Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген көлемді сұқбатында Талғардағы қылмыстық оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Қайталап айтамын, елімізде "Заң мен тәртіп" қағидаты мызғымастай орнығуға тиіс. Мен Талғар оқиғасына дейін жариялаған Жолдауымда құқық қорғау органдарынан қылмыс пен қарақшылықтың тамырына балта шабуды талап еттім.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікті қылмыстық топтар жасағанын естен шығармаған жөн. Мемлекет ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізуге шамасы жететінін соңғы екі жылда анық көрсетті. Аса қауіпті қылмыстық топтар әшкереленіп, құрықталып жатыр. Олардың сыбайластары мен қаржы көздері де анықталып отыр. Былтыр 246 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 30 басшысы бар. Бұл жұмысты мен ерекше бақылауда ұстап отырмын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Талғарда оқиғадан кейін құқық қорғау органдары барлық қажетті шараларды қабылдағанын атап өтті. Қылмысқа күдіктілер ұсталды, ал тергеу амалдары аяқталуға жақын. Жақын арада бұл іс бойынша сот отырысы өтетіні белгілі болды.
Пікір қалдыру