Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасын ұсынады. Жобаның іс-шаралары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Күні және Тәуелсіздік Күні мемлекеттік мерекелеріне орай жүзеге асырылады. Әрі, Елбасының жыл сайынғы жолдаулары мен Қазақстанның дамуы тақырыбындағы стратегиялық бағыттары түсіндіріледі.
Еліміздің астанасын көшірген сәттен бері 20 жылдың ішінде алғаш рет Мемлекет басшысының Жеке архиві, Жеке кітапханасы және Музейі қорының зерттеу нәтижелері мен материалдары Алматы қаласы қалың жұртшылығының назарына ұсынылып отыр. Осы жылдардың ішінде Астана әлемдегі ең танымал және құрметке лайық қала мәртебесін иеленіп, бүгінде жаһандық деңгейдегі маңызды шешімдер қабылданатын алдыңғы қатарлы ғылыми және мәдени орталыққа айналды.
Жоба аталмыш көшпелі қор көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінен басталады. Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы рөлін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен көрсету.
Көрменің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сынды беделді азаматтардың қатысуы жоспарланып отыр.
Көрермендер назарына Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорларының материалдары ұсынылатын болады. Олардың қатарында шет мемлекет және үкімет басшыларының Н.Ә. Назарбаевқа тарту еткен жоғары мемлекет наградалары, Қасиетті Құрандардың бірегей жинақтары, мемлекет басшылары тарту еткен қолтаңбалық кітаптар, сондай-ақ Н.Ә. Назарбаевтың әлем тілдеріне аударылған еңбектері бар.
Сағат 14.00-де «Ғылыми-білім беру қызметіндегі инновациялық жұмыс түрлері» (Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жұмыс тәжірибесінен) семинары өтеді. Семинар барысында музей педагогикасының, жобалық жұмыстардың, қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруы шеңберіндегі білім беру және мәдени-ағартушылық мекемелері арасындағы өзара қарым-қатынасының өзекті мәселелері талқыланады. (Семинардың екінші бөлімі – 11 қараша сағат 15.00-де Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жалғасады).
Сағат 19.00-де Республика сарайында Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасының ашылуына орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің есептік концерті өтеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде 11 қараша сағат 10.00-де «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы: мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшы феномені» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз жұмысын бастайды.
«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін жұмыс жасайды.
11 қараша сағат 15.00-де осы алаңда «Рухани сананы жаңғыртудағы музейдің, архивтің, кітапхананың рөлі» ғылыми-тәжірибелік семинары және «Рухани сананы жаңғырту: кітапхана және архив қызметтерінің өзекті мәселелері» дөңгелек үстелі өтеді.
Білім беру және мәдени-ағартушылық саласында жастармен жұмыс жасаудың жаңа технологиялары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде және Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 13 қараша күні сағат 10.00-де және 15.00-де өтетін «Қазақстан жолы: «Мәңгілік Ел» семинар-тренингінің барысында ұсынылады. Семинар-тренинг Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасындағы білім беру жобасының құрамдық бөлігі. Ол «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының аясында құрылып, «Көшбасшы әлемі» моделін, Мемлекет басшысының саясат пен басқарудағы оң тәжірибесін ашып қана қоймай, қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың тұлғалық қырларын көрсетеді.
10–16 қараша аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде және Алматы қаласының жоғары оқу орындарында жоспарланған ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық ауқымды шараларының қатарында 14 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Рухани жаңғыру: жастар көзқарасы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді.
16 қараша сағат 10.00-де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Назарбаев моделі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді, сағат 12.00-де дәрістер мен интерактивті пікірталас түрінде әзірленген «Назарбаев моделі» кітабының тұсаукесері болады. Сонымен қатар, Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған шетелдік және отандық авторлардың әлемнің бірнеше тілдерінде жарық көрген кітаптары ұсынылатын «Әлем қадірлеген Елбасы» кітап көрмесі ұйымдастырылады.
Елбасы кітапханасы жобаларының іс-шараларына Алматы қаласы әкімшілігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының басшылары, ғалымдар, саясаттанушылар, т.б. қатысады. Алматыдағы екі ай жұмыстың көшпелі жобасы аясында сарапшылар қауымдастығы, ғалымдар, мәдениет және білім беру салалары мамандарының кездесуі өтеді.
Көрменің барлық жұмыс күндері оңтүстік астанамыздың тұрғындары мен қонақтары тақырыптық және шолу экскурсияларын тыңдап, Елбасы кітапханасы қызметінің бағыттарымен жан-жақты таныса алады.
Пікір қалдыру