Білетіндер Алтынбек Сәрсенбайұлы студент кезінен Көкжайлауға жаяу шығуды дағдыға айналдырған деседі. Ол ылғи да Медеу шатқалынан Көкжайлауға асып, Алма-арасан шатқалына қарай жаяу серуен жасап тұрған. Тіпті, Ресейде Елші қызметінде болғанда да Алматыға жолы түскен демалысында Алатауды асып отырған. Өмірінің соңғы жылдарында аптасына бір рет тау асып келуді әдетке айналдырған екен. Жалғыз Көкжайлау емес, Шалкөдеге, Қайыңсайға, Алатаудың әсем табиғатына жиі серуен құрған. Тіпті, 2005 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлы ауылдастарымен жүздесіп: «Бір мұратым – алыстан айбарланып көрінетін Лабасы шыңына шығу. Дәм тартса, келер жылдың жазында жүзеге асырсақ», – деген екен. Алаштың айбарлы Алтекеңі 2006-ның жазын көре алмай кетті. 2006 жылы 11 ақпанда Сұлусайда қастандыққа ұшырап қаза тапты. Алайда Лабасы шыңын Алтекеңнің ізбасарлары бірнеше мәрте бағындырған. Алтынбекті ардақтайтын халқы Құмбелдің етегіндегі оның соқпағымен де жыл сайын жүреді.
Бүгін де мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының 55 жасқа толар туған күніне орай, марқұмның еске алушы достары, шәкірттері, ізбасарлары «Алтынбек соқпағымен» жүріп өтті. Марқұмның туған күні 12 қыркүйекте қабір басында құран бағышталған болатын.
Жиналған 60 шақты адам бүгін таңғы онда Медеу шатқалынан Құмбел тауын бетке алып Көкжайлауға қарай асты. 15 шақырымға созылатын жолды жүргіншілер 4 сағатта жүріп өтті. Еске алушыларға жолдың соңы болған Казачка шатқалында ас берілді. Алтынбектің жолымен жүріп өткендер арасында 5 жастағы балатын 85 жастағы қарияға дейін бар.
Ас соңында келушілерге алғыс айтқан Рысбек Сәрсенбайұлы: «Тау адамды шыңдайды. Күш-қуат береді. Қиындықта жеңуге үйретеді. Бір жағынан алғанда Алтекеңнің өмірі осындай бұралаң, өрлі-еңісті, құз-қиялы, жартасты, шыңды болды. Қысқа ғана өмір сүрсе де соның бәрін көрді. Соның бәрінен өтті. Тау ешқашан аласармайды. Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Алтекең де сондай, елі үшін ол үлкен тау. Сіздер үшін де солай. Алтынбектің ойы аласармайды, сөзі мен мақсаты, құрған жоспары аласармайды. Соның бәрі іске асуы керек. Оны іске асыратын сіздер мен біздерміз. Алтекең біз үшін өмір сүрді. Халық үшін, мынау ұрпақ үшін жанын берді. Ертеңгі күні балаларымның көзіне тура қарай алатын болайын, солардың алдында ұялмайтын болайын деді. Арын-намысын жоғары қойды. Сол үшін де құрбан болған шығар. Осы еліміздің бүгіні жақсы болсын, ертеңі одан да жақсы болсын, балаларымыз алаңсыз, уайымсыз, қайғысыз, қиындықсыз, қиянатсыз бір мамыражай елде, қоғамда, мемлекетте өмір сүретін болсын деп армандады. Осыны қалады. Әр қазақтың жақсы өмір сүргенін, бір-біріне күліп қарағанын, бір-біріне жақсы сөз айтқанын қалаған еді. Алтекеңнің ісін енді жастар жалғастырады. Мағжан айтқандай «мен де осы жастарға сенемін». Алтекең бекер өмір сүрген жоқ, өмірі бекер өткен жоқ. Ол жалғасын табады», - деп аяқтады өз сөзін.
Нұрғали Нұртай.