Халқымыздың латын алфавитін еш қиындықсыз игеріп кетуі күмәнсіз. Бұл туралы «Тұран» университетінің ректоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанұлы Алшанов мәлімдеді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Кешегі жиында Елбасымыз айтқандай латын қарпіне көшуге байланысты халықтан 300 ден астам ұсыныс келіп түсті. Күрделі мәселе болғандықтан халықтың пікірін білу маңызды. Біраз нәрсе ескерілді, жұмыс жалғасып келеді», - деді Алшанов.
Сондай-ақ жаңа жобаға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың бағытына оң баға берді.
«Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттары өте дұрыс деп есептеймін. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды.
Сонымен қатар, Елбасымыз айтқандай қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейтіндігі және орыс тілінің бұрынғыдай қызмет атқара беретіні жайында пікірімен толықтай келісемін. Қазақ тілінің жазу тарихында әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. Мысалы, 8 ғасыр бойы қазақ халқы араб алфавитін жүргізді, одан кейін 10 жылдан астам латын алфавитін пайдаланды. Осы ретте, халқымыздың латын алфавитін еш қиындықсыз игеріп кетуіне күмән жоқ».
Айта кетейік, 9 қазанда Елбасына қазақ тілінің латын қарпіне негізделген жаңа жобасы таныстрылды.