Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Атбасар қаласын қайта су басу қаупі туралы мәселеге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.
«Дайындық жұмыстары жүріп жатыр — өзен арнасын тазалау және түзету бойынша едәуір жұмыстар атқарылды. Атбасарда екі үлкен көпір бар — бірі темір жолға, екіншісі - автокөлікке арналған. Оларға жақын орналасқан үлкен аумақ тазаланды. Екіншіден, құбырларды ауыстырып жатырмыз, 30 қарашаға дейін бұл жұмыстар аяқталады. Оның үстіне, Атбасар бөгетіне жеке адамдардың есебінен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оған бюджеттен еш қаражат жұмсалған жоқ. Атбасардағы шаруашылықтар техникасының көмегімен барлық тұрғындар бөгетті қалпына келтіріп жатыр», — деді Мәлік Мырзалин.
Алайда, өңір басшысы Атбасарға бетоннан салынған өндірістік бөгеттің қажет екенін баса айтты. «Сөзсіз, Атбасарға қауқарлы бөгет қажет. Бізде әзірге топырақ үйіндісі ғана бар. Атбасарға өндірістік бөгет тұрғызу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оған уақыт қажет. Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлдік. Сараптама өткен соң, келесі жылы өндірістік бөгет құрылысына кірісеміз. 2018 жылы топырақ үйіндісін құрамыз, ал 2019 жылы Атбасарды тасқын судан өндірістік бөгет қорғайтын болады. Тұрғындар бізге сенуі қажет, ал әкімдік арқаны кеңге салмай, тынымсыз еңбек етуі керек», — деді Мәлік Мырзалин.
Бұған дейін ҚР Үкіметі отырысында ҚР ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымов Атбасарды қайта су басу қаупі бар екенін мәлімдеген еді.
Пікір қалдыру