Тұран университетінде Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің отырысы болып өтті

/uploads/thumbnail/20171102125104196_small.jpg

Алматы қаласы Тұран университетінде қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге қатысты Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысы болып өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Қоғамдық кеңестің отырысына «Тұран» университетінің ректоры, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов модератор ретінде қатысты. Сонымен бірге, саясаткер Саиров Ерлан Биахметұлы, «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының директоры, саясаткер Қалиев Талғат Бегімұлы, «Kazinform» халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры Омаров Асқар Қуанышұлы, Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың Республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Тілешов Ербол Ердембекұлы, Халықаралық ақпараттық технологиялық университетінің ректоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Шыныбеков Дамир Әбдухалиұлы, «Жастар үні» ЖҚҚ төрағасы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бабамұратов Дәурен Әбуталипұлы, саясаттанушы, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Айдос Сарым Қоғамдық кеңестің отырысында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесіне қатысты өзіндік пікірлерін білдіріп, баяндама жасады.

Алматы

«Латын әліпбиіне қатысты қазіргі таңда көптеген жиындар өтіп жатыр, оның біршамасына қатысып, латынға көш туралы идеяға қолдауға білдірдік. Ал, енді шешім шығып, қабылданған кезде оны артқа тарту ол туды жыққанмен бірдей болмақ. Латын әліпбиінің нұсқаларына қатысты алып-қашпа әңгімелер көбейіп, ел арасында дау туындай бастағанда бұл мәселе тағы да кейінге шегеріледі ме деген қорқыныш туындаған болатын. Алайда, қуанышымызға орай, олай болмады. Бұл мәселеге қатысты Елбасы жарлыққа қол қойып, саяси шешім қабылданды. Ал, біз үшін ең бастысы осы шешімнің қабылданғаны болатын.

Латын әліпбиінің нұсқасына келер болсақ, ол әлі де талқылану керек. Апробациядан өтіп, оның тиімді және әлсіз тұстарының барлығы да ескерілу қажет. Жан-жақты талқыға салып, ең дұрыс, ең тиімді, ең ұтымды нұсқаға тоқталуымыз қажет. 2025 жылға дейін өзгерістер енуі мүмкін, ең бастысы біз латын графикасына көшеміз», - дейді Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дәурен Бабамұратов.

Қазіргі таңда қоғамда үлкен талқыға түсіп жатқан қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесіне қатысты Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Өмірзақ Айтпайұлы да өзінің пікірін айтып өтті.

«Қазіргі таңда жер-жерде латын әліпбиіне көшуге қатысты Елбасының жарлығы талқылануда. Бұл – біз көптен күткен шара болатын. Жұрт мұны саяси шешім деп атап жатыр, ал мен бұл істі тарихи шешім деп атаймын. Тарихи шешім болатын себебі, біздің тәуелсіз ел болғаннан бұрын, халықаралық қазақ тілі қоғамы ең алдымен тілдің тәуелсіздігі үшін күресті. Тіл тәуелсіздігі арқылы қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдырды. Ал, содан кейінгі ірі оқиға – елдің тәуелсіздік алуы болса, одан кейінгі тағы бір ірі оқиға еліміздің астанасын өзгертуі болды. Сол оқиғалардан кейінгі тағы бір ең ірі  тарихи оқиға – осы латын әліпбиіне көшу болмақ.

Біз осы уақытқа дейін өзіміздің ұлттық жазуымызды қалыптастыра алмай келе жатқан ел болатынбыз. Ұлттық жазудың негізін, бәріміз білетіндей, Ахмет Байтұрсынұлы қалаған болатын. Алайда, біз оны әрі қарай дамыта алмай қалдық. Міне, енді қазіргі таңда сол ұлттық жазуымызды қалыптастырудың үлкен мүмкіндігі пайда болып отыр», - дейді Өмірзақ Айтпайұлы.

Оның айтуынша, латын графикасына сөзсіз әлі де өзгертулер енгізіледі.

«Көш жүре түзеледі. Қазір латын әліпбиі нұсқаларында біршама кемшіліктер бар. Оларды қазір айтып, айтысудың керегі жоқ. Ең бастысы біз жазуымызды қабылдадық па, нағыз жұмыс енді басталады», - дейді Өмірзақ Айтпайұлы.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар