Жылда желтоқсан жақындағанда тәуелсіз күні мен жаңа жылға дайындық жұмыстары сөз болады. Барша қазақ үшін аса қадірлі Тәуелсіздік мерекесі өтпей тұрып, жаңа жылға дайындықты бастау елдігімізге сын. Аталмыш мәселе талай мәрте көтерілді, айтылды, халық өз наразылығын білдірді, білдіріп те жатыр. Алайда одан ешқандай нәтиже жоқ. Тарихи мәні зор тәуелсіздік күні жаңа жылдың тасасында қалып отыр.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі еліміздің басты қалалары Астана мен Алматыда Тәуелсіздік күнінен дайындық қалай жүріп жатқанын жазған. Тәуелсіздік күніне қатысты жоспар мен жаңа жылға дайындық қашан басталатынын білу мақсатында Алматы әкімдігіне арнайы сауал да жолдадық.
Онда жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнінен кейін бірақ басталады деп тасқа таңба басқандай жазылған. Алайда қалада жаңа жылға дайындық қазірден басталып кетті. Оған «Достық Плаза», «Esentai mall», «Mega Park» сынды сауда орталықтарындағы жаңа жылдық безендірулер мен орнатылған шырша дәлел.
Қала бойынша халық көп жүретін жерлердің бірі – Саяхатта жаңа жылдық шырша қасқайып тұрғаны да біраз уақыт болды. Сонда Алматы әкімдігінің дайындықты Тәуелсіздік күнінен кейін бастаймыз деген сөзі қайда?! Алматы әкімдігі екі сөйлейтін болғаны ма?
Қалада әкімдіктің рұқсатынсыз мұндайға жол берілмейтіні анық Оның үстіне әкімдіктер арнайы кәсіп иелеріне жаңа жылға дайындықты бастау қажеттігін ескертетінін, өйтпеген жағдайда айыппұл салынатынын ескертетінін астаналық кәсіпкер айтқан еді.
Қоғамдық белсенді, экономист Мұхтар Тайжан әлеуметтік желіде Астанада жаңа жылдық безендіруді тоқтатуды, оның орнына көшелер мен көпшілік орындар ұлттық нақышта, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының түсімен безендірілуін талап етті. Бұл талапқа қосылатындар өз аты-жөндері мен тұратын қаласын жазып қалдырды. Соның нәтижесінде жүздеген адамның қолы жиналды.
Мұхтар Тайжан кеше ҚР Президенті әкімшілігіне жүздеген адамның талабын өткізді.
Халықтың талабы орындалады деп сенеміз. Себебі ұлттық құндылығымызды айқындамай, ел, ұлт үшін маңызды қажетсіз дүниенің ара жігін ажырата алмасақ тарихи тамырымыздан ажыраймыз. Елдігімізге сын.
Әсем Әлмұханбет
Пікір қалдыру