне жадымда ұзақ сақталары сөзсіз.Мәдениет министрінің бағыты дұрыс.Ең бастысы, қиындықтарға, кедергілерге қарамастан ұлттың рухын көтеретін осындай дүниелердің өмірге келуіне барынша ат салысып жүр» деп ағынан жарылды.             Халық кахарманы Бақытжан Ертаев: «Экранда ата-бабаларымыз майдандасып жатқанда, өзім де орнымнан атып тұрып сол шайқасқа  кіріп кеткім келді!» дейді.

Айтулы ақын Иранғайып: «Жаным рахаттанып көрген фильмім осы болды.Өте ризамын. Осы фильмді жоспарлаған жоғары билікке, министрге, «Қазақфильм» киностудиясына, осы фильмге қатысқан бүкіл ұжымға шын жүректен үлкен  алғыс білдіремін!» деп тебіренді көрсетілімнен кейін. «Денсаулығыма қарамастан екі рет барып көрдім!» дейді бізді құттықтаған аға жазушы Сәбит Досанов.                                                                                             

Айтулы қайраткер Амалбек Тшанов  ағыл-тегіл сезімін «Түркістан» газеті бетінде  ақтарды. Талғар ауданының бұрынғы әкімі Кенжебек Омарбаев: «Кинотеатрдан өзімнің қазақ екеніме қуанып мақтанып шықтым!» дейді телефон шалып. Жастардың бір көсемі, саясаткер Мұхтар Тайжан болса: «Бір көргенде тоймай қалып, екі рет барып көрдім!» дейді.  

Әлеуметтік желіде Бахытжан Рысдәулетов атты  көрермен «Алмас қылышты» көргеннен кейін:

«Я, Алла! Мың да бір шүкір! Мен қуанам осы елде тұрғаныма! Бас ием мына байтақ далама! Шейіт болып кеткен қайран бабаларым! Елімнің бағын басынан тайдыра көрме! Әмин!» деп тебіренеді.

Осы киножоба барысында біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығын сезіп отырдық. Прокаттық «Алмас қылыштан»  бөлек телевидениеге арналған 10 сериялақ  «Қазақ елі»  нұсқасын қосқанда бұл жоба үлкен қаражатты  қажет етті. Министр Мұхамедиұлы, фильм режиссері Рүстем Әбдіраш, продюсер Арман Әсенов қаражат іздеп сабылып кетті.  Осы тұста бұрынғы қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек үлкен азаматтық жасады.  Фильмге қыруар көмек көрсетті. Нәтижесінде фильм мерзімінен көп кешіксе де сапалы шықты. Тас түскен жеріне ауыр. Тарихы шындықтан онша алыстамай шынайы сценарий жазып шығу Тимур Жақсылықов, Рүстем үшеумізге  оңай түскен жоқ.  Десек те негізгі салмақ режиссерге түсті. Ақын отбасында дүниеге келген, ана тілі, әдебиеті, тарихынан  мол хабардар  Рүстем осы киножобада өзінің  кинорежиссурадағы үлкен кәсіби деңгейін жарқырата көрсетті. Шыңдалған суреткерлік шеберлігін танытты. Бұған дейін Рүстем Елбасы өмірі туралы аса күрделі киножобаны абыроймен атқарып шыққаны белгілі. Сол тәжрибе Рүстемнің «Қазақ хандығын да» абыроймен алып шығуына септігін тиігізді.Біріншіден Рүстем актер таңдауда қателеспеді. Досхан Жолжақсынов, Еркебұлан Дайыров, Қайрат Кемалов, Бекболат Тілеуханов, Дінмұхамед Ахимов, Мадина Есманова, Іңкәр Әбдіраш, Қалығаш Мұхамеджанова Иісбек Әбілмәжинов  Мейірхат Амангелдин орындаған рөлдер  көрермен жүрегінен ойып  орын алды.     Фильм композиторы Әбілқайыр Жарасқанның әр тарихи көріністі ұлттық нақышты   ән - сазбен әрлеуі  «құлақтан кіріп бойды алды», әсерлі шықты. Суретшілер Сәбит Құрманбек, Өмірзақ Шманов жұмысы көзге ұрып тұр. Киім суретшісі  Ажар Әубакірова хандар мен би, батырларды  сол дәуірге сай қандай сәнді киіндіре білген!!! Операторлар Плотников, Маслов, Қойшыманов  камералары, сөз жоқ, экранда сирек жырланатын көшпенділер стихиясын Ұлы Дала болмысына сай  көзі тоярлық қалыпта бере білген. Салмақтың үлкені, сөз жоқ, Асанқайғының монологінен бастап билер мен хандардың ауызына салатын сөздерге түсті. Біз, фильм сценарий авторлары, ең біріншіден,  осы тарихи кинодастанда рухы қозғалатын Асанқайғы, Керей, Жәнібек,  Әбілқайыр, Қобыланды, Есенбұға, Ақжол би, Рәбия ханум, Жаханбике, Айымбике, Қасым сұлтан, Бұрындық сұлтан тәрізді алаш үшін аяулы тұлғалардың ауызына сөз саларда олардың аруақтарынан қорықтық. Халық жады  ол аруақтарды жүздеген жылдар бойы өз жүрегінде қалай аялап келсе, біз де соны шашып шайқап алмай, бүгінгі  экранда сол қалпында  қайта «тірілтуге» күш салдық. Бұл өте ауыр, салмағы қорғасындай жауапкершілік еді, өткеніміз алдында да, бүгін мен болашағымыз алдында да. Алайда, жұмыла көтерген жүк жеңіл.  Сценаристер мен режиссер жұмыла, құлшына  жұмыс істедік. Ешкім аянып қалған жоқ. Түсірілім алаңында болған талантты редактор  Ерлан Төлеутайға дейін актер аузынан шығар әрбір сөз үшін аянбады.

Кино ұжымдық өнер. Оркестр деуге болады. Айырмасы дирижер орнында  режиссер тұрады. Бәрі режиссерге байланысты.Дирижер талантты оркестр құрай алмаса тамаша музыка шықпайды. Бұл фильм Рүстемнің   кинорежиссеруда  кемелдікке көтерілгенін көрсетті. Әрине, «Алмас қылышта» мүлдем мін жоқ дей алмаймыз. Алайда, фильмнің 90 пайызы көрерменді қанағаттандырса,  қалғанын кешіруге болады.

«Алмас қылыш» туралы белгілі киносыншы Гүлнар Әбікеева «отандық тарихы тақырыпта топжарған фильм болды» деп қорытқан екен. Кино өнерінің бір жанкүйері ретінде біздің де қорытқанымыз бар. Біздіңше, Елбасы идеясымен өмірге келген осынау киножоба – «Алмас қылыш» бір нәрсені анық көрсетті. «Қазақфильм» киностудиясының ендігі жерде  мемлекет тарапынан қолдау болып  отырса  Голливудтік  деңгейде кең тынысты тарихи блокбастерлер түсіре алатынын көрсетті. «Қазақфильмде» әлемдік  деңгейде жұмыс істей алатын шығармашылық потенциал бар екенін көрсетті.  

Ендігі жерде киномыз осы бағыттан таймай, мақала басында айтылғандай,  кеңестік  кезеңнен қалған келеңсіздіктерден арылып, ұлт мүддесіне толық бет бұруы керек. Ұлт мүддесіне жұмыс істеуі керек. Киногерлер ұлттық патриоттық идея төңірегінде топтасуы керек. Ең алдымен қазақ киносы өз прокатын, Қазақстан прокатын жаулап алуға күш салуы керек. Ол үшін  бүкіл киноөндіріс  ең алдымен отандық көрермен сұранысына  жұмыс істеуге тиіс. Ең алдымен отандық көрермен мүддесін қанағаттандыруы тиіс. Шетелдік кинофестивальдер   мүддесі екінші орында тұруы керек.Сонда ғана киноға салынған материалдық шығын  идеологиялық рухани дивиденд болып қайтарылады. Ол, аз ба?!  Қазақ киносы Қазақстанға жұмыс істеп жатса, Қазақстанның рухани жаңғыруына үлес қосқаны болмай ма!!  Ең үлкен   бәйге сол – өз көрерменіңнің құрметі емес пе?! Осы бағытта, тек осы бағытта жұмыс істейтін  мезгіл жетті.  Осы орайда бүгінде кино саласында оң өзгерістер болып жатқанын айту орынды. Салада қазақ киносын  қазақ көрерменіне бұру саясаты жүріп жатыр.  Оған мысал ретінде соңғы жылдары жоғарыда аталған фильмдерден де  бөлек  өндірістен шыққан, немесе өндіріске енді  кетіп жатқан  жобаларды шолып өтсек те жеткілікті.

Қазақ тәрізді отызыншы жылдардағы ойраннан  жер бетіне шашылып кеткен халықтың Тәуелсіздік тұсында  Елге оралуы ұлттық ұйысудың  үлкен бір өзекті  тақырыбы.Драмалық тақырыбы.Осы тақырыпты ашық қозғаған  екі фильм биыл өндірістен шықты. Жақында олар көрерменмен қауышпақ. Оның бірі –  сценарийін Нұрлан Санжар жазған, режиссер Сәбит Құрманбек түсірген «Оралман» фильмі де, екіншісі – сценарийін осы мақала авторы жазған, жас  режиссер Бегарс Елубаев түсірген «Оазис» фильмі. Бұл фильмнің екеуі де ең алдымен қазақ аудиториясына арналған. Сөйте тұра өзге аудиторияны да бейжай қалдырмайтын драмалық туындылар. Қазақтың кешегі, бүгінгі ащы тағдырын арқау еткен туындылар. Сценарийін айтулы драматург Дулат Исабеков жазып, жас режиссер Нұргелді Садығұловке сеніп тапсырған  «Балуан Шолақ» фильмі де  өндірісте, жыл аяғында дайын болмақ.Бұл жоба да қазақ көрерменіне көзайым болар деген үміттеміз.

Бүгінгі қазақ киносының жетекші режиссері Сатыбалды Нарымбетов «Аманатта» қозғалған Кеңесары тақырыбын Янушкевич туралы киножобада тағы да қолға алмақ. Поляк көзімен қарағанда 19 ғасырдағы қазақ қауымы сценарийде қызық суреттелген.  Режиссер Қуат Ахметов көп жылдардан бері экранда Асанәлі Әшімов сомдап келе жатқан  күрескер чекист бейнесін одан әрі жалғастырмақ. Әйгілі актер бұ драмада өмірді көре-көре көсемге айналған кәрі  чекист рөлінде бүгінгі заманға деген ерекше философиялық  көзқарасы бар кейіпкерді сомдайды.

Фильмдері отандық прокатта жақсы жүретін, «Жаужүрек мың баланы» түсірген талантты режиссер Ақан Сатаев биыл   «Томиристі» қолға алды. Әлемге әйгілі бұл тақырып, егер  Ақан режиссер аман-есен алып шыға алса, Ұлы Даланың рухын көтерер тағы бір тарихи жоба болар деп үміттенеміз. Одан кейін Ахан алдағы жылы Тәуелсіз Қазақстан жылнамасының бір жарқын парағы    Астананың өмірге келу тарихы туралы фильмге кіріспек. Ауыр да болса, айшықты тақырып. Биыл Маңғыстауда Жаңабек Жетіруов түсірген Әбіш Кекілбайдың «Шыңырау» хиқаяты да отандық көрерменді бейжай қалдырмауға тиіс.

Қазақстандық көрерменге кең танымал режиссер Ермек Тұрсынов өз сценарийі бойынша «Киномеханик» атты фильмді, белгілі журналист Төлеген Байтүкенов «Шалақазақ» атты фильмді түсіруге кірісті.

Танымал актер режиссер Болат Қалымбетов биыл белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің  «Қасқыр адам» хикаяты бойынша «Талан» атты  кинодрама аяқтады.

Бұл  тізімде біз «Қазақфильм» қолға алған жобаларды түгел қамтыдық дей алмаймыз.  Алайда, осынау толық емес атаулардың өзінен  Мәдениет министрлігінің    қоластындағы  «Қазақфильмнің» биыл  бетін   негізінен ел құлағын елең еттіретін тақырыптарға  бұрғанын көреміз.  Бұлайша, киностудия бетін отандық көрерменге бұрса, онда отандық көрермен де бетін қазақ киносына бұрмақ. Бұл бірліктен мемлекеттік мүдде ұтары хақ. Ұлттың  РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ қозғалысы ұтары хақ.

 

Смағұл ЕЛУБАЕВ  

      

Қатысты Мақалалар