Жанар Сағатқызы Үрімжіде туылған. Мектепті Пекинде тәмамдаған. 1987 жылы Пекин театр институтына оқуға түскен ол бір жылдан кейін Мәскеудің мемлекеттік кино институтының режиссер мамандығына оқуға аттанады. Мәскеуде институт бітірер кезде диссертация есебінде түсірген «аптаның сегізінші күні» деген фильмі кино мерекесінің үздік авторлық сыйлығын еншілейді. Ресей мен Италия бірлесіп жасаған «Аюдың досы – Жонатон» деген фильмде қосалқы рөлде, Ресейдің «Бұдда аруағының оралуы» атты фильмінде басты рөл ойнап үздік өнерімен көзге түседі. Зреректігі, білімділігі, қытай, орыс тілдерінде еркін сөйлейтін таланттылығымен Ресейдің «Мир» халықаралық телеарнасында диктор болып жұмыс істейді. Мәскеуде 9 жыл оқып, режиссерлік мамандықтың қыры мен сырын әбден меңгерген қазақ қызы Қытайға барғанда үлкен сұранысқа ие болады. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романының негізінде жсалған фильмді Украинада 270 күн түсіреді. 20 сериалды аталмыш фильм Қытайда күшті дүмпу туғызады. Мұнымен қоса «Қызыл шие», «Қызыл ғашықтар», «Кешкен күндер», «Күнбағыс таланы», «Республика қарсаңы», «Қала кеңістігінде шошынған құс», «Әскери кісінің құпиясы», «Алыс кеткен ертеңгі күн», «Ян Чың» қатарлы мемлекеттік деңгейде түсірілген фильмдердің режиссері болды.
« Жетім қыздың» рөлін сомдаған бақытты қыз
– «Ол да Ғайни сияқты қазақ қызы. Оның есіңнен кетпейтін әдемі аты бар, ол – Жанар. Бірақ осы әсем есімнен де артық, көкейіңде мәңгі өшпей қалатыны оның қап-қара қос жанары. Осы қара көзді табу үшін әйгілі режиссер Гуаң Чунлан қаншама тентіреді десеңізші». Бұл Қытай тілшісі Дай Жұңкайдың естелігі. Қателеспесек, бұл естелік Қытайда түсірілген «Жетім қыздың махаббаты» дейтін кино туралы болса керек...
– Бұл фильм Шыңжаңдағы «Үш аймақ төңкерісін» бейнелеуді негіз етіп, ұлттық армия жауынгерінің жетім қалған қызы Ғайнидың азапты тағдырын суреттейді. Ғайнидың және оның сүйген жігітінің төңкеріс үшін, махаббат үшін ізденген өмір жолын кестелейді. Фильмде Ғайнидың сөзі де, әрекеті де онша көп емес. Режиссер жас қыздың жан дүниесіндегі ішкі сезімдерін көзі арқылы бейнелеуді мақсат етеді. Осы фильмде бас кейіпкер Ғайни рөлінде мен ойнап едім...
– Сіз Пекинде тұрып, Үрімжіде түсірілген бұл киноға қалай талдандыңыз?
– Ғайниға лайық қара көз қызды табу үшін режиссер Гуаң Чунлан Қанас көлінен мұзтауға дейінгі біраз өңірді шарлап қайтса керек. Үрімжіге келгенде бір тойда мені көріпті. Кейін Әке-шешемді іздеп барып, арнайы сөйлескен екен. Мен ол кезде бірнеше мың километр алыста жатқан Пекиндегі өзім оқып жатқан орта мектепке жетіп те болғанмын. Бұл 10 сыныпта жүрген кезім еді. Емтиханға дайындалып отырсам, мектеп директоры шақырды. Шыңжаңнан келген телефон деген соң, трубканы алсам, «сіз Жанарсыз ба?» деген дауыс шықты. Кейін білсем бұл сол киноның режиссері Гуаң Чун Лан екен. Ертесінде сол шақырту бойынша Үрімжіге бардым.
– Режиссер сіздің көзіңіз ғана емес, жақсы оқыған өзіңізге де қызыққан болар?
– Кішкене кезімнен актерлікке қызығушы едім. Бала кезімде Пекинде оқып жүргенімде орталық телеарнада балаларға арналған ойын-сауық үйірмесі болды. Сонда балалардың спектаклін ойнаймыз. Ал Ғайни болу мен үшін ойламаған іс болды. Бара салып сұрағаным: «неге мені талдадыңыздар? Мен бақытты отбасында өскен қызбын, ештеңеден хабары жоқ оқушымын. Жетім қыздың рөлін қалай сомдаймын? Оның үстіне махаббат оқиғалары бар екен» дедім. Фильм режиссері Гуаң Чунлан «Маған сенсең болды» деп көңіліме сенім ұялатты. Кино біткеннен кейін ғана «е, мен де бір рөлді сомдап шығыппын-ғой» дедім.
«Құрыш қалай шынықты?»
– Сіз түсірген «Құрыш қалай шынықты» фильміне не үшін «төрт тұңғыш» деген айдар қойылған?
– фильмнің бұл айдарды иеленуіндегі себеп: Біріншіден, шетелдің шығармасын Қытай тұңғыш рет өзі қайта жасаған. Екіншіден, Қытайдың өзінен шыққан режиссер шетелдің әйгілі шығармасына тұңғыш рет режиссерлік еткен. Үшіншіден, телефильмді тұңғыш рет шетелде кескінге түсірген. Төртіншіден, телефильмге тұңғыш рет түгелдей шетел актерлері ойнаған.
–Қытай тарихындағы осындай елеулі фильмге қалай араластыңыз?
– Мен ол кезде Қытай мен Жапония бірлескен «Күнбағыс таланы» деген киноның түсірілуіне атсалысып жүргенмін. «Құрыш қалай шынықты» романынан Қытайлар телефильм жасайды екен дегенді естігенімде, «өзге мемлекетке барып кино түсіргенде, өздерінен асып түсе алар ма екен» деген оймен онша елеген жоқпын.
Сол фильмнің жобалаушысы Жың Кайнанның Француздар Ресейдің «Анна Каренинасын», Италияндар Қытайдың «Соңғы патшасын» алғанда, қытайлықтар «Құрыш қалай шынықтыны» неге алмасқа деген сөзі маған ой салды. Сөйтіп «Құрыш қалай шынықтыны» түсіруге мақұл болдым.
– Фильмді түсіруге Украинаның «Довженко» киностудиясын таңдауға не себеп болды?
– Бұның екі себебі бар еді. Бірінші, 1973 жылы түсірілген 6 сериалы «Құрыш қалай шынықты?» телефильмінің режиссері Машенко осы «Довженко» киностудиясының бастығы екен. Бұл біздің тәжірибе алмасып, тәлім алуымызға пайдалы болды. Екіншіден, алдыңғы екі реткі «Құрыш қалай шынықты?» фильмі осы Украинада жасалған. Сондықтан, онда бұрын істетілген киім-кешек, құрал-сайман, әскери қару-жарақ, арба, автомобиль т.б. жалпы фильм түсіруге қажетті заттар қоры бар еді...
– 270 күн түсірілген мұндай үлкен киноға актер табуда оңайсоқпаған болар? – Бас жобалаушы Жаң Шаухуа екеуміз фильм түсіруден күн ілгері Киевке барып дайындық жұмысын бастап кеттік. Украина жақтың фильм продюсері Николайды ертіп үш адам театар институтының жатақханасына барып, студенттер арасынан актер таңдадық. Дабыра болып кетпеу үшін, қытайлықтардың фильміне актер таңдайымыз дедік те, «Құрыш қалай шынықты» туралы тіс жармадық. Студенттердің шағын бөлмесінде өткізілген бұл сұрыптау өте қызық болды. Емтиханға қатысатын студенттер саны көбейіп, түн жарымына дейін іріктеуге тура келді. Кейін фильм жасағанда осы студенттердің ішінен бірсыпырасы қатысты. Кейбіреуі маңызды рөлдерге де шықты.
– Осы таңдауда Павел рөлін сомдауға лайық адам табылды ма?
– «Довженко» кино студиясының бастығы Машенко мырзамен дидарласқанымызда, ол кісі «кімде-кім «Құрыш қалай шынықтыны» фильмге түсірмекші болса, фильмнің жаны Павел екенін білуі бәрінен маңызды!..» деп ағалық ақылын айтты. Ендеше, кім бүгінгі Павел бола алады?
Біз 20 сериалдан тұратын осы телефильмде Павелдің 16 жастан 30
жасқа дейінгі өмір сапарын бейнелеуіміз керек болды. Онда аңғалдығы мен албырттығы басылмаған жасөспірім Павел, тағдырдың талқысына түсіп, өмірдің бұралаң жолынан өткен, толысып, кемеліне келген байыпты да қайсар орта жастағы Павел портреті көз алдыңызға тартылуы керек. Павелді де таптық, әйтеуір...
Арық, бойы 1.81 метр, қалың қоңыр шашты, 25 жастағы Андрей Самининды Павел образына лайық деп табудың өзі қызық. Төңіректің төрт бұрышын шарлап іздеп жүрген «Павелдің» жанымыздан табыларын кім білген? Қабағын түйсе мұң, қуанса жанарынан жалын шашырайтын, келбетінен байыптылық пен қайсарлық шығып тұратын, әсіресе, іс-әрекетінде ешқандай жасандылық байқалмайтын Андрейді бізбен жұмыс істейтін Ира есімді әртіс қыздың фотоальбомынан көріп таңдадық.
Ана тілімде сөйлеуім анамның еңбегі
– Қытайға кино саралауға келген халықаралық кино фестивальінің төрағасы канадалық Монреал мырза сізге «бір бөлегінде орыс тілі қоймасы, бір бөлегінде ағылшын тілі қоймасы, бір бөлегінде қытай тілі қоймасы, тағы бір бөлегінде ана тіліңнің қоймасы бар мына кішкентай басың керемет-ақ екен» деп таңдай қаққан екен. Мектепті қазақи ортасы жоқ Пекинде, институтты Мәскеуде оқып, ағылшын тілін өздігінен үйренген Жанар ана тілін қалай «аман» алып қалды екен?
– Баланың дұрыс өсуі әке-шешенің тәрбиесіне тікелей байланысты. Сол кісілердің ізін басып келе жатқандықтан да осы жетістіктерге жетіп отырмын деп ойлаймын. Ата-анамның менің өмір жолымды дұрыс түсінгеніне дән ризамын. Ол кісілер ең алдымен өздері маған үлгі болды. Тіршілік, қоғамдық байланыс жалпы барлық жағынан жан жақтылы болып бойжетуіме бар күштерін салды.
Мен Шыңжаңнан өте кішкене кезімде кеткен болсам да, әр рет қайтып барған сайын соншалық табиғи, соншалық таныс, соншалық ыстық сезіледі. Қатпары қалың, қойнауы кең ұлан-байтақ қазақ сахарасы көңілге медет, бойға қуат сыйлайды. Ана тілімді сақтуға даланың дара қасиетінен басқа ең маңыздысы менің шешемнің мені отбасында қазақша сөйлетіп өсіргендігінде. Қытай балабақшасында оқып жүрген кезімде де үйге келгенде халық мақалдарын үйретіп, Абай өлеңдерін жаттататын. Шешемнің үйреткен «жақсыны жақсы десе сақтанады, жаманды жақсы десе мақтанады» дейтін мақалы да әлі күнге менің сөздік қорымнан түскен емес...
– Кино түсіру барысында басыңыздан өткен бір қызық жайтты айтып берсеңіз?
– «Құрыш қалай шынықты» фильмін түсіріп жүрген қақаған қыстың бір түнінде фильм алу жұмыстары сағат түнгі екіге дейін жалғасып қатты жаурап кеттік. Қолым қалт етіп босаған бір сәтті пайдаланып, жылына қояйын деп оттың жанына бардым. Тез жылынайын деп тым жақындап кеткен сияқтымын. Киімнің күйген исі шыққан соң еңкейіп қарасам, екі балағымды от шалып, тіземнен төменгі жағы бырысып қалыпты. Абырой болғанда дер кезінде байқап қалыппын. Өйтпегенде «үлкен пәлеге» ұшырар едім. Ол мамық толтырылып, химиялық талшықтан тігілген киім болатын. Күйген жері қатып, морттанғандықтан, қол тиіп кетсе жыртылып, ішіндегі мамық бұрқырап шыға берді. Мен әбіржып қалдым. Киімімдегі мамық түгел шығып таусылса, суыққа қалай шыдамақпын? Сонымен жарық түсірушіге барып, скотч сұрап алдым да, жыртықтарды айқыш-ұйқыш жапсырып тастадым. Менің сөлекет қылығыма қарап отырғандар ду күлді. Естелік үшін сақтап қойған осы шалбарды көрген сайын сол түнгі суық есіме оралады.
– Қазақстанның кино саласының дамуына қандай баға бересіз?
–Қазақстанның кино өндірісіне пікір айтуға құқығым жоқ әрі оны толық зерттеп жүрмегендіктен қазірше бірдеңе дей алмаймын...
– Жанардың түсірген қазақ киносын көреміз деген ел жұрттың арман тілегі қашан орындалар екен?
– Қазақ киносын түсіру талайдан бері ойымда жүр. Бұл әрине оңай жұмыс емес. Оған ең алдымен жақсы ценари болуы керк, ұлт мүддесіне күйінетін, тәрбие көрген, шыңдалған әртіс болуы тиіс. Мұнан қала берсе қыруар қаржы қажет. Бұл шарттар толық әзірленбесе бәрі бос сөз болады. Ұлттық кино түсіру халық қалаулыларының, ұлт зиялыларының, елдік санасы жоғары азаматтардың атсалысуымен орындалатын шаруа...
Әңгімелескен Хазірет Әбділда
Пікір қалдыру