"Қазақ елі -550 жыл" шығармашылық бәйгесіне
«БЕС БЕЛЕС»
КЕЙІПКЕРЛЕР:
Ата, бала (13-15 жастағы жасөспірім, бозбала).
Керей хан
Әбілқайыр хан
Кенесары хан
Наурызбай сұлтан
Ахмет Байтұрсынұлы
Қайрат Рысқұлбеков
Айыптаушы
(Асығыс кетіп бара жатқан бозбаланың алдынан қолтығына үлкен кітапты қыстырған бір ақсақал шығады. Диалог жабық тұрған шымылдықтың алдында өрбиді)
- (Бала) Ассаламағалейкум, ата!
- (Ата) Уағалейкум ассалам, балам! Бір жерге асығып бара жатқаның
көрініп тұр. Жол болсын!
- (Бала) Әумин, ата. Тарих үйірмесіне кетіп бара жатырмын. Өз
Отанымыздың өткенінен хабарым аз екенін мойындағаннан соң, оның орнын осы жолмен толтырғым келеді.
- (Ата) Дұрыс болған. Тарих деген – қатпары көп қалың кітап. Қажет
бетін аш та санаңа сіңіре бер
- (Бала) Бұл айтуға ғана оңай. Ондай кітап табу қайда?! Ата,
қолыңыздағы не кітап?
- (Ата) Бұл - «Тарих Кітабы», күнім. Бір бетін ашсаң, сол бетіне сәйкес
тарихи оқиғаға куә боласың...
- (Бала) Мәссаған! Бұл менің арманым ғой! Тарих қойнауына үңіліп,
тұлғалармен тілдесуді, тіпті кейбір қателерден сақтандыруды армандайтынмын
- (Ата) Жүздесудің, бәлки, тілдесудің де сәті түсер. Бірақ уақыт көшін
тоқтата алмайсың. Ал «бір нәрсені өзгертемін»-ді мүлде ұмыт, көкем. Ал уақыт жоғалтып не қыламыз? Кәнеки, бір парағын ашайық:
І көрініс
(Шымылдық ашылады. Бір көш келе жатыр. Бала көшке қарай жақындайды)
- (Бала) Жол болсын!
- (Керей хан) Әлей болсын! Осыдан он екі жыл бұрын Шу мен Таластың
арасына, Жетісу маңына көшіп келіп едік. Енді міне Дешті Қыпшаққа қайтып келеміз
- (Бала) Не үшін көшіп кетіп едіңіз, ата?
- (Керей хан) Ел үшін! Өз алдымызға бөлек ел болу үшін! Үркердей ғана
ел едік, осы он екі жылдың ішінде қарамыз көбейіп, екі жүз мыңға жеттік
- (Бала) Неге Шу мен Таласқа? Неге Дешті Қыпшаққа? Неге орданы
апарып Сарыарқаға тікпейсіз?
- (Керей хан)Уақыты келген кезде еңсесі биік ақ орданы Сарыарқаға да
тігерміз, жарқыным. Әуелі, өсіп-өніп, бойымызды тіктеп алайық.
- (Бала) Ныпсыңыз кім, алдияр?
- (Керей хан) Бұрын Керей сұлтан едім, қарамыз көбейіп, қатарымыз
толыққан биылдан бастап мені Керей хан деп, ал елді «Қазақ хандығы» деп атай бастады. Шыны да сол! Ал ар болыңыздар!
(Шымылдық жабылады)
- (Бала) Ата, қасындағы, келбеті келіскен, жүзінен нұры тамған азамат
кім?
- (Ата) Ол Жәнібек сұлтан, қалқам. Артынан Әз-Жәнібек деген атақ
алған қазақтың даңқты ханы осы...
- (Бала) Әттеген-ай! Мен оны танымай қалдым. Тоқтатып, тілдесіп ...
- (Ата) Тұра тұр, балам. Бұл кітапқа қол тигізген адам, тарихтың тек бес
сәтінен ғана мағлұмат алуға мүмкіндігі бар. Басқаша айтқанда қазақ елінің тарихының тек бес белесімен ғана таныса аламыз. Жаңа бір белесімен жүздесудің сәті түсті. Бірақ, Жәнібек-Керейдің көші ұзаңқырап кетті. Тарих кітабының келесі парағын аш
ІІ көрініс
(Шымылдық ашылады. Ұрыс даласы. Шайқас жүріп жатыр)
- Әбілқайыр қолбасшы!
- Аруақ!
- Жолбарыс!
- Бөгенбай!
- Есет!
- (Бала) Ата, бұл Аңырақай ғой!
- (Ата) Иә, құлыным, жазбай таныдың. Бұл сол шайқастың бір сәті
- Саурық батыр! Садақшылар!
- Жау қашты!
- Жау аңырап қашып барады!
- Аңырақай десеңші!
- Иә, бұл шайқасты енді Аңырақай деп атайтын боламыз
- (Бала) Әбілқайыр қолбасшы! Неге өкшелеп қуып жетіп, бәрін түгел
құртып жібермейсіз?! Мен қазір болашақтамын. Олар ертең есін жиғасын қайта шабады.
- (Әбілқайыр хан) Балам, бұлар жау болса да бір ел. Түп-тамырымен
құрту біздің діл-дінімізге жат. Қайта шапса, оны көреміз. Оның үстіне елдің іргесіне орыс, башқұр қауіп төндіре бастапты. Мен соған асығып барамын! Хош! (Шымылдық жабылады)
ІІІ көрініс
(Шымылдық ашылады)
(Бір топ адам қоршауға түсіп қалып, жан-жағынан анталаған жаудан қорғанып-ақ жатыр. Қиян-кескі қайқастан кейін қаумалаған қол бір сәтке шегінінеді )
- (Бала сыбырлап) Ата, біз тағы бір аласапыранға тап болдық
- (Ата) Қазақ тарихы – ұрыс тарихы, балам. Сабыр!
- (Наурызбай сұлтан) Кене аға, маған екі жүз жігіт берініз, жаудың шебін
жарып өтейік. Ағыбай, Иман, Бұқарбай, Бұғыбай батырлар да осы ақылды құп көріп отыр.
- (Кенесары хан) Жаудың шебін жарып өтіп аты жүйріктеріміз
кұтыламыз, ал қалғаңдар қайтеді? Қырылады ғой. Соңыма ерген елімді жауға тастап, өз басымды құтқарсам менің кім болғаным?! Жоқ, өлсек те бәріміз бірге өлеміз, құтылсақ та бірге құтыламыз
- (Наурызбай сұлтан) Аз соғысқан жоқсыз ғой, ағеке. Ресей, Хиуа,
Қоқан. Енді, міне, Ресейге қарсы бірікпедің деп қырғызбен де қырылысып жатырмыз
- (Кенесары хан) Мен сен айтқан елдердің озбыр билеушілерімен ғана
соғыстым. Қарапайым халықта еш өш-қасым жоқ! Әйтпесе қол астымда қырғыздар, қарақалпақтар, түркiмендер, өзбектер мен орыстар да болар ма еді? Башқұрлар келiп зеңбiрек құйысар ма еді? Жеке хатшымның орыс ұлтынан екенін білесің. Орыс біткенді жаратпайтын болсам қасымда орыс полковнигi Аржанухин, неғып жүр? Сiбiрден қашып келiп қосылған 100 полякты мен шеттетіп бе екем?! Жоқ! Мен жекелеген ұлт-ұлыстармен емес, қазақ елінің нақты жауларымен соғысамын...
- (Наурызбай сұлтан) Аға, келіп қалды!
- (шайқас басталады, шымылдық жабылады. Кенесары ханның әскерінің
әнұраны шырқалады:
«Қол үзіп сағынамын өскен жерім, Кірім жуып, Кіндігім кескен жерім. Аман бол, көремін бе көрмеймінбе Атығай, Қарауыл мен Қайран Елім»
IV көрініс
(30-шы жылдардың интелегенциясына тән киінген
қазақтың бір топ азаматы әңгіме-дүкен құрып отыр )
- (Бала) Әйтеуір бір жайбарақат отырыстың үстінен түстік-ау, ата
- (Ата) Әңгімелеріне құлақ түр сонда бұлардың кім екенін ұғасың
- (Ахмет Байтұрсынұлы) Ақ болсын, қызыл болсын бәрібір. Мен қазақ
халқына пайдасы тиетін үкіметте қызмет етемін ...
- (Бала) Қастарына жақындайықшы, ата
- (Ата) Ел тағдырын сөз қылып жатыр, сөздерін бөлмейік.
- (Бала) Атажан-ау, бұлар Алашорданың ардақтылары емес пе?! Ертең
бұлардың бәрін түгел қырып тастайды ғой! Ең болмаса, ескертейік!
- (Ата) Түк өзгерте алмайсың
- (Бала) Ағатайлар-ау! Құдай үшін елден қашыңыздаршы! Әйтпесе!
...Әйтпесе! Ертең тағдырларыңыз қиын болады
- (Ахмет Байтұрсынұлы) Кімсің өзің, жарқыным
- (Бала) Мен болашақтанмын. Әттең уақыт тығыз. Әйтпесе, бәрін айтып
түсіндірер едім. Мен Сіздерге бастарыңызға қауіп төніп тұрғанын ескертейін деп едім...
- (Ахмет Байтұрсынұлы) Біз еліміздің келешегі үшін қолдан келгенше
қызмет етіп жүрміз. Бұл жолда қандай қиындық кезігіп, қауіп төнсе де төзуге бекінген жастармыз. «Біз болмасақ, сіз барсыз, үміт еткен жастарым» деп Абай атамыз айтқандай біз бітірмеген, үлгере алмаған істі сіздер жалғастырасыздар. Мен сіздерге сенеміз. Мағжан бауырымыздың мына өлеңін білетін шығарсыздар:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!
Жас қырандар – балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегенi көк аспан.
Мен жастарға сенемiн!
Жұмсақ мiнез жiбектер.
Сүттей таза жүректер.
Қасиеттi тiлектер –
Мен жастарға сенемiн!
Тау суындай гүрiлдер,
Айбынды алаш елiм дер,
Алтын Арқа жерiм дер,
Мен жастарға сенемiн!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн!...
Алаш айбынды ұраны,
Қасиеттi құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемiн!
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн!, - демей ме. Біз жастарға, болашаққа, сіздерге сенеміз.
- (Бала) Аға, деймін
- (Ахмет Байтұрсынұлы) Қазір, інім, тұра тұр. Жұп болуы үшін және
барлық сұрақтардың жауабы ретінде өмірден ерте өтіп кеткен бауырымыз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «АЛАШ ҰРАНЫ»-н оқып берейін: Алаш туы астында, Біз алаштың баласы. Күніміз туып көгерді, Сарыарқаның даласы. Құрт аурудай жайлаған, Құртпаққа бізді ойлаған, Қанымызға тоймаған, Қолымызды байлаған, Ерімізді айдаған, Елімізді лайлаған. Жерімізді шимайлаған, Өшті залым қарасы. Жасасын, алаш, жасасын! Алаш туы астында, Қолдайтын алаш бабамыз. "Туысқандық", "теңдік" деп, Туын қолға ап шабамыз. Берілгенде тілектер, Жарылмай ма жүректер?! Заң жасайтын орынға, Жұртпен бірге барамыз! Қатардан орын аламыз! Жасасын, алаш, жасасын! Алаш туы астында, Куә болсын арымыз. Көркейтуге алашты, Құрбандық біздің жанымыз! Былай тұрсын малымыз, Алаш деген ел үшін Сарыарқаның жері үшін, Бостандық берген ер үшін, Төгілсін біздің қанымыз! Аялмасын жанымыз! Жасасын, алаш, жасасын! Алаш туы астында, Өлсек бірге өлдік біз. Не жақсылық, не қайғы, Көрсек бірге көрдік біз! Ішкі жанжал таласты, Күншілдікпен қарасты, Мына жерге көмдік біз! Жасасын, алаш, жасасын! Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз. (Қол бұлғап қоштасып, атанады. Дауысы
алыстай береді) «Енді ешкімнің алашты, Қорлығына бермейміз! Адамдықтың жолына, Бастаған ерлер соңыңда, Басқаға көңіл бөлмейміз, Қандай шайтан келсе де, Алдауына көнбейміз. Өлер жерден кеттік біз, Бұл заманға жеттік біз! Жасайды алаш, өлмейміз! Жасасын, алаш, жасасын!» (Шымылдық жабылады)
- (Бала, жыламсырап) Ата, ешкімге түк көмегім болмады, алдарынан
күтіп тұрған ажалдан құтқара алмадым
- (Ата) Балам, еліне қызмет еткер ерлер ешқашан өлмейді. Біз оларды
еске алып дәріптеп, құрметтеп жатқан кезде, олар – мәңгі тірі. Алдағы қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту де – қазақ үшін қасық қаны қалғанша күрескен ерлерді ұлықтаудың бір көрінісі.
- (Бала) Ата, батырлардың бәрі бұрынғы заманда өтіп кеткен екен ғой,
иә?
- (Ата) Неге, құлыным, күні кеше 86да өзің сияқты өрімдей жастар
әділетсіздікке төзбей алаңға шықты.
- (Бала) Олар да батыр ма, сонда?
- (Ата) Әрине, жастар Кеңес империялық саясатына қарсылық білдірді.
Алайда, кадр және тіл саясатындағы қиянаттарға төзімсіздік танытқан бұл толқу аясыз басылып-жанышталды. Қудалаудың өзі бірнеше жылға созылды.
- (Бала) Онда бұны да қазақ тарихының бір белесі деп тануға болады ғой
- (Ата) Әлбетте, күнім.
- (Бала) Сол парақты да бір ашайық, ата
V көрініс
(Шымылдық ашылады. Сот залы)
- (Айыптаушы) Айыпталушы, сонымен, соңғы рет сұраймын: алаңға не үшін шықтың?
- (Қайрат Рысқұлбеков) Менің түсінігімше, ер адамдар тұрмақ, аң екеш
аңдар да ұрғашысына мүйіз я болмаса тұяғын көтермейді. Ал біз бәріміз аң емес, адамзаттың ұлы - адамбыз, сондықтан, ер адам әйел затына қол көтеріп, қол жұмсауға тиіс емес, әуелі еш правосы жоқ. Міне, қысқаша айтқанда, осындай түсінікпен, әйел затына ер болып өз қол ұшымды беріп, көмектесу үшін барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше көмектескенім де рас. Ол үшін әлі күнге дейін өкінбеймін, керісінше, үлкен мақтаныш тұтамын. Бірақ, бір Құдай өзі куә, адам баласын ешқашан өлтіргенім жоқ. Мұндай айуандық жасау менің колымнан келмейді. Ешқашан... Еш уақытта!.. Ал әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін бір милицияны ұрып-соққаным да рас. Ол адам күні бүгінге дейін аман-есен, зыр жүгіріп жүр. Өз қолыммен жасаған бар теріс қылық, бар қылмысым осы ғана!
- (Айыптаушы) Сен қасарысып, қылмысыңызды мойындамай отырсың!
Атыласың!
- (Қайрат Рысқұлбеков)
"Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең, алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар!» (Шымылдық жабылады)
- (Бала) Ата, мен оған қазақ халқы оны ешқашан ұмытпайтынын айтсам
қайтеді
- (Ата) Керегі жоқ, ол өзінің ұмытылмайтынына сенімді. Сот залында
өзін осылай ұстауына күш беріп тұрған да сол сенім. Адам өз ісінің дұрыстығына бек сенімді болған кезде оған еш нәрсе кедергі бола алмайды.
- (Бала) Ата, мен бүгін тарих үйірмесінен қалып қойдым. Бірақ бұған еш
өкінбеймін. Қаншама ғаламат сәттерге куә болдым. Куә болған бұл бес белесті мен ылғи мақтанышпен айтып жүретін боламын
- (Ата) Сен үйірмеге әлі үлгересің, көкем. Сағатыңа қарашы, біз еш
уақыт жоғалтқан жоқпыз. Тарих қойнауына сүңгіп, одан ғибрат алуға кеткен уақыт жоғалған уақыт болып саналмайды
- (Бала) Ғажап! Біз жаңағы оқиғалардың бәрін қас-қағым сәтте көріп
шықтық. Бес белес!
- (Ата) Бұндай белестер қазақ тарихында бесеу емес, сан мыңдап
табылады, қарағым.
- (Бала) Ата-бабаларымыз, аға-апаларым көрсеткен үлгі – біз үшін
ғибрат. Сонау Жәнібек-Керей негізін қалаған мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен баяндығы үшін күрес тоқтамақ емес, жалғаса береді. Сондықтан, қым-қуыт заманда біздер білімді әрі батыл болуымыз керек, иә, ата? Ата, қайдасыз?! Ата!
- (Ата /дауысы алыстан шығады/) Өткен тарихыңды ұмытпа, қарғам! Ел
үшін от кешкен ерлерді қадірле! Қазақтың ханы бар, батыр-биі, ақын-ғалымы бар барлығы осы елдің егемендігіне еңбегін сіңіріп, әрі қарай өркендеуін Сіздерге тапсырды. Алдарыңда талай-талай асулар мен белестер тұр!
(Қойылым кейіпкерлері Керей хан, Әбілқайыр хан, Кенесары хан, Наурызбай сұлтан, Ахмет Байтұрсынұлы, Қайрат Рысқұлбеков бірінен соң бірі сахнадан өте бастайды)
- (Керей хан) Мен әрқашан «Ел болам» деген азаматтардың қасынан
табыламын! Ауызбіршілік мықты болсын! Ел бірлігі аманат!
- (Әбілқайыр хан) Ұрпағым мені ұмытпаса, желбірегін жалауын бірге
Ұстасып, ешбір дұшпанға басындырмай мәңгі қасында жүремін! Жерім саған аманат!
- (Кенесары хан, Наурызбай сұлтан) Біз қашанда намысты қазақтың
қасынан табыламыз. Рухтарың биік, найзаларыңыз ұшты болсын! Өр Рух саған аманат!
- (Ахмет Байтұрсынұлы) Менің жүрегім «қазақ» деп соққан әрбір
жүрекпен бірге соғатын болады. Алаш аман болсын! Заман көшінде алда болыңдар! Алаш саған аманат!
- (Қайрат Рысқұлбеков) Мен әрқашан «Отан үшін отқа түсуге әзір»
жастардың сабындамын. Ешкімге тәуелді болмаңдар! Тәуелсіздік
жасасын! Егемендік аманат!
(Шымылдық жабылады)
Авторы: Нұрлан Сәдір