Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қонаққа шақырған 7 жастағы қызылордалық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев Астананы аралап жүр, деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Естеріңізде болса, 5 қазан күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Сыр өңіріне келген болатын. Сол сапарында Мемлекет басшысы Қызылордадағы «Арай» спорттық-сауықтыру кешенінде жастармен кездесті. Кездесуге Қамшыбек Қоңқабаев, Әсем Садықова, Мөлдір Жаңбырбай қатарлы елімізге белгілі спортшылар келген. Сонымен бірге, Елбасымен жүздесуге «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылар да облыс аудандарынан арнайы шақырылған еді. Кездесу барысында аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев Мемлекет басшысына болашақта ғарышкер болғысы келетінін, жақындарын ұшақпен қыдыртып, Астананы көргісі келетінін айтқан. Жас жеткіншектің бала арманы Елбасын бей-жай қалдырмаса керек. Кішкентай аттасының басынан сипап, ата-анасымен бірге Астанаға шақырған болатын. Кездесу барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдағы күндері Нұрсұлтан мен оның жақындарының еліміздің бас қаласына барып-келуіне жағдай жасалатынына уәде берді.


Жас баланың арманы орындалып, Нұрсұлтан әке-шешесімен, әжесімен және кішкентай қарындасы Жанеркемен Астанаға кеше келіпті. Көптің назарындағы Нұрсұлтан өжет бала. Тілшілер қауымының сауалдарына тайсалмай жауап берді. «Астанаға бірінші рет келіп тұрмын. Қала маған қатты ұнады. Бәйтеректі бұрын тек қана теледидардан көретінмін. Бүгін ішіне кіріп, кең екенін байқадым. Келешекте Президент болғым келеді. Ол үшін көп оқу керек екенін білемін», - дейді бала Нұрсұлтан. Немересінің Астанаға Елбасының шақыртуымен келгеніне әжесі Айнагүл де қатты қуанып жүр. Айтуынша, немересінің атын «Нұрсұлтан» деп ырымдап өзі қойған екен. «Шыны керек, немеремізді Астанаға Елбасы шақырады деген үш ұйықтасақ түсімізге кірер ме еді. Атын ел үшін еңбектенсін деген тілекпен ырымдап Нұрсұлтан қойған едік. Отбасымызбен Елбасының арқасында Астананы көріп жатырмыз. Құдайға шүкір, немереміз сабақта үздік оқушылардың бірі. Бірінші сыныпты үздік аяқтады. Кеше де осы жаққа келе жатып «мен сабағымнан қалатын болдым» деп уайымдап қояды», - деп күледі әжесі. Нұрсұлтан қарындасы Жанеркені бірге қыдыртып жүр. «Бәйтерекке шығып, немерем қолтаңбаға қолын салып, қуанып жатыр. Бәрі де жақсы күтіп алды. Ендігі кезекте, Астана Опера театрына, ойын орталықтарына апармақ. Халқымызға береке-бірлік тілеймін. Әсіресе, Елбасымызға зор алғысымыз бен ыстық ықыласымызды білдіргіміз келеді. Жастар үлкен биіктен көріне берсін деп тілеймін», - дейді бала Нұрсұлтанның әжесі Айнагүл.