«Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты құрылды

/uploads/thumbnail/20171113111015157_small.jpg

Тәуелсіздік жылдары Елбасының басшылығы арқасында еліміз орасан зор  табыстарға қол жеткізді. Дегенмен, бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарынан көрінгіміз келсе, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі – ЭЫДҰ) талаптарына сай реформаларды жүзеге асыруға тиіспіз.  Бұл, ең алдымен, өмір сүрудің жоғары деңгейі мен жаңа әрі тиімді экономиканы қалыптастыруды қажет етеді. Ал әкімдер үшін маңызды міндет – өмір сүру стандарттарының сапасын жақсарту, – деп бастады сөзін қала әкімі Бауыржан Байбек. Осы ретте шамамен осыдан екі жыл бұрын қаланы одан әрі дамыту мен алматылықтардың жайлы өмір сүруі үшін және Алматының Даму бағдарламасының жобасын жасауға американдық консалтингтік McKіnsey & Company компаниясының сарапшылары мен мамандары тартылған еді. Сол кезде халықаралық «McKіnsey»  сарапшыларының қатысуымен «Алматы – 2020» бағдарламалық реформасы қабылданды. Бұл жоба қазіргі кезде ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Жалпы, кездесуде қала әкімі Бауыржан Байбек биыл барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша шаһарда оң өзгерістер қалыптасқанын тілге тиек етті. Мәселен, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында экономиканың өсу қарқыны 4 пайызға жеткен екен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе жоғары. Негізі капитал инвестициясы 12,8 пайызға өсіп, 400,5 млрд. теңгені құрады. Мұнда жеке инвестиция көлемі 80 пайызға тең. Ал сыртқы инвестициялар 23,5 пайызға артқан екен.

Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар экономиканың өсуіне зор ықпал еткен. Соның арқасында тұрғын үй құрылысы төрт есе өсіпті. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,8 мың пәтер салынып, биыл 4,5 мың пәтер пайдалануға берілген екен. Ал қолжетімді  баспана көлемі 1,5 есеге  артқан. Жеке құрылыс  саласында да жетістіктер аз емес. Екі жылдың ішінде Қалақұрылысы кеңесі  жалпы құны 1 трлн. теңге болатын 82 жобаны бекіткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда қаланы абаттандыруға 2,3 есе, жол салуға 1,3 есе, инженерлік желілерге 1,3 есе көп қаржы бөлінді. Нақты іс-шаралардың арқасында қосымша 43 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге көп.

Бүгінгі күні қалада кәсіпкерліктің 173 мыңнан астам субъектісі жұмыс істейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға көп. Индустрияландыру картасы бойынша жалпы құны 36,8 млрд. теңге болатын 38 жоба жүзеге асуда. Соның арқасында үш мың жұмыс орны құрылды. Индустриалды аймақта құны 191,3 млрд. теңге болатын 40 жоба  қолға алынып, жаңадан 5 мың жұмыс орны ашылды. Мемлекет басшысы биылғы қыркүйек айында Алматыны дамыту жөнінде өткен кеңесте  тұрғындар санының өсуіне байланысты қаланың бас жоспарына жауап беретін институтты құру туралы мәселе көтерген болатын. Осы ретте  Алматының бекітілген бас жоспарын егжей-тегжейлі қарайтын арнайы жаңа ұйым құрылды. «Алматыбасжоспар» деп аталатын ғылыми-зерттеу институты қала маңындағы аймақтарды дамыту, жалпыға ортақ құрылыс ережелерін жүзеге асыру шараларымен айналысады. Атап өтерлігі, мұндай институт алып шаһарда осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс істеген екен. Кейіннен қызметін тоқтатқан.

– Біздің бағдарламаның басты  міндеті –  қалада жайлы орта қалыптастыру. Биыл жүйелі жаңғырту жұмыстарын қолға алдық. Бүгінде батыстық стандарт бойынша қаланың тарихи орталығының үштен бірі қайта жасалып, жаңғыртылды. Бұдан өзге, Райымбек, Достық, Абай даңғылдары мен Есентай өзенінің бойы, яғни тарихи орталықтың тағы да 178 гектар жері  қайта жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар қалаға бірыңғай архитектуралық келбет беру үшін жүргізілуде. Біз жаяу жүргіншілер үшін сапалы инфрақұрылым жасап қана қоймай, заңсыз құрылыстар мен визуалды  көріністерді алып тастамақпыз. Шынтуай­тында, «келеңсіз экономикамен» күрес жүріп жатыр, – деді  мегаполис басшысы.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар