Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс,
әйтпеген де болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз.
Әлихан Бөкейхан
Қазақ елінің ХХІ ғасырдың ортасына дейінгі даму бағдарламасы, «Қазақстан - 2050 стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталды. Аталмыш бағдарлама арқылы біз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясының басым бөлімінің жоспардан ерте орындалғандығын, бәсекеге қабілетті 50 елдің ішіне енгенімізді және алдағы уақытта дамыған 30 елдің санатына қосылу міндеті тұрғандығын білдік. Бұл әрине, баршамызды қуантар, жан сүйінтер жаңалық. Демек, бұл біздің мемлекет ретінде толық қалыптасып, халықаралық қатынастарда өз орнын иелеген ел болғанымызды көрсетеді .
Еліміздің жыл өткен сайын экономикалық, әлеуметтік жағынан дамып, халықаралық саяси беделінің айқындалып келе жатқанына куә болып келеміз. Біз оның барлығын тәуелсіздіктің жемісі ретінде қабылдаймыз. Ол даусыз шындық. Егер тәуелсіздік болмағанда, біз бүгінгі жетістіктің ешқайсысына толық қанды ие бола алмас едік. Қасиетті тәуелсіздік өзімен бірге ой мен істің еркіндігін, рухани дамудың бостандығын, елдің егемендігін ала келді. Бұлардың қай-қайсысы да қуаты күндей, аса қастерлі сөздер. Бір адам үшін жеке басының еркіндігі мен бостандығы қандай қымбат болса, ұлт үшін тәуелсіздік онан да бетер құнды, басты байлық. Ал мемлекет үшін тәуелсіздік мерекесінен артық мереке болмауы тиіс.
Республикамызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» және 2001 жылғы желтоқсанның 13-дегі «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңдарына сәйкес 16-17 желтоқсан Ұлттық мейрам ретінде аталып өтіледі. Себебі ол сан мыңдаған қазақтардың қанымен суарылған жемісі тәтті, тамыры ащы бір бәйтерек тәрізді дүние. Сондықтан да, мен үшін осы мерекеден артық мереке жоқ әрі әр жылы барша Қазақстандықтарды, әсіресе қазақтарды шын жүрегіммен құттықтап келемін. Деседе, жыл сайын осы мерекеміздің жаңа жыл дыр-дуының тасасында қалып қоюы, көтерілуге талпынған өршіл рухымызды қайта-қайта төмен тарта беретіні бар. Алайда, соңғы бірер жыл көлемінде "Тәуелсіздік" мерекесін өз деңгейінде атап өту науқаны да ептеп өз орнын тауып келеді. Жаңа жылдың мысы әлі басым екенін биыл да сезіндік. Әрине, арғы тарихын айтпағанда, елімізде сонау 1937 жылдан бері үздіксіз тойланып келе жатқан, "ақ сақалды, ақ шашты" мерекенің ғұмыры екі мүшелге еркін толмаған "уыз жас" мерекеге бірден төрін сыйлай қоюы екіталай-ақ. Оның үстіне, жаңалықты жанымен қабылдайтын халқымыз "ақсақалды мерекені" төл тарихи мерекесіндей етене жақын көретіні сонша, оны шын жүректерімен, беріле, қуана, асыға күтеді әрі асыра тойлайды. Оған бола, халықты да кінәлаудың жөні болмас. Жасынан көріп өскені осы болғандықтан, әдеттері мінездеріне айналып кеткенде шығар. Ондайды қазақ "етпен біткен, сүйекпен кетеді" демеуші ме еді. Кім біледі қуанатын да болар, алайда, қуана-қуана, өздерінен басқа шынайы қуанатын басқалар болмаған соң сол қуаныштарын жаңа жылда шағаруды әдетке айналдырған да шығар. Әлде, іштей ессіз қуанып, сол қуаныштарын есігінен ары асыра алмай тұншығатында болар. Кім білсін, қай қазақтың іші-бауырына кіріп-шығып жүрміз. Бірақ, шыны сол тәуелсіздік мерекесі ұлттық ұлы мереке деңгейінде тойлана алмай жүр. Әншілер ән айтар, бишілер билер, басқалар ұйықтап, демалар. Бірақ, мұндай ұлы мерекені шын жүрекпен түсіне, қадіріне, қасиетіне жете отырып тойлау бір бөлек. Ұлы мерекеге үлкен ой-толғаныстар мен алыс та биік мақсаттар мен мүдделер тұрғысынан келу қажет. Дабыралы ән мен күйдің, бидің де өзіндік орны бар, бірақ, осы мерекеде бір сәт болса да халқымыздың қасіретті тарихын, азапты жылдары мен осы жолда жандарымен қоса, бала-шағасын, туыс-туғанын, мал-мүлкін құрбан еткен арыстарды да еске алу әбден қажет-ақ. Біздің өз деңгейінде емес деуіміздің себебі осында жатыр.
Мен кейде "Тәуелсіздік" мерекесінің өз деңгейінде атап өтілмеуі - осы «тәуелсіздік» деген сөзбен де байланысты ма деп ойлаймын. Себебі осы сөздің артында санаға салмақ түсірердей мың батпан ауыр жүк жатқандай. Сөзімді философиялық заңдылықтардан бастасам, күн болмағанда, түн деген түсінік, қара болмаса, ақ деген анықтаманың болмасын білеміз. Осы тұрғыдан қарағанда, тәуелділік болмағанда, тәуелсіздік те болмас еді десек, ешкімде теріс демес. Ал «тәуелділік» дегеніміз не? Менше болғанда, тәуелділік - шарасыздық, ол – әлсіздік, ол –жеңіліс, ол – құлдық. Ащы да болса шындық осы. Егер, қолымызда мүмкіндік болса, мықты болар едік те, күрескенді алып ұрып, онда құл емес, қожайын болар едік қой. Бұл айтқаным біздің халық нашар, әлсіз, құлдыққа бейім халық дегенім емес. Мен өз халқымды, ата-бабаларымды әлемдегі ең ақылды, батыр халықтың бірі деп санаймын. Оның дәлелі жеткілікті, басқасын айтпағанда, Еуропаның оннан астам елі сыятын, дүниежүзі бойынша 9 орында тұратын кең байтақ жеріміздің болуы соның ең жарқын дәлелі. Бізді тығырыққа тіреген тарихи және басқада себептерге байланысты туындаған шарасыздық, сол шарасыздықтан әлсіздік, одан жеңіліс соңынан құлдық келді басымызға. Ал біз жиі айтатын және айтуды ұнататын «тәуелсіздік» деген осы сөз біздің басып өткен бақытсыз сүрлеуімізді көрсетеді һәм еске түсіреді. Сол бізге керек пе? Тағы да жеке адамды мысалға алсақ, кез-келген жан өз басынан кешкен құлдық өмірді айтқысы да, ойлағысы да келемесі анық. Себебі ол өткенін еске алу арқылы жүрегін жаралайды. Ұлттың да адам сияқты қасиетке ие екендігін ұмытпағанымыз жөн. Мен өз билігін қолына алған соң соншама жылдар бойы «тәуелсіз»деген тіркесті қолданған ешбір елді білмеймін. Сөз басында айтқандай біз қалыптасқан мемлекетте жасап отырмыз. Олай болса, бір кездері өзіміздің тәуелді болғанымызды болашақ ұрпақ санасына келсін-келмесін тықпалай беруден ұтарымыз жоқ. Біз оларды ешкімнен сескенбейтін, жалтақтамайтын өр тұлғалы, мінезді ұрпақ етіп тәрбиелеуіміз керек. Адамды адам, ұлтты ұлт етіп танытатын да осы мінездің ірілігі. Мінездің ірілігі бізді бабалар жеткен биікке көтеретін ғажайып құрал. Жоғарыда айтылғандай, мерекеміздің өз дәрежесінде тойланбауының бір себебі мінезіміздің ұсақталып кетуі болса керек. Ал мінезді қалыптастыруда Шығыстағы елдердей дәстүр мен ата кәсіп мәдениетін сақтау мен дамытуды, Батыс елдеріндей заңдық және ғылыми негізде өркендеген экономикамен үйлестіргенде ғана қол жеткізуге болады.
Қорыта айтқанда, біз қысқа ғана 23 жыл ішінде өте көп жұмыстарды еңсердік, талай асқардан асып, айдынды шарладық. Демек, жаппай қолданысқа айналған «тәуелсіз» деген сөзден тәуелсіздік алатын кез келді. Ол сөзді енді әрі қарай қолдана берудің мәні де, маңызы да шамалы. Осы «тәуелсіздікпен» қатар айтылатын Қазақстан сөзінің «стан» деген жалғауынан да арылсақ төлқұжатымызда «Қазақ Республикасының азаматы» деген айбынды сөз тұрар еді. Сонда 16-17 желтоқсан күндері аталып өтілетін мерекені "Қазақ Республикасының құрылған күні" немесе "Республика күні", тіпті "Мемлекет мерекесі" деп те атап өтер едік. Осы сөздер жүрегімізге жылы тиіп, көктем шуағындай Алтайдың алты ай ұзақ та, қатты қысындай ұзақ жылғы құлдықтан жүрегімізде мұз боп қатып қалған сірескен, қасаңдық, енжарлық, көмпістік, ездік мерезін ерітіп түсер еді де, мемлекет мерекесін өз деңгейінде тойлануына жағдай жасар еді.
Қастер Сарқытқан, Абай атындағы ҚазҰПУ доценті,
экономикалық және әлеуметтік география ғылымының кандидаты

