Әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының туғанына - 110 жыл

/uploads/thumbnail/20170708150846174_small.jpg

Қазақ әдебиетінің дара тұлғасы, Шыңжаң қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ақын Таңжарық  Жолдыұлының дүниеге келгеніне келер жылы 110 жыл толады. Алаш идеясын ту еткен ақынның туған елінің тәуелсіздігі жолындағы күрескер рухы мен өршіл өлеңдері бүгінгі ұрпақтың асыл қазынасы. Таңжарық – жат биліктің темір құрсауында жатып, «түрме әдебиетін» қалыптастырған ақындардың бірі.

 Таңжарық  Жолдыұлы  1903 жылы, наурыз айының 15 жұлдызында  Іле алқабының Күнес өңірінде дүниеге келді. Бала Таңжарық бастапқыда ауыл молдасынан арабша  сауат ашады, кейін жаңаша мектепте үш жыл  қытай тілінен білім алған ол 1923-1925 жылдары Қазақстанға қашып өтіп, Нарынқол өңірінде нағашыларын  аралап,  «жеті жылдық  мектепте» оқиды, оның қазақ елінде болғандағы Қойдыммен айтысы сақталған. Қазақ еліндегі Алаш ордашылар астыртын қудалана бастағанда, туыстары жағынан 1925 жылы туған жеріне қайтарылып, том-том кітап арқалап қайта оралған ақынды Қытай үкіметі "халыққа теріс үгіт таратты" деп айыптап, жеті жылға соттайды. 1933 жылы түрмеден босап шыққан Тәкең  ел ісіне араласып,  халықты ағарту, әдебиет- көркемөнер кештерін ұйымдастыру, газет шығару, театр ашу секілді көптеген жұмыстар тындырады. Шың Шысай үкіметі қазақтарды жаппай тұтқындай бастағанда,  Таңжарық 1940 жылы екінші рет нақақ жаламен қолға алынып, Құлжа қаласынан Үрімжінің тас түрмесіне айдалады. Аяусыз жәбірлеуге, жан төзгісіз қинауға түседі. 1946 жылы Ұлт азаттық күресінің ықпалымен түрмеден босаған ақын көп ұзамай 1947 жылы маусымда абақтыда жабысқан айықпас  аурудан  көз жұмады.

 Күрескер ақын қысқа ғұмырында ұрпақтарына өлшеусіз мұра қалдырып кетті,  оның өлеңдерінің  70 пайызы тас түрмеде жазылған. Ақын көз жұмғаннан кейін, бір жылдан соң (1948 ж.) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Құрманәлі Оспанұлының құрастыруымен Т.Жолдыұлының «Алғашқы жинақ» деп аталатын тұңғыш кітабы жарық көрді. 1979 жылы ақынның күйеу баласы, көрнекті жазушы Бұқара Тышқанбаевтың құрастырып, алғы сөзін, түсініктерін жазуымен «Араман тау» (1974 ж. Алматы «Жазушы») атты жинағы, 1981 жылы «Түрме халі», (Үрімжі «Халық»), 1982 жыл «Нәзигүл» (Пекин, «Ұлттар»), 1985-1995 жылдары «Таңжарық шығармалары» (Үрімжі. «Халық», үш томдық толық жинағы), 1994 жылы «Шынтілек» (Құлжа. «Іле»), 1992 жылы «Таңжарық» (Алматы. «Жазушы»), 2001 жылы «Таңжарық Жолдыұлы» (Астана. «Елорда», 2 томдық) қатарлы кітаптары жарық көрді. 1996 жылы мамыр айында ҚХР Іле қазақ автономиялық облысының орталығы Құлжа қаласында «Шынжаң Таңжарық зерттеу қоғамы» ресми құрылып, ақын шығармаларын жүйелі зерттеумен, ғылыми айналымға енгізумен айналыса бастады. 1992 жылы бес сериялы «Таңжарық» атты телефилім (сценари авторы, жазушы О.Егеубай) түсірілді.

 Ал енді ақын шығармаларының жиналуы, жарық көруі, зерттелуі деген мәселеге келетін болсақ, бүгінге дейін оның 130 өлең-толғауы, 12 қисса-дастаны, 6 айтысы, 4-5 әні жарық көрді. Бұл қазіргі қолда бар немесе жиналып, жарық көрген дүниелер екеніне еш күмән жоқ. Өйткені ақын шығарамалары жыл өткен сайын толыға түсуде. Демек біз жоғарыдағы цифрды ақын шығармаларының тұяғы түгел соңғы саны деп айта алмаймыз.

 Ақын атында туған жерінде еңбектері, мұралары, пайдаланған заттары сақталған мұражай бар.  2009 жылы, 23 желтоқсада қалалық мәслихаттың шешімімен Астана қаласының көшелерінің біріне Таңжарық Жолдыұлының есімі берілген.

 

Хазірет Әбділда

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар