Қатар билігі АҚШ-тың Техас штатында дауылдан жапа шеккен тұрғындарға 30 миллион доллар қаражат аударды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі kazislam.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Қатар осылайша Харви құйынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсеткен шет мемлекеттер арасында көш бастап отыр.
«Техастықтар кез келген табиғи құбылыстардан қайратты, өмір сүруге күш-қуаты жетеді, Қатар оларға көмектесуге қашанда дайын» дейді АҚШ-тағы Қатар елшісі.
Сонымен қатар, Біріккен араб әмірлігі де дауылдан қиындыққа ұшыраған халыққа 10 миллион доллар аударатынын хабарлады. Техас губернаторы Грегг Эбботт штаттағы қайғылы жағдайға әлем халқының ерекше назар аударып, көмекке ұмтылғандарына ризалық білдірді.
«Техас пен Қатар арасында бұрыннан әріптестік ынтымақтастық байланыс бар. Мен Қатар үкіметін қамқорлығы мен қайырымдылықтары үшін құрметтеймін» деп атап өтті губернатор.