12 қыркүйек күні Астана уақытымен 01 сағат 23 минутта «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Амазонас-5» телекоммуникациялық спутнигі бар «Протон-М» зымыран тасығышы ұшырылды. Ғарыш айлағының шұғыл қызметтері мен Қазақстанның жерүсті арнайы қызметтерінің мәліметі бойынша, ұшырылым штаттық режімде өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.
Зымыран тасығышынан ажырайтын бөлшектер белгіленген аумаққа құлады, 528-інші секундта «Протон»-нан үшінші саты штатты түрде ажырады. Ол «Амазонас-5» телекоммуникациялық спутнигі бар «Бриз-М үдеткіш блогын тіректі орбитаға шығарды. Ұшу циклограммасына сәйкес, ғарыш аппаратының геоөтпелі орбитаға шығарылуын одан әрі үдеткіш блок жалғастырады. «Амазонас-5»-тің мақсатты орбитаға шығуы 9 сағат 12 минутты құрайды. Ол діттеген жеріне 12 қыркүйек күні Астана уақытымен сағат 10.35-те жетуі тиіс. Бұдан кейін телекоммуникациялық спутник басқару үшін тапсырыс беруші - испаниялық Hispasat компаниясына беріледі.