11 қазанда Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің бастамасымен Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан» қонақ үйінде аудан мектеп түлектерінің форумы болып өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
2016 жылы бұл форум алғаш рет өткен болатын. Ал қазіргі таңда аталмыш форумды өткізу Медеу ауданының дәстүрлерінің біріне айналған.

Бүгінгі өткен бұл форумға Медеу ауданының әкімі Ержан Жұматұлы, «ҚР Еңбек ері», Алматы қаласының құрметті азаматы, ҚР білім ардагері Аягүл Төреқызы, композитор, пианист, Халықаралық сайыстардың лауреаты Рахат-би Төлегенұлы, тележүргізуші Майя Владимировна, ҚР Президентінің Мемлекеттік жеке мұрағатының директоры Борис Әлікенұлы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Мұрат Әділханұлы және де Медеу аудан мектептерінің түлектері қатысты.

Форумның модераторы болған Борис Әлікенұлы кіріспе сөзді айтып, бүгінгі өткізілген жиынның мақсатымен таныстырды. Мектеп түлектері форумының басты мақсаты – еліміздің түрлі салаларында қызмет етіп, таңдаған мамандығына белгілі бір жетістіктерге жеткен кешегі мектеп бітірген түлектер мен мектеп арасындағы өзара байланысты арттыру және жастармен ұдайы түрде кездесулер ұйымдастырып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру болып табылады.
Медеу ауданының әкімі Ержан Жұматұлы бүгінгі форумда «Қоғамдық сананы жаңғырту, туған жерге әлеуметтік құрмет пен қолдау көрсету – жалпыхалықтық отаншылдықтың негізі» тақырыбы аясында баяндама жасап, пікірін айтып өтті.
Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы ұйымдастырылған форумға қарағанда биылғы форумның аудиториясы кеңейіп 4 есеге артқан.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында біз Медеу ауданында екінші рет мектеп түлектерін жинап форум өткізіп жатырмыз. Медеу ауданы – Алматы қаласының тарихи және дәстүрлері мықты орталығы болып табылады. Бұл жердегі мектептерден 25 жылда 30 мыңнан астам түлек бітіріп шыққан. Солардың ішінде бүгінгі таңда бизнесте, мемлекеттік қызметте, өнерде үлкен жетістіктерге жеткен азаматтарымыз бар екен. Негізгі мақсат – түлектердің туған мектебінен қол үздірмей, бүгінгі ұрпақпен ұштастыру, туған жеріне өздерінің үлесін қосу.
Былтырғы форумды өткізгенде форматымыз басқаша, ал аудиториямыз кішірек болды, ол кезде жүз шақты адам шақырылып өткізілген болатын. Биыл форматымыз өзгеріп, кеңейіп, жалпы 500-ден астам түлек жиналды. Олардың көпшілігі басқа қалалардан, басқа облыстардан, тіпті, шетелден келгендері де бар. Бір жылдың ішінде біз түлектерді ауданға шақыра отырып 14 әлеуметтік жобаны іске асырдық. Екі балабақша аштық, мектеп түлектерінің бірі ашық алаңа астында 4 футбол алаңын ашты.
«Ұрпақтар сабақтастығы» ақциясы аясында әр жылғы түлектер жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, өздерінің өмір жолдарын айтып, тәжірибе алмасып, түрлі мамандықтар туралы білуге көмектесті. Аудан аумағында мектептерде 6000-нан астам оқушы қатысқан жалпы 74 кездесу болып өтті», - дейді Медеу ауданының әкімі.
Алғашқы өткен форумның қорытындысы бойынша, 2017 жылдың қаңтарында түлектер сайты құрылып, онда әр жылғы түлектер түрлі деректер, өткізілген акциялар мен шаралар, демеушілік және қайырымдылық көмектер туралы ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар, түлектер өзара байланысып, бастамаларды ұсынып және қолдап, мектеппен тығыз қарым-қатынаста болды.
Медеу әкімдігінің айтуынша, Алдағы уақытта ауданның әр мектебінде Түлектер Кеңесінің жұмысын ұйымдастырып, «Ұрпақтар сабақтастығы» бағдарламасы аясында мектеп оқушыларымен кәсіптік бағдар беру және тәрбие жұмысын жүргізу үшін аудан мектептерінің түлектерін бизнес, мемлекеттік құрылымдар, ғылым, мәдениет өкілдерін белсенді тарту жұмыстары жоспарлануда.
Назерке Лабихан