Бауыржан Омаров: «өлең оқымаймын, түсінбеймін»
Филфактағы «туған» ағаларымның бірі Фазыл Бисенбаев еді. КазГУ-ден қып-қызыл диплом алып, жан-жағыма қарап жүргенде, Фазағамның бастауымен «Алма арасанға» бардық. Дастархан басында «Жеті күннің» жүргізушісі де отырды. Мен ғана емес, ауылдағы біраз қазақ Бауыржан Омаровты осылай танитын. Өлең оқытты.
Ыждағатпен тыңдағандарына әжептәуір арқаланып қалсам керек, бір оңаша қалған сәтте Бауыржан ағадан: «Сіз өлең оқисыз ба?» деп сұрадым. «Жоқ, өлең оқымаймын, тіпті түсінбеймін өлеңді» деді. «Е, өлеңді түсінбей де мықты журналист болуға болады екен ғой» деп түйдім.
Кейін білдік, Баукеңнің поэзияны қалай «оқитынын»?!
Сұрағымның кереметтігін айтсаңызшы!
Алғашқы ұстазым – Әділбек
Әділбек Жапақ менен екі жас кіші. Бірақ менің журналистикадағы ұстазым. Мақсат Тәж-Мұратовтың «қырына» ілікпеу үшін Әділбектің мазасын аламын. «Ананы қайтем? Мынаны қайтем? Қалай барам? Қалай жазам?» Қыл аяғы қанша бет жазуым керек деп те сұраймын. Ол да жалықпайды. Ұнатпаса да амал жоқ.
Мен жұмысқа жаңа қабылданып, айлығы шайлығына жетпей жүрген жұпыны журналистпін. Ол «Ана тілінің» ақ мылтығы. Әредікте шашлыққа апарады… Сол кезде ғана «журналистикадан» басқа әңгімелерді айтып жырғап қаламыз.
Ұстаз Астанаға кетті Алматыны тастап…
Бір түнде бір кітап
Бірінші тапсырма – «Салт атты жолаушы» шығармасының авторы Құрғаманғазы Қараманұлымен сұхбат еді. Бұл Кеңес одағының өзінде Алаш орда туралы ақиқаттың шетін шығарған тұңғыш туындылардың бірі болатын. Жан сала кірістім. Кітапты әрең қолға тигіздім. Сұхбат сол күннің ертесінде дайын болу керек. Түнімен шығарманы оқып, тәңертеңінде авторымен жолығып, әңгіменің тиегін ағыттық. Содан жазған 7 бет сұхбатым, Анар Дүйсенбайдың қолына түскенде 3 бет болып қалмасы бар ма?! Сөйтсем, әрбір жолдың ортасынан өгіз өтетіндей алшақ жазыппын. Әйтіп-бүйтіп толықтаған болдым. Жаман шықпады.
«Адастыратын аялдамалар»
Өзім біліп бір нәрсе жазатын болдым. Аялдамалардың қазақша атауы жаныма аяздай батып жүретін. «Аялдамалардың атына абай болайық» дедім бе, әйтеуір көз шаршайтын тақырып қойдым. Бұл мақала газеттің орынбасары Қуанышбек Қаридың қолынан «Адастыратын аялдамалар» болып шықты.
Мақалаға қажетті суретті түсіру үшін аялдамада фотоаппаратымды құшақтап отырғам. Кондукторлардың көзіне түсіп қалудан қорғандым. Бір кезде «Абая-Матазалке» деп тамағы үзіліп кетердей айғайлап тұрған азамат: «басып жер бауырым» демесі бар ма?! «Әп, бәлем! Қолыма түстің»дедім де, аппаратымды «жарқ» еткізе қалдым. Сәтті шықты.
«Бас редакторды» сынадым
Мақала жарық көрген соң теріме сыймай іштей мақтанып жүргем. Бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Апталық басқосуда бұрынғы «Мысты өңір» газетінің бас редакторы, сол кезде «Ана тілінің» тіл бөлімін ұстап тұрған Нұрперзент Домбай ағамыз менің мақаламды быт-шыт қылып сынады. Өзім сәтті қолдандым деген теңеулерім мен тікен сөздеріме тиіскенде, шыдай алмай отырдым.
Дәстүр бойынша келесі аптадағы газетке шолу маған жүктелді. Қуана келістім. Бірінші нысанам, әрине, Нұрперзент ағам. Менде сынаған болдым…
«Балапанның кек алуы ғой»… Нұрағам ренжіген жоқ.
Тәж-Мұратовтың тәжірибесі
Мақсат Тәж-Мұратов менің журналистикадағы тұңғыш тізгіншім болды. Шындығын айту керек, егер алғашқы қадамым Тәж-Мұратовқа шәкірт болудан басталмағанда менің журналист болып қалуым екіталай еді…
«Сен түк жаза алмайсың!»
«Нені жазу керек екенін білмейсің!»
«Қайтіп журналист болғалы жүрсің?»
«Мақала мына жерден басталады!»
Естуге тиісті, тиісті емес сөздердің біразын естисің. Түңілесің, жек көресің, айналып кеп өзіңді дәлелдегің келеді. Біраздан соң қайта шақырады. Барсаң жанында оқырмандар мен авторлар отырады.
«Мынау «Ана тілінің» ақ мылтық журналисі»
«Әдебиет пен этнография бөлімін алға сүйреп жүр».
«Мақаласын «Казахстанская правда» аударып басқан».
Қуанасың, мақтанасың, бұдан артық «мақтау» естігің келеді. Тырысасың…
Екінші орынбасардың бірінші орынбасары
Басқалардың түсінігін қайдам?
Пікір қалдыру