Бішкекте өтіп жатқан ұлықтау салтанатында сөйлеген Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков қызметінен кетіп жатқан президент Алмазбек Атамбаевқа алғыс білдіріп, алғашқы жарлығымен оған «Қырғыз Республикасының Батыры» атағын беретінін және «Ак-Шумкар» орденімен марапаттайтынын мәлімдеді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттыққа сілтеме жасай отырып.
Жээнбеков бұған қоса сайлаушылар мен партияластарына өзіне сенім білдіргені үшін алғыс білдірді. «Елдің тағдыры - бұл әрбіріміздің тағдырымыз. Мен үшін өмірдің - мәні сіздердің сенімдеріңізді ақтау және мемлекеттілікті нығайту» деді Қырғызстан президенті.
Ол сонымен қатар Атамбаев бастаған даму жолын, мемлекеттік басқарудың парламенттік формасын жақтайтынын мәлімдеді.
Сооронбай Жээнбековті ұлықтау салтанаты Бішкектегі «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында өтіп жатыр.