Бет-әлпетті бүркемелейтін киім киюге тыйым салудың дінге қатысы жоқ, ол қоғамдық қауіпсіздік үшін қажет. Бұл туралы Дін істері және азаматтық қоғам министрі айтты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Астана арнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін дін, діни бірлестіктер туралы заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылау бойынша дипкорпус өкілдері үшін брифинг өтті.
Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, бетті тұмшалап киіну құқыққорғау органдарының тұлғаны тануына кедергі жасайды. Бұл нормаға қатысты азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік қызметкерлер мен сарапшылар пікірі ескерілген. Бельгия, Франция секілді басқа елдердің де тәжірибелері ескерілген. Министрдің айтуынша, олар никаб, хиджаб киюге тыйым салу адам құқын бұзбайды деген шешімге келген.
«Бұл тікелей діни мәселеге қатысты емес, шын мәнінде ол қоғамдық қауіпсіздік мәселесі. Мысалы, никаб, чадра, палаклава немесе бетперде секілді киім кию құқыққорғау органдарының жұмысына кедергі жасайды. Демек қоғамдық қауіпсіздікті қамту бойынша шаралардың тиімсіз болуына әкеледі. Сондықтан оның дінге қатысы жоқ», - деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.