Елордалық колледждің студенттері су тасқынынан зардап шеккен отбасыға көмектесу үшін жапсырма мен шоколад сатып жүр, — деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасай отырып.
Колледж студенттері Астанада баспанасыз қалған отбасыға үй салуға қаржы жинап жатыр.
"MeyrimdiAsyladam" қайырымдылық қорының еріктілері құрылыс бригадасымен есеп айырысу үшін өткен-кеткен адамдарға "Шипы" жапсырмасын сатуда.
Қылымбектің айтуынша, ол қор туралы ЭКСПО көрмесінде ерікті ретінде жұмыс істеп жүргенде білген. Елордадағы қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті сабақтан бос уақытында қайырымдылықпен айналысуға шешім қабылдапты.
"Мұқтаж адамға көмектескім келіп жүретін. Біреуге қол ұшыңды берсең, ләззат аласың. Біздің қорда шот ашылған, тұрақты түрде есеп беріп тұрамыз. Егер кеңсеге 75 мың теңге алып барсақ, ол дереу құрылыс бригадасының карточкасына аударылады", — деп түсіндірді Қылымбек.
Қордың еріктілері жапсырмаларды қаланың әр түрлі бөлігінде, әдетте сауда-ойын-сауық орталықтарының жанында сатады.
"Жалпы бұл жұмыста еріктілерге ақша төленеді. 12 жапсырма сатсаң, екі мың теңге аласың. Алайда біз тегін жұмыс істеп жатырмыз. Үйде компьютердің алдында отырғанша, адамдарға көмектескен дұрыс деп ойлаймын. Оқуға кедергі келтірмейді", — деді сөз соңында Қылымбек Атагелдиев.
Қазіргі таңда еріктілер су тасқынынан кейін баспанасыз қалып, киіз үйде тұрып жатқан Раушан Иманғалиеваға көмектесу үшін қаржы жинап жатыр.
Пікір қалдыру