Елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен телекөпір өтті. Биылғы шараның тақырыбы «Қазақстандағы жаңа индустрияландыру: орнықты даму мен прогресс үшін» деп аталды. Президенттің қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде қандай индустриялық жаңалықтар болды? Бұл сұраққа жауапты qamshy.kz тілшісі саралап көрді.
Бүгін Жалпыұлттық телекөпір барысында онлайн-режимде Елбасы Н.Ә.Назарбаев өңірлік даму және ауылдағы индустрияландырудың аясындағы Индустрияландыру картасының үш жаңа нысанын іске қосуға рұқсат берді.
Елбасы «бұл нысандар Қазақстан үшін өте маңызды және аса жаңа» екенін атап көрсетті, әсіресе, «ауыл шаруашылығында жел күшін пайдаланатын энергетикалық қондырғыларды қолданудың» маңыздылығы айтылды.
Атап айтқанда, Шығыс Қазақстанда «құрғақ әдіс» бойынша жұмыс істейтін цемент зауыты іске қосылды және бұл өндіріс цемент өндірісі үшін қажетті клинкердің алғашқы партиясын шығарып та үлгерді.
Аясында 500-деп астам жаңа жұмыс орны құрылып отырған бұл жоба отандық сапалы құрылыс материалдарын шығарудың есебінен еліміздегі цемент дефицитін шешуге негізделіп отыр.
Сондай-ақ өңірлік дамудың аясында Солтүстік Қазақстан облысында «Зенченко және компания» командиттік серіктестігінің желмен жұмыс істейтін энергетикалық қондырғысы іске қосылды.
Селолық жерде қолға алынып отырған инновациялық жоба агрофирма кәсіпорындарын және Новоникольское селосының тұрғындарын «таза» электр энергиясымен қамтамасыз ететін болады және жылына млн кВт электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді.
Оған қоса, ауылдық жерлерде индустриялық жобаларды іске асыру аясында Оңтүстік Қазақстан облысында ДСП өндіретін кәсіпорын іске қосылды. Бұл өндіріс еліміздің құрылыс индустриясын дамытуға өз үлесін қосатын болады.
Айта кету керек, жылдық қуаты 50 мың шаршы метр өнімді құрайтын кәсіпорын құрылыс материалдарын мақта сабақтарынан өндіретін болады. Зауыт отандық құрылыс нарығын ДСП өнімімен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен бірге қалдықсыз өндіріске ауысуды қамтамасыз етеді.
Жамбыл облысында Шу қаласын, ал келешекте тағы 32 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ететін жоғары қысымды «Қордай-Шу» газ құбыры іске қосылды. Бұл жоба «Тараз» химиялық паркінің өндірістік кәсіпорындарына да газ жеткізуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру бойынша кезекті жалпыұлттық телекөпір барысында 10 жаңа өндірісті іске қосуға рұқсат берді.
Бүгінде Индустрияландыру картасында 779 жоба бар. 2010-2012 жылдар арасында 537 нысан пайдалануға берілді. 277 жоба (немесе енгізілген нысандардың 51,6 пайызы) 50 және одан да көп пайызға жүктелген. Олардың ішінде 141-і толық қуаттылыққа шықты. 305 кәсіпорын жаңа өнімдерді шығаруда. 36 кәсіпорын өз өнімдерін 520 миллиард теңгеге экспорттады. Жаңа кәсіпорындар 1 триллион 400 миллион теңгенің өнімдерін шығарды.
Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай жолдарындағы қозғалыс
Жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай жолдарындағы қозғалысты іске қосты
Бүгін жыл сайынғы «Қазақстанның жаңа индустриализациясы: тұрақты даму және прогресс үшін» атты жалпыұлттық телекөпірі барысында Мемлекет басшысы Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай жолдарындағы қозғалысты іске қосты. Бұл жол бөлігі «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі болып табылатын «Орталық-Оңтүстік» дәлізіне кіреді.
Алматы-Қапшағай қайта жаңарту жолы нысанынан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Желдікбаев Берік хабарлады. Қазіргі уақытта бұл жол бөлігіндегі негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Жол 6 жолақ бойынша қозғалыс жүзеге асырылатын I-ші техникалық санаттағы стандарттарға сай салынған. Осының арқасында қазіргі уақыттың өзінде қозғалыс қарқындылығы тәулігіне шамамен 30 мың көлікті құрайды.
Одан әрі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қизатов Ермек «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасының барысында Тәуелсіздік мерекесінің мерейтойына орай Қазақстанның жол қызметкерлері 930 шақырымға созылған жаңа жолдың қолданысқа берілгендігін жеткізді.
Ол: Алматы-Қорғас, Алматы-Талдықорған, Бейнеу-Шетпе, Шымкент-Ташкент, Шымкент-Жамбыл облысының шекарасы, Көкшетау-Петропавл жол бөліктері.
«Бүгін біз «Орталық-Оңтүістік» дәлізінің негізгі бөлігінің бірі: 171 шақырымға созылған Астана-Теміртау жолының қайта жаңарту жұмыстарын аяқтаудамыз» - деп, атап өтті.
Жол жобалық жылдамдығы сағатына 140 шақырымды құрайтын бірінші техникалық санаттың стандарттарына сай салынған. Өткізу қабілеті тәулігіне 6 көліктен 28 көлікке дейін.
Қизатов Ермек Президентке жол бөліктерінің қолданысқа дайын екендігін жеткізді.
Теле көпір барысында Мемлекет Басшысы «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасының орындалуы жайында баяндамашылардан есеп алды және Астана-Теміртау Алматы-Қапшағай жолдарындағы көлік қозғалысын іске қосты.
Бұл кәсіпорындарда Отандық өнім шығарылып, қазақстандық мамандар жұмыс істейтін болады.
Маңғыстауда 3 жаңа нысан
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күні өтуде. Іс-шара «Нұрлы жол» және елді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына арналды. Жалпыұлттық телекөпір аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа өндірісті іске қосты. Бұл кәсіпорындарда Отандық өнім шығарылып, қазақстандық мамандар жұмыс істейтін болады.
Қазақстан Тәуелсіздіктің 26 жылында жаһандық реформалар мен ауқымды жаңару жолынан өтті. Жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық экономикаға түбегейлі бет бұрды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дағдарысқа жауап ретінде Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдырып, индустриялық-инновациялық дамыған ел қалыптастырды. Қазақстан шетелдік инвестиция тартудан аймақтық көшбасшыға айналды. Еліміз жаһандық өндіріс тізбегіне енуді жалғастырып жатыр. Мемлекет басшысы бүгін де ауқымды жобалардың келесі кезеңін жалғастырды. Бұл жолы басты назар - технологиялық қайта жабдықтау мен цифрлы технологияларға көшу жылдамдығына аударылды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жалпыұлттық телекөпір шеңберінде Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы Құрық ауылындағы паром кешенінің ІІ кезеңін іске қосты. Жобаның құны - 97,7 млрд. теңгені құрап, порттың қуаттылығы жылына 7 млн тоннаға жетті. Құрық порты арқылы экспорттық және транзиттік жүктерді Транскаспий дәлізінде әлемдік нарыққа тасымалдау жоспарланып отыр.
Телекөпірде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компания» АҚ инфрақұрылымдық жобалар бойынша вице-президенті Бауыржан Орынбасаров сөз алды.
«Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев! Құрық порты - Транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды түйіні. 2017 жылы Құрық портында 1 млн. 200 мың тоннадан астам жүк тиелді. Жаңа іске қосылған автокөлік паромы – қосымша 2 млн. тонна жүк артуға мүмкіндік бермек. Бүгін біз Еуропа елдері мен Түркияға жаңа бағыттарды жібермекпіз»,- деді.
Жаңадан ашылған және бір нысан "Шетпе-Ақтау" автомобиль жолы. Жобаның құны - 92 956 млн. теңгені құрайды. 2020 жылға қарай жүк тасымалдау көлемі "Бейнеу-Ақтау" автожолының учаскесінде 16 200-30 700 мың тоннаны құрайды дейді, сала мамандары. Осылайша, көліктік-логистикалық орталықтарды құру арқылы шекаралас жатқан Өзбекстан, Түркіменстан елдерімен қарым-қатынасты нығайтып, Каспий маңы аймағының дамуына, өңір экономикасының өсуіне "Бейнеу-Ақтау" автожолы ықпал етпек.
«Құрметті Елбасы! «Ақтау-Шетпе» жол бөлігі «Астрахань-Атырау-Ақтау-Түрікменстан шекарасы» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамына кіреді. Бұл – Ресей және Шығыс Еуропаны Орталық Азия елдерімен байланыстыратын ең қысқа жол. Жүк тасымалының көлемі жылына 3 миллион тоннаны құрап, Ақтау мен Құрық теңіз порттарының мүмкіндігін арттырады»,- деді ҚР ИДМ Автокөлік жолдар Комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев.
Әрі қарай телекөпір аясында Маңғыстауда «Арцеллор Миттал» компаниясының түиістіріп дәнекерлеу құбырларын өндіру цехы пайдалануға тапсырылды.
«Сәйкесінше, Транскаспий бағытымен Қытайдан Құрық арқылы Әзербайжанға, Грузияға және Түркияға жіберілетін жүктер – Қара теңіз портына шығатын жолдар дәл осы Құрық арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да, біз аталған портқа ерекше маңыз береміз, және оны пайдалануға беру кезінде алдын ала жоспарланған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткіземіз деген сенімдеміз», - деді Роман Скляр
Жобаның құны шетелдік инвесторлардың қатысуымен 6,8 млрд. теңгені құрап отыр. Зауыт барлық Каспийдің бүкіл өңірінде бірегей, технологиялық жағынан толыққан өнеркәсіп кешені болып табылады. Өндіріс қуаты жылына 300 шақырым құбыр шығаруға қабілетті. Өндірістің әр бөлігі автоматтандырылған және құбырдың сапасының жоғарылығын тексеретін бақылаудан өтеді.
Елбасы аталған жобалардың іске асуына сәттілік тілеп, кәсіпорын ұжымымен тілдесті.
Жалпыұлттық телекөпір шеңберінде 25 нысанның 10 мыңға тарта жұмысшысы жаңа индустриалды серпілістің тікелей куәгері болып, шараны 18 миллион Қазақстандық тамашалады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Маңғыстауда жалпы құны 1 млрд. 847 млн. теңге құрайтын 3 жоба пайдалануға беріліп, 195 жаңа жұмыс орны ашылған.
Көлік-логистикалық нысандар
6 -желтоқсанда Индустрияландыру күніне байланысты Мемлекет басшысы өткізген Жалпыұлттық телекөпір кезінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында нысандарды қосуға рұқсат берді. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Алматы жүк тасымалы бөлімшесінің директоры С. Әлішев Алматы-1-Шу темір жол желісі екінші темір жолы құрылысының бірінші өткізу кешенінің аяқталғандығын баяндады.
Құрылыс барысында негізінен қазақтандық өнім өндірушілердің материалдары пайдаланылды.
Ақтөбе рельс арқауы зауытының рельстері төселді. Пайдалануға берілген Алматы-1-Шу темір жол телімі арқылы жаңа үлгідегі кең қорапты вагондардан жасақталған «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы жүріп өтті.
Алматы-1 –Шу екінші темір жол желісі телімнің өткізу мүмкіндігін 3,2 есеге арттырып, тәулігіне 68 жұп жүк пойыздарының өтуіне жағдай жасайды. Осылайша жүк пойыздарының жолда жүру мерзімі екі есеге қысқарады.
Жалпыұлттық телекөпір кезінде Құрық портындағы бірінші өткізу кешені нысандары пайдалануға берілді.
Құрық паромы кешені Транскаспий халықаралық дәлізіндегі көлік-логистикалық маңызды тізбегі болып саналады.
«Құрық –біздің Кавказ бен Еуропаға шығатын тұсымыз. Бұл біздің көптен күткен жаңғыртуға аса мұқтаж жобамыз»,-деп атап өтті Жалпыұлттық телекөпір кезінде Мемлекет басшысы. «Құрық» порты» ЖШС бас директоры А. Түрікпенбаев темір жол мен порт инфрақұрылымы құрылысының аяқталып, алғашқы жылжымалы құрамды паромға тиеуге дайын екендіктерін жеткізді. Құрық портындағы алғашқы өткізу кешені арқылы «Каспий теңіз кеме қатынасы» ЖАҚ иелігіндегі «Шахдаг» (Баку қаласы) кемесіне жүк вагондарын сынақтық тиеуді жүзеге асырды.
Телекөпір кезінде Алматы-1-Шу жаңа темір жол желісімен алғашқы «Тұлпар-Тальго» жолаушылардың жылжымалы құрамы жіберілсе, Құрық паром кешенінде вагондар паромға тиелді.
Алматы -1-Шу темір жол телімінің құрылысы мен Құрық портындағы кіре берісі мен паром кешені Қытаймен шекарадан басталып, Оңтүстік –Шығыс Азия елдері, Еуропа, Таяу Шығыс, Кавказ, Түркиямен байланыстыратын трансқұрлықтық көлік көпірі ретінде Қазақстанның Шығыстан Батысқа бағытталған көлік логистикалық инфрақұрылымын жасақтайды.
Ақтөбеде іске қосылған екі ірі жоба
Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты жалпыұлттық телекөпір өтті. Президенттің қатысуымен өткен дәстүрлі телекөпір кезінде Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Бұл шараға Ақтөбе облысы тікелей режимде қосылып, қатысты.
Телекөпір аясында еліміздің барлық өңірінен 11 тікелей көрсетілім жүргізіліп, соның барысында Елбасыға Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары көрсетілді.
— Индустрияландырудың ең маңызды жобаларын іске қосу жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Біз бүгін металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жобаның іске асырылуын бастадық, — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды индустрияландыру бағытын ұстанғанымыздың дұрыс болғанын және оның уақыт талабына сай екенін атап өтті.
— Бүкіл еліміз бойынша бір мыңнан астам жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Біз бүгін «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий қоспасын шығаратын, ал келешекте автомобиль дискілерін жасайтын жобасын іске қостық. POSKO, «Евразхолдинг», Tenaris, «Полиметалл» сияқты өз саласының көшбасшысы саналатын белгілі трансұлттық компаниялар тартылуда, — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өндірістік кооперация және автомобиль құрастыру саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударып, қазақстандық автозауыттарда электромобильдер құрастырудың басталғанын айрықша атап өтті.
— Бүгінде Қазақстанда 18 белгілі брендке тиесілі автокөлік құралдарының түрлі моделдері жинақталады. Біз оларды Қытайға, Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және басқа да елдерге экспорттаудамыз, — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев шикізаттық емес сектордағы өндіріс көлемін арттыруға және оның ел экономикасындағы маңыздылығына ерекше тоқталды.
— Химия өнеркәсібі саласында «Еврохим» трансұлттық компаниясы күрделі тыңайтқыштар шығару жөніндегі зауыттың құрылысын бастады. 14 фармацевтикалық кәсіпорында халықаралық ДжиЭмПи стандарттары енгізілді. Бүгін «Химфарм» акционерлік қоғамы «Польфарма» ірі фармацевтикалық компаниясымен бірлесе атқаратын тағы бір жобаның іске асырылуы басталды. Құрылыс саласында негізгі құрылыс материалдары бойынша импортқа тәуелділікті жойдық. Heidelberg, KNAUF, Basf, Sika және басқа да шетелдік компаниялардың қатысуымен 180-нен астам жоба іске асырылды, — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдік көлік дәлізінің іске қосылғанын және «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталғанын айтты.
— Осы жылдар ішінде 2 мың шақырым теміржол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе айлақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрық портында теміржолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде Азия-Еуропа бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің табысты өткенін атап өтіп, Үкіметке көрмеде көрсетілген баламалы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізіп, қолдану үшін жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
— ЭКСПО аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық, ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі құрылатын болады. Олардың уақтылы іске қосылып, толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек, — деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4.0. Индустриясының технологияларын енгізіп, бұл салада индустриялық тұрғыдан дамыған елдермен және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты. Бұдан бөлек, Елбасы цифрлық технологиялар саласындағы заманауи машықтарды меңгерген мамандарды дайындаудың маңызды екеніне назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің мүшесі болып, Ынтымақтастықтың елдік бағдарламасына қол қойғанымызды, сондай-ақ ұлттық инвестициялық стратегияның қабылданғанын, соның арқасында елімізде көптеген трансұлттық компаниялар мен стратегиялық инвесторлар табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкіметке шетелдерге шығарылған капиталды елге қайтару үшін мүмкіндік туғызу, қазақстандық тауарларды экспорттық нарықтарда ілгерілету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес ортаны жақсартуға ерекше мән беруді тапсырды.
Жаңа зауыт және 5,5 миллиард теңге инвестиция
Телекөпір кезінде Мемлекет басшысы облыста екі жаңа кәсіпорынды іске қосты. Оның бірі — «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС. Осылайша тікелей трансляция арқылы қуаттылығы жылына 50 мың тонна өнім өндіріп, 120 жұмыс орнын құратын алғашқы ірі жоба пайдалануға берілді. Ақтөбеде шегендеу және сорғылау-сығымдау құбырларын шығару үшін құрылған зауытта Қытайдың «Стаэр мұнай жабдықтарын шығаратын Синьцзян зауыты» ЖШС-ның технологиясы қолданылып, техникалық мамандары тартылады. Компанияның Қытайдағы «Sinopec» компаниясымен 15 жылдық серіктестік тәжірибесі бар.
Сорғылау-сығымдау және шегендеу құбырларын және бұрандалы муфталарды шығару кезінде сапалы өнім көлемі 96 пайыздан асады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС директоры Анар Кашлаев және зауыт ұжымы тікелей эфирге шықты. Елбасы алдында сөз сөйлеген зауыт директоры А.Кашлаев:
— Біз — жас, қарқынды дамып келе жатқан компаниямыз. Біздің жоғары технологиялы өндірісіміз — бұл елдің мұнай-газ өнеркәсібіне арналған машина жасау саласын дамыту үлгілерінің бірі. 120 жұмыс орны құрылды, 5,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Шығарылған өнімнің 20 пайызын Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай нарығына экспорттауды жоспарлап отырмыз, — деді.
Машина жасау — кез келген индустриалды мемлекет үшін экономиканың маңызды саласы. Елімізде соңғы 7 жылда бұл салада өндіріс көлемі 3 есеге өскен, яғни 700 миллиард теңге. Бұл саланың дамуына мұнай-газ машина жасау кәсіпорындарының да үлесі зор. Телекөпір кезінде Нұрсұлтан Назарбаев ақтөбелік мұнай жабдықтарын өңдеу және атыраулық металл өңдеу зауыттарының жұмысын бастауға рұқсат беріп, табыстар тіледі. — Біз мұнай мен газға бай мемлекетпіз, қазір шикізатты өңдеу мәселесі күн тәртібінде. Тек шикізат емес және оны сату, өңдеу, қосымша құнын ұлғайтып, табысты молайтуымыз керек. Сондықтан мен бұл нысандардың өте маңызды екенін айтамын. Мен бұл нысандардың аяқталғанына қуаныштымын, — деген Елбасы өндіріс орындарында жұмыс жасайтын жұмысшылар мен құрылысшыларға сәттілік тіледі.
«Қазақстан экспортқа шығаратын газға ие болды»
Қазақстан — көмірсутек өндіру мен экспорттаудан әлемдік көшбасшылардың бірі. Еліміз халықаралық жобаларға қатысу мақсатында ұлттық газ құбырлары жүйесін дамытып келеді. Телекөпір кезінде ішкі нарықта және қазақстандық шикізатты Ресей, Өзбекстан және Қытайға экспорттауда Ақтөбе облысындағы газ құрғату қондырғысын салу жобасының маңызы ерекше айтылды.
«Интерга орталық Азия» акционерлік қоғамы жүзеге асырған «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасында газ құрғату қондырғысын салу жобасы Қазақстан үшін аса маңызды. Аталмыш жоба «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасынан алынатын табиғи газды Ақтөбе облысы мен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің тұтынушылары үшін «Бұқара-Орал» және «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбыры арқылы тасымалдауға, сонымен қатар, тауарлы газды Ресейге, Өзбекстан мен Қытай Халық Республикасына халықаралық тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Телекөпір кезінде Елбасы алдында Ақтөбе облысынан сөз сөйлеген «ҚазМұнайгаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының газ тасымалдау және сақтау жөніндегі вице-президенті Ибулла Сердиев: «Құрметті Елбасы! Осы жобаның арқасында Ресей, Қытай, Өзбекстанға тасымалданатын транзиттік және экспорттық газдың көлемі артады. «Бозой» жерасты газ қоймасының еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызы бар. Жаңа қондырғы өнімділікті арттырып, тәулігіне 27 миллион текше метрге жеткізбек. Бұл батыс пен оңтүстіктегі қазақстандық тұтынушыларды газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Әбішұлы, іске қосуға рұқсат етіңіз!», — деді.
Осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз мұнай мен газды шығаратын мемлекет бола тұра, сол газға өзіміз тәуелді болып келдік. Мінекей, қазір біз бұл мәселені шештік. Бұл құбыр өте қажет. Тек елді газдандыруға ғана емес, экспортқа шығаратын газға ие болдық. Болашақтағы Қашағаннан, Қарашығанақтан, Теңіздің екінші кезеңінде шығатын газдар бар, енді осының көлемін үлкейтуіміз керек. Біріншіден, газдың көлемі 60, 70, 80 миллиардқа дейін жеткен кезде, үлкен газды экспорттайтын елге айналатын боламыз. Екіншіден, газды қазір құрғақ түрінде бермей, оны өңдеп, сол газдан шығаратын өнімді көбейтуіміз керек. Сондықтан бұл өте маңызды. Ел үшін қажет нәрсені шештіңіздер. Сол үшін мен сіздерге ризашылығымды білдіремін. Жақсылық тілеймін. Еңбектерің табысты болсын. Жіберіңдер, қосыңдар, — деп Астанадағы жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысындағы «Бозой» қоймасында газды кептіру қондырғысын іске қосты.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының айтуынша, газ сапасы жақсарып, өнімділік ұлғайды және газды жер астына айдау мен оны қайта алу уақыты 200 күннен 150 күнге дейін қысқарды. Оның айтуынша, газды құрғату қондырғысы магистральдық газ құбыры бойындағы ең ірі нысандардың бірі болып есептеледі.
— Осы жоба арқылы тәуліктік өнімділік артады, ал газ сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес болады. Өз кезегінде, магистральдық газ құбырын пайдалану мерзімі ұлғаяды. Енді қоймадан алынған газ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбыры арқылы жіберіліп, елдің оңтүстік өңірлерінің көгілдір отын қажеттілігін және отандық газдың Қытайға экспортталуын толық қамтамасыз етеді, — деді М.Шаңбатыров.
Ол қазан айында Қытайға алғашқы жеткізу жұмыстары басталғанын айтты.
— Биыл Қытайға 5 миллиард текше метр газ тасымалдауды жоспарлап отырмыз. Қазір газ экспорты негізінен оның сапасына байланысты. Сондықтан біз тауарды халықаралық стандартқа сәйкестендіруіміз керек. Бұл қондырғы өнім сапасын қажетті стандарттарға жеткізетін болады, — деді ол.
«Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның инвестициялық жобасының жалпы құны — 11 миллиард теңге. Қазақстан сұйытылған сіңіргіш арқылы газды кептіру технологиясына алғаш рет қол жеткізді. Акционерлік қоғам өкілдерінің айтуынша, компания өндіріске озық идеяларды енгізу үшін заманауи озық жабдықтарды пайдаланған. Ол үшін «Сименс» компаниясының және Украина зауытынан қондырғылары пайдаланылған. «Бозой» жерасты газы қоймасында бекітілген жобалық газ сақтау көлемі — 4 миллиард текше метр газ. Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновтің айтуынша, бүгінгі күні облыс халқының 87 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Жақында ғана көп жылдан бері іске асырылмай тұрған Шетырғыз автоматтандырылған газ бөлу станциясы іске қосылды. Енді еліміздің Тәуелсіздігі күні Алға ауданында тағы бір газ бөлу станциясы іске қосылмақ. — Біз «ҚазТрансГаз» кәсіпорнымен жемісті жұмыс жасаймыз әрі бірлескен ынтымақтастықтың арқасында нақты нәтижелерге қол жеткізіп жүрміз. Халық әрбір ашылған жаңа кешенді жақсы қабылдайды, бұл өз кезегінде тұрғындардың облыстың елді мекендерінен қоныс аударуын тоқтатады, — деді С.Төленбергенов. Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев «ҚазТрансГаз» мекемесінің Бозойдың көлік жолдарын жөндеп, асфальттайтынын осындай бірлескен ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде атап өтті.
Біртұтас бағдарлама және цифрлық қазақстан
Телекөпір аяқталғаннан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев журналистерге сұхбат берді:
— Біздің барлық мүмкіндіктеріміз бар. Ең негізгісі — байлығымыз бар, сол байлықты пайдаланатын халқымыз бар. Сол байлықты өңдеу үшін одан көбірек пайда табуымыз керек. Ол үшін шетел қаржысын өзіміздің өңірдің экономикасына тартуымыз керек. Қытай мемлекетіне барғандағы іссапардың негізгі мақсаты да сол. Біздің өкілеттікті ашқанымыз да сол. Телекөпір кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы өте жақсы айтты, Қытай — өте алпауыт ел, үлкен теңіз. Біз қандай өнім шығарсақ та, олар енді барлығын алады. Біз ол мемлекетті тиімді пайдалануымыз керек. Екінші жағынан, ол бай мемлекет. Қытай — қазір дүниежүзіндегі ең дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Қаржысы көп. Екі мемлекет басшысы арасында қабылданған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы бар. Соған байланысты Қазақстанға Қытайдың ең кем дегенде 10 миллиард доллар инвестициясы келу керек. Осы мүмкіндікті біз пайдалануымыз қажет.
Мемлекет басшысы телекөпір кезінде мұнай, газ туралы айтып кетті. Ең негізгі мәселе — соларды өңдеуіміз керек. Бізде газдың да, мұнайдың да қоры жеткілікті. Өкінішке қарай, қазіргі таңда біз оларды тек шикізат түрінде ғана сатамыз. Әсіресе, газды. Тапсырма берілген, енді қазір соны жүзеге асыруымыз керек, — деді облыс әкімі.
Бердібек Машбекұлы өз сөзінде цифрлық Қазақстанды дамытуды ең үлкен мәселе ретінде атады. «Бұл бағытта да біз жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ телекөпір кезінде Мемлекет басшысы өте дұрыс айтты, ол жұмыс қазіргі таңда жеткіліксіз. Біздің мамандарымыз бар, енді біртұтас бағдарлама болуы керек. Яғни, әрбір сала, мысалы, денсаулық сақтау, білім, ішкі істер, көлік салалары жеке-жеке жұмыс жасамай, бір бағдарлама шеңберінде жұмыс істеуі тиіс. Ол бағдарлама әрбір саланың бір-бірімен байланыста болуын қамтамасыз етуі керек. Одан кейін ол бағдарлама республикалық бағдарламалармен байланысты болуы тиіс. Яғни, интеграция. Бірігіп жұмыс істегенде ғана үлкен нәтиже болады», — деді Б.Сапарбаев.
Тау-кен саласын автоматтандыруға арналған үш жоба
Астанада өтіп жатқан жалпыұлттық телекөпір барысында «АК АЛТЫНАЛМАС» АҚ «цифрлық кенішті» іске қосты, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі «ақылды карьерді» ашты.
Мемлекет басшысы аталған жобаның тау-кен саласын цифрландырудың бастапқы қадамы екенін атап өтіп, цифрландыру бағдарламасын толығымен іске асырсақ, ел экономикасын 30 пайызға өсіру мүмкіндігі барын тілге тиек етті. Осы орайда мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» жобасын дайындап қойғанын айтты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы цифрлық технологиялар тұрғысынан артта қалуға болмайтынын алға тартып, Үкімет, министрлерге нақты тапсырма міндеттейтінін және аталған мәселені өзі бақылайтынын, бұл Үкіметтің басты міндеті екенін айтты.
Еске салсақ, бүгін елордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі басталды. Телекөпір барысында онлайн режимде бүкіл республика бойынша жаңа жобалар іске қосылады.
Жоғары технологиялық өндіріс ошақтары
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» ұлттық телекөпірі өтті. Онлайн режимінде бүкіл ел бойынша жаңа индустриалды-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылды.
Атап айтқанда, «Қазақалтын Технолоджи» компаниясы Ақсу ауылында алтын өндіру фабрикасын іске қосты. Ақтөбе облысында машина жасау және металл өңдеу секторында мұнай-газ жабдықтарын өндіру және құбырлар шығарумен айналысатын «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС зауыты ашылды. Атырау облысында («Жігермұнайсервис» ЖШС) роботты дәнекерлеу әдісімен металл құрастырмалары өндірісі іске қосылды.
Тамақ өнеркәсібінде және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуде Солтүстік Қазақстан облысындағы «Маслодел» ЖШС «Тетра Пак» ЖШС жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған сүт зауытын ашты, Шығыс Қазақстан облысында «Восток-Молоко» ЖШС жоғары технологиялық жабдықтары орнатылған сүт кешенін модернизациялады, Батыс Қазақстан облысындағы «Жайық Агро» ЖШС-де жаңа құс фабрикасы іске қосылды.
Жамбыл облысында «Шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа секторлары» бағыты бойынша «Оргстрой» ЖШС гранит, мәрмәр және гипс өндіру, жарылғыш құрылғыларды өндірудің жаңа технологиясын өңдеу жөніндегі өндірісін ашты. Алматы облысында «Psi Stroy Industriya» ЖШС металл конструкцияларын шығаратын зауытты іске қосты, Коринская ГЭС баламалы энергетикалық жобаны іске қосты.
Қарағанды облысында ескі көліктерді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын «Recycling Company» ЖШС жұмыс істей бастады. Кәсіпорын жылына тозығы жеткен автокөліктердің 50 мыңын қайта өңдеуге қауқарлы.
Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және Еуразия құрлығындағы логистикалық торапты құру жобасын іске асыру мақсатында Мемлекет басшысы Құрық порты (Маңғыстау облысы) паромдық терминалының бірінші кезеңін іске қосты.
Сондай-ақ, Астанадағы жалпыұлттық телекөпір барысында Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес, өз авиалайнерлері мен басқа да әуе компанияларының ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін «Эйр Астана» авиациялық техникалық орталығы жұмыс істей бастады.
Маңғыстаудағы «Ақтау - Бейнеу» автожол жобасының «Ақтау – Шетпе» учаскесі іске қосылды. «Continental Logistics Shymkent» ЖШС Шымкентте ірі көлік-логистикалық орталығын салды.
Бұдан бөлек, "Интергаз Орталық Азия" АҚ Ақтөбе облысындағы газды жер астында сақтайтын "Бозой" қоймасында газды кептіру қондырғысын іске қосты.
Сонымен қатар, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысындағы легирленген алюминий өндірісі мен осы алюминийден автомобиль дискілерін шығаратын «Giessenhaus» ЖШС өндірісін іске қосуға пәрмен берді. Сондай-ақ, «ArcelorMittalTubularProductsAktau» АҚ дәнекерлеу құбырлары өндірісі (Маңғыстау облысындағы Ақтау теңіз порты АЭА), «Химфарм» АҚ (Оңтүстік-Қазақстан облысы) қатты дәрі-дәрмек нысандарының жаңа цехы, Қызылорда облысындағы «Gejuba Цемент» ЖШС цемент зауытын салу және Атырау облысындағы мұнай-химия өндірісінің «Kazakhstan Petrochemica lIndustries» ЖШС құрылысы бар.
"Еуразиялық топ" (ERG) өндірісті технологиялық жаңарту жобасы аясында Қостанай облысының Қашар кенішінде ақылды карьерді іске қосты. "Қазмырыш" корпорациясы Шығыс Қазақстан облысындағы Малеев кен орнында Pitram жүйесін іске қосты, "Алтыналмас" компаниясы Жамбыл облысында интеграциялық тұғырнаманы іске қосты. Бұдан бөлек, Алматы қаласындағы "Инновациялық Технологиялар Паркінде" дербес кластерлік қордың "Сандық зертханасы", Астанадағы "Назарбаев Университетінде" робот техникасының зертханасы ашылды.
2017 жылдың басынан бері 1,9 триллион теңгелік 127 жоба іске қосылып, 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Пікір қалдыру