Көлік министрі Марат Қарабаев 2025 жылы қосымша 4 мың шақырым ақылы жол енгізілетінін мәлімдеді. Бүгінде елімізде мұндай жүйе тек 3,2 мың шақырым жолда жұмыс істеп тұрғанын ескерсек, ақылы жол учаскелерінің саны екі еседен астамға артады.
Үкімет отырысы барысында Қарабаев бюджет жүктемесін азайту және жолдардың өзін-өзі ақтауын қамтамасыз ету мақсатында қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде ақылы жол жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасатынын атап өтті.
"Қазіргі уақытта елімізде 3 мың 200 шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істеп тұр. 2024 жылы бұл жүйеден түскен кіріс 48 миллиард теңге болды. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы жол іске қосылады, олардың кірісі 60 миллиард теңгеге жетеді, ал келесі жылы бұл көрсеткіш 100 миллиард теңгеге дейін өсуі мүмкін", – деді ол.
Сонымен қатар, министр ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін өтеуге бағыттау мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
Пікір қалдыру