Made in Almaty: Almaty TV жаңа жоба ұсынады

/uploads/thumbnail/20250204172155615_big.webp

Almaty TV кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Made in Almaty» атты жаңа жобаны іске қосады. Әр шығарылым зауыттан шағын цехқа дейінгі аралықтағы кәсіпорындардың креативті және қарқынды даму жолын назарға алмақ. 

«Made in Almaty» жобасының мақсаты – қалада өндірілген отандық өнімдерді көрсетіп, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі және отандық өнеркәсіп саласын дамытуға атсалысып жүрген адамдардың күнделікті жұмысы жайлы айту. Бүгінде Алматыда жұмыспен қамтылғандардың 85 пайыздан астамы ШОБ саласында жұмыс істейді. Тек соңғы жылда оны дамыту үшін бюджеттен 53,1 млрд теңге бөлінді. 

Осындай табысты дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – ғимарат, әлеуметтік инфрақұрылым және өнеркәсіп құрылысында қолданылатын кабель және сым өнімдерін шығаратын зауыт. Тек бір айдың ішінде кешен 120 тоннадан астам дайын өнім шығарады. Қырғызстан мен Әзірбайжанға экспорт жолға қойылды. Алдағы уақытта Еуропа елдеріне экспорттау жоспарланған.

«Бұл салада жұмыс істегеніме 20 жылдан асса да маған жұмыс барысындағы әр сәт қызықты. Қазір жас мамандарды оқытып жатырмыз. Болашақта зауытты үлкейтіп, мүмкіндіктерді үлғайтып, жұмыс орнын көбейтуді жоспарлап отырмыз», – деді зауыттың бас инженері Азатбек Қуанышбекұлы.

Бүгінде Алматы Индустриалды аймағында 11,6 мың жұмыс орны ашылып, 485 млрд теңгенің 67 жобасы жүзеге асырылуда. Биыл 3 мыңға жуық жұмыс орнын құруды қажет ететін, құны 197 млрд теңге тұратын 15 жобаны іске қосу жоспарлануда. Кабель-сым бұйымдарын шығаратын зауыт арқылы жергілікті кәсіпорындардың мемлекет қолдауымен қалай өсіп, дамып, қала экономикасына ғана емес, бүкіл елге пайда әкелетінін көруге болады.

Айта кетейік, бұған дейін «Almaty TV» телеарнасы «Жұмысшы мамандықтары» жылында Алматы қаласының коммуналдық қызметкерлеріне, құрылысшы, фельдшер және т.б. кейіпкерлерге арналған «Шаһар шырайы» атты арнайы жобаны іске қосқан еді. Жуырда «Алматы аудандары», «Алматы көшелері» және «Кері байланыс» сияқты бірқатар жаңа бағдарламалар жарық көреді. Сондай-ақ жаңалықтар «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» айдарларымен толықты. 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар