Халқымыз үшін ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ мерекесінің орны бөлек, әрине. Ол туралы санаулы күндерден кейін, сәт-сағатында жазатын боламыз. Ал, шетте тарыдай шашырап жүрген бес миллион қандасымыз тұрғысынан алғанда, бүгін – 13 ЖЕЛТОҚСАН да сондай қасиетті, мәртебелі күн саналады. Осыдан тұп-тура он төрт жыл бұрын, атап айтсам, 1997-жылдың дәл осы 13-желтоқсанында Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңына қол қойған болатын. Аталмыш Көші-қон Заңын сол кездегі Мәжіліс депутаты, қазақтың белгілі ақыны Әкім Ысқақтың ұйтқы болып жасағанын бұл күнде ел аңыз етіп айтады. Сөйтіп, Әкім Ысқақ - Бірінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты және тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы болып тарихта қалды. Әкім мырза әлемдік тәжірибе мен заңнамаларды негізге алып, алыстан келген бауырларымен ақылдаса отырып жасаған сол заңның арқасында қаншама қазақтың Атажұртқа оралғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол қасиетті 13-желтоқсан биыл демалыс күніне тура келді. Жыл басынан бері қайта қаралсын деп Елбасы тапсырма беріп, әне-міне өзгерістер енгізіледі деген сол Көші-қон Заңы Үкімет қоржынынан Парламентке түспеген күйі бұл жыл да ақыраласып барады. Тамара Дүйсенова мен Аслан Қаржаубевтың қарша боратып шүйінші сұраған хабарының да еш қайыры болмады. Алыстан келген ағайын не тұрақты тіркеуге тұра алмай, не азаматтыққа қол жеткізе алмай бір жылды сарсаңмен өткізді. Ұлт екіге бөлінген күйі күн кешіп жатыр. Өкінішті!!! Есесіне, Еліміз әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылды. 2017-жылы ЭКСПО көрмесін өткізеді. Биыл 29-мамырда Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекет басшылары ЕЭО-на қол қойды... Одан арғысын айтып, санап тауысу мүмкін емес! Талап біреу-ақ: Қазіргі қолданыстағы Көші-қон заңына шеттен келген қазаққа жеңілдетілген тәртіппен үш айдың ішінде азаматтық беругізетін жалғыз-ақ сөйлем енгізу!
Ауыт Мұқибек
Пікір қалдыру