Елордада жаңадан ашылатын ХҚКО-да операторлар болмайды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты.
«Жақын арада Астанада digital-ХҚКО-ны ашу жоспарланып отыр. Онда операторлардың қатысуынсыз мемлекеттік қызметтерді толықтай автоматтандырылған режімде алу қарастырылған. Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығын ашу мемлекеттік қызметтердің жаңа форматына көшудің кезеңі болады. Осы орайда азаматтар қоғамдық пунктер, өзіне қызмет көрсету секторлары мен арнайы стендтердегі планшеттер көмегімен электрондық өтінімдерді береді», - деді Дәурен Абаев.
Бүгінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету процестерін одан әрі дамыту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Ең алдымен, «электрондық үкіметтің» және «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорацияның қызметін үйлестіру мен дамыту шаралары ескерілген.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірігіп жасалған сервиске сәйкес, қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдарға «электронды үкімет» арқылы анықтама беру қызметін іске қосу жоспарлануда. Бұл қызмет түрі ХҚКО қызметкерлерінің қатысуысыз өтеді. Азамат жеке мәліметтерін беру-бермеу жөнінде шешімді өзі қабылдап, SMS-хабарлама арқылы жауап береді.
«Қазіргі кезде 746 мемлекеттік қызметтің 621-і немесе 83 пайыздан астамын азаматтар мемлекеттік корпорация арқылы алуға қауқарлы. Еліміз бойынша оның 349 фронт-кеңсесі бар. Оларда жұмыс істейтін 22 мыңға жуық қызметкер жыл сайын 34 миллионнан астам қызмет көрсетуде», - деп нақтылады Дәурен Абаев.
Пікір қалдыру