Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті «Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен Славян жазбалары мен мәдениеті күніне арналған дөңгелек үстел отырысы өз жұмысын бастады.
Қалыптасқан дәстүр бойынша Қазақстан халқы славян жазбалары мен мәдениеті күндерін жыл сайын 24 мамыр күні атап өтеді. Шараға байланысты республиканың көптеген аймақтарында дөңгелек үстел, конференция, концерт, кітап көрмесі, әртүрлі байқаулар мен викториналар ұйымдастырылады.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында бүгін сағат 10:00-де «Ғасырлар тоғысындағы славян және түркі халықтары: тілі, мәдениеті, жазбалары» тақырыбында халықаралық «дөңгелек үстел» өткізуде.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – ғасырлар тоғысындағы славян және түркі халықтарының тығыз қарым-қатынасы, орыс және басқа да славян тілдерін үйрету саласында қалыптасқан тәжірибе алмасулар мен Қазақстанның этномәдени кеңістігінде славян тілдерін сақтау мен дамытудың түрлі аспектілері төңірегіндегі пікір алмасулар болып отыр.
Дөңгелек үстел отырысында қазақстандық және шетелдік жетекші ғалымдардың славян жазбалары жайындағы зерттеулері, әлеуметтану, лингвомәдениет, аударма саласындағы баяндамалары ортаға салынбақшы.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі М.А.Әзілханов, Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Н.Бочарников, Беларусьяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі А.Ничкасов, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары О.Г.Дымов, «Українські новини» газетінің бас редакторы Т.А.Чернеги және т.б. қатысуда.
Дөңгелек үстел аясында славян филологиясының оқу-әдістемелік оқулықтары бойынша көрме өтуде.
Пікір қалдыру