Бақытты да тату отбасы – қоғамның байлығы. Осы орайда «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының өкілдері «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясында әлеуметтік қолдауды қажетсінетін отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға әлеуметтік көмек көрсетті.
Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша аталмыш жоба аясында кірісі аз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайын білу мақсатында арнайы рейд ұйымдастырылып, мониторинг жұмыстары жүргізілген еді. Рейд барысында Орал қаласының отыз бір жасар Наталья Кожевникова төрт перзентінің киім-кешектен қиналып жүргенін жеткізген еді.Бұл жолы облыстық мәслихаттың депутаты Ляна Тұрсынова төрт балаға қажетті күртешелер, аяқ киімдер сыйлады. Сондай-ақ жұмыссыз қалған Натальяға жұмыс ұсынып, Орал қалалық №26 жалпы білім беретін орта мектебінде оқитын екі баласын тегін тамақпен қамтамасыз ететінін айтты. Бір сәтте көл-көсір қуаныштың иесі болған жас ана шексіз алғысын білдірді. Халық қалайлыларының маңдай тіреген келесі әскери қызметкерлердің жанұясында жеті перзент өсіп келеді. Ақ дастарханын жайып, қарсы алған көп балалы ана Мәдина Ақылбаева бүгінгі күніне шүкіршілік айтады.
- Жұбайым – әскери қызметкер. Өзім де осы әскери салада қызмет жасадым. Әзірге бала күтімімен үйде отырмын. Қызмет бабымен Ақтау қаласынан көшіп келдік. Жеті баламның үлкені он бесте, кішісі үш жаста. Қазақта «Бай болып көрген жоқпын, кедей болып өлген жоқпын» деген жақсы тәмсіл бар. Сол айтқандай, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрудеміз. Балалы үй қашан да базарлы. Балаларымның дені сау болып, ауырмай өсіп кетсе, соның өзі бізге үлкен демеу. Бүгін біздің жағдайымызды біліп, хәл сұрай келген жандарға алғысым зор,- дейді көп балалы ана. Рейд барысында бұл отбасының перзенттері де киім-кешекпен қамтамасыз етілді.
Қазақта «Қуантсаң баланы қуант» деген сөз бар. Қамкөңіл балалардың қуанышына не жетсін?! Мұндай бағыттағы сауабы тиер шарапатты іс Ақ Жайық өңірінде жалғаса бермек.
Гүлім Ақап,
Батыс Қазақстан облысы
Пікір қалдыру