Алдыңғы жазба: "Атлантида құпиясы қашан ашылады?"
Бұл сұраққа жауап берерден бұрын Прометей дегеннің кім екенін түсіндіре кетейік.
Көне грек аңыздары бойынша Жер ана- Гея мен Aспан әке- Уранның алты ұлының бірі Иапет бесінші бала. Иапет Океан қызы Асиямен (Азия) қосылып, 4 ұлды өмірге әкеледі. Атланта, Менетия, Прометей және Эпиметия.
Титандар жағында Титаномахия соғысына қатысқан Иапет пен оның ұлдары басқа да титандармен бірге жеңіліс табады. Иапеттің өзі мен екінші ұлы Менетия тартарға тасталады (өлтіріледі).
Ал Эпиметей кем ақыл болады. Ол Зевстің алдауына түсіп қалады. Ол Зевс жіберген зұлым әйел Пандораның арбауына түсіп қалып, соған үйленіп кетеді. (Эпиметей – «ойланбай іс жасайтын», «ақылы кем» деген мағына білдіреді). [15]
Біз үшін Иапеттің екі ұлы Прометей мен Атлант туралы аңыз қызықты мәлімет береді.
- Атлант – грек аңыздары бойынша ғаламат күш иесі. Титаномахия соғысында Зевс бастаған Олимп құдайларынан титандар жеңілгеннен кейін, Атлант қиыр солтүстікте, Гесперидтер бағына жақын жерде аспанды иығымен тіреп ұстап тұруға жазаланған.

Грек аңыздары бойынша жердің қиыр шетінде, мұхиттың жағалауында өмір сүретін Гесперидтер алтын алма бағының қорғаушылары - бағбандары Атланттың қыздары. Олар «мәңгілік жастық алмасын» күтіп бағушылар. [14]
2) Прометей – «ақылмен іс жасайтын» немесе «алдын болжайтын» деген мағына білдіреді.
Ол өз ата- анасынан берілген ақылдылығын, қулықпен де астасып кететін батылдығын өз халқының пайдасына жұмсап, негізін өзі қалаған еліне қорған болады.
Грек аңыздары бойынша құдайлардың мекенінен от ұрлап, оны адамдарға берген Прометей, сол үшін Зевстің бұйрығымен скифтер мекендейтін Кавказ тауына бұғауланып тасталады.
Грек аңыздарында Прометейдің қулығы мен ақылы гректердің бас құдайы Зевстен де асып түседі. Зевстің өзі де Прометейді өз жағына тартып, ерекше ақылын пайдаланғысы келеді.
Грек аңыздарында дүлей, қара күштерді пайдаланған Зевске қарсы, адамдардың пайдасы үшін өзін құрбан еткен ақылды Прометейді «азап шегуші» етіп көрсетеді.
К. Маркс Прометейді «... адамзат тарихында ең ізгіниетті әулие әрі азап шегуші» деп атаған. Эсхилдің «Бұғауланған Прометей» трилогиясында Прометейдің образы адамзат өркениетінің дамуының символы ретінде суреттеледі.[17]
Эсхил шығармаларында Прометей адамзат дамуындағы барлық жетістіктерге мүмкіндік беріп, барлық мәдени құндылықтарға алғашқы жол ашушы ретінде бейнеленеді. Прометей адамдарды үй салуға, метал өңдеуге, жер егуге, суда жүзуге, жазу- оқуға, есеп- қисап жүргізуге, жұлдыздарды зерттеуге және т.б үйретеді. Адам баласына жасаған жақсылығы үшін жазаланған Эсхилдің Прометейі өзінің қатты азап шеккеніне қарамастан, өзінің ісі дұрыстығын алға тартып, Зевстің өзіне батыл қарсы шығып, алған бетінен қайтпайды.
Прометей әкелген от адамдарға техникалық прогреске жол ашады.[14,15,16]
- - -
Көне грек аңыздары бойынша, шауып келе жатып садақтан оқ жаудыратын, денесі жылқы басы адам (атқа жабысып қалған адам)-кентаврлар Прометейге жақындық танытып, Прометей Кавказ тауына бұғауланғанда жанашырлық танытады. Ал кентаврлардың кім екенін айтпаса да түсінікті шығар. Жылқыны алғаш рет қолға үйретіп, мыңдаған жылдар бойы серігі еткен, тіпті бұдан 12000 жыл бұрын Америка құрлығына өздерімен бірге ала кеткен түріктермен бұл жерде таласатын халық жоқ шығар.
- - -
Грек аңыздары бойынша, Урал тауының шығысында, қиыр солтүстікте мекендейтін (батыс Сібірдің солтүстік аймағы) Атланттың ұрпақтарының (гиперборейлер) мекені табиғат апатынан су астына кеткенде, олардың бір бөлігі атлант мұхиты арқылы Жерорта теңізі аймағына келіп қоныстанады. Олардың арасынан Дельфі көріпкелдер оракулінің негізін қалап, Троя қаласының негізін қалаушы Аполлонның аты ерекше аталады.
Аполлонның образы аспан, жер, жерасты әлемін байланыстырады.
Троян соғысы кезінде Аполлон оқ атушы трояндықтарға көмектеседі.
Аполлон тек қиратушы ғана емес, сонымен қатар оған емшілік қасиет те тән. Ол дәрігер, ол көмек беруші, ауру- сырқаудан қорғаушы.
Аполлон адамдарға ғылым мен өнерді үйретіп, қала салуға көмектеседі.
Кей мәліметтерде Аполлон – негізін өзі қалап, қала салушы, тайпалардың қорғаушысы және негізін салушы- атасы: Аполлон Троя қаласының негізін қалаған деген де дерек бар.
Аполлонға табынудың жоғары болғаны сондай Кіші Азияда, Эгей теңізі аралдарында, Грецияда, тіпті Италия жерінде оның атында көптеген көріпкел храмдары болды.Ал ең негізгісі Дельфідегі көріпкел (Оракул) храмы болатын. Мұнда Аполлон көріпкелі алдағыға болжам жасайтын.
Грек аңыздары Аполлонның балалары деп Киренадан туған ұлы Аристейді, Коронидадан Асклепийді, музалар Талия мен Ураниядан музыканттар Орфей мен Линаны атайды.
1)Орфей тек адамдарды ғана емес, құдайлар мен табиғатты да ғажайып музыкасымен еліктірген әрі әнші әрі музыкант .
2)Асклепий грек аңыздары бойынша емшілік құдайы. Асклепийге сәби кезінен данышпан кентавр Хирон емшілік өнерін үйретеді. Асклепидің өлгенді тірілтетін де қасиеті болған дейді грек аңыздары. Асклепийдің ерекше белгісі жылан. Қазіргі заманғы медицинаның символындағы жылан осыдан шыққан. Асклепидің асқан емші балалары туралы Гомер айтып кеткен дейді грек деректері.[14, 15]
3)Аристей-грек аңыздары бойынша Аполлонның ұлы. Аристейді грек аңыздары гиперборея елінен шыққан дейді.
Аристейге кентаврлар түрлі өнер мен ғылымды үйретеді.
Өз кезегінде Аристей адамдарға аңшылық өнерін, емшілікті, болашақты болжауды, мал бағуды және ара өсіріуді үйретеді.
Аристей адамзаттың ең алғашқы мәдени жетістіктерін игеріп, жер ананың даналық қасиеттерін боиына сіңірген данышпандардың бірі. Ол Ливиядағы(Африкада) Кирена қаласының негізін салушы және ұсталық өнерінің негізін қалаушы (изобретатель) деп саналады. [14]
Бұл аңыздардан білетініміз, атланттың ұрпақтарынан ең атақтысы Аполлон болса, оның барлық атақты ұрпақтарына өнер-білімді үйреткен кентаврлар (Прометейдің ұрпақтары) болып тұр.
Грек аңыздары Атлантты ерекше күш иесі, атланттың қыздары керемет бау өсірген дегеннен басқа көп мәлімет бермейді.
Ал Прометей болса, «құдайдың ұстаханасынан от ұрлап, адамзатқа техникалық прогреске жол ашқан» деп, көп мадақталады.
Жерорта теңізі аймағына Птометейдің елінен (Кавказ тауы аймағынан. Ол кезде гректер Кавказ тауының арғы жағын білмегендіктен, Кавказ тауы жердің қиыр шеті деп есептелген.) жермен жылқы көлігімен жеткен Прометейдің ұрпақтары, осында Атлант мұхиты арқылы кемемен жеткен Атланттың ұрпақтарына өнер-білімді үйретуші болып тұр.
Енді көне грек ғалымдарының деректеріне сөз берейік.
«Геродот пен Фукидиттің замандасы Лесбостан шыққан Гелланик «Скифтер» атты еңбегінде «Темірді ойлап тапқан скифтер» деп көрсетеді.
Осы жерде б.д.д 525-456 жылдары өмір сүрген грек ақыны Эсхилдың «Бұғауланған Прометей»,- деген шығармасынан мына деректі келтірсек жеткілікті ғой деймін.
« - Міне, ақырында біз жердің шетіне, Скифияға жеттік!
- - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - -
Осы арадан, ең алдымен, шығыс жаққа бет бұрып,
Тың жерлермен бөгелместен алға қарай қадам бас
Скифтердің қонысына, тоқымалы қорапты
Еңселі әрі дөңгелекті, алыстарға ұшатын
Садақтарын тастамай, өмір сүруге үйренген.
Тек оларға жақындама, жақпар тасты жағалаумен
Толқындары тулап жатар тыншымай, одан әрі жүре бер.
Сол жағыңда ұсталар бар, тілін тапқан темірдің,
Халибтер ғұмыр кешеді. Сен олардан сескенгін:
Қатал халық, бөтен жерлік адамдарды сүймейтін.
Эсхилдің осы шығармасына берілген көне схолияда- түсіндірмеде былай дейді:
«728. Халибтер. Себебі темірді халибтар ашқан, ал халибтер скифтердің бір бөлігін құрайды, осыдан бүкіл жер жүзіне тарады».
Грек тарихшысы Геродот өзінің атақты «Тарихында» былай дейді:
«Сонымен өмірге қажеттінің бәрі скифтерде бар», «Барлық халықтардың ішінде тек скифтер ғана қажетті өнерге ие. Олар еліне шабуыл жасаған бір-де бір жауды тірі жібермейді, егер өздері мүмкіндік бермесе оларды ешкім де қуып жете алмайды.»
Қазақстан жерінен табылған қанша алтын адамдарға қоса, жақында Германия жерінен табылған өте қымбат қазына, Орталық Азия түріктерінің Европа жерімен б.д.д. II мыңжылдықтың өзінде байланысы болғанын дәлелдеді. Алтын мен асыл тастардан жасалған қымбат қазынаны жан жақты зерттеген неміс ғалымдары, бұл бұйымдардың бұдан 3300жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерінде жасалғанын даусыз дәлелдеп берді.
Ұлы Дала перзенттерінен гректердің арасында болған екі-ақ адам туралы тарихта мәлімет бар. Олардың біріншісі-Тоқсары.
Тоқсары шамамен б.д.д.VII-ғасырдың басында дүниеден өткен.Тоқсары Грек еліне келгенде жасы отыздар шамасында жас жігіт болатын.
«Тоқсары Скифияға қайтып оралмаған, ол Афинада қайтыс болды, кейіннен ұлттық қаһарман ретінде танылды. Элладалықтар оған жат елден келген Балгер-әулие ретінде жыл сайын құрбандық шалады».
Лукиян «Скиф және қонақ»
Лукиянның «Тоқсары мен достық» атты еңбегінде «Біз жақсы адамдарға арнап құрбандық шаламыз.Солардың құрметіне орай ас беріп, той жасаймыз.Себебі, өлі разы болмай, тірі жарымайды. Әрине, мәселе тек оларда ғана емес, біз өлген адамдарға құрмет ете отырып, тірілерге олардың жақсылықтарын уағыздаймыз. Сондықтан да тірі жүргендердің көпшілігі соларға ұқсап артына жақсы сөз, өшпейтін із қалдырғысы келеді»-дейді Тоқсары Әулие.
«Оның өлген кісіні тірілтетін балгерлігі туралы аңыз көп. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес.Гректердің Балгер әулие ретінде мінажат етуінің өзі Тоқсарының асқан емші болғандығын толық дәлелдейді».Т.Жұртпаев.Дулыға 1 том
Тарихтан бізге жеткен, эллада еліне екінші болып аяқ басқан көшпенділер өкілі-Анақарыс данышпан.
Анақарыс шамамен б.д.д 620-555 жылдары өмір сүрген. Гередот пен Страбон «жеті ғұламаның бірі» деп мойындаған Анақарыс туралы Диоген «кеменің зәкірі мен дөңгелекті ойлап тапқан-Анақарыс» деп мойындаса, Страбон өзінің әйгілі «География» атты еңбегінде: «Эфор Анахарсисті данышпан деп атайды, ол өзінің шексіз адалдығымен,тазалығымен және ақылдылығымен жеті данышпанның бірі болды»-дейді.Ол Анахарсис ұста көрігін,екі табаны бар зәкірді және құмыра жасауға арналған дөңгелек жозыны ойлап тапқан дегенді айтады»,-дейді.
Бұлардан көрініп тұрғандай сол кездері Еуропаның ең дамыған елі атанған гректерді көшпенділерден барған екі-ақ адамның өзі бірі балгерлік ілімімен мойындатса,екіншісі шешендігімен,ақылымен таң қалдырыпты.
Гректер Анақарысты дөңгелекті, кеменің зәкірін, ұста көрігін және құмыра жасауға арналған дөңгелек жозыны ойлап тапқан дегенді айтады. Ал шын мәнісінде Анақарыс оларды ойлап тапқан жоқ. Бұл бүйымдарды Ұлы Дала ұлдары одан әлдеқашан бұрын ойлап тауып пайдаланып жүрген. Анақарыс тек соларды гректерге үйретуші болды.
Гректер ұста көрігін енді көріп жатса, бұл кезде Алтайда болат қорытатын пештерді ойлап тауып, болатты күнделікті өмірде қолданып жатқан болатын.
Қытай ғалымы Цзя – и-дың «Синь-шу» атты еңбегінде «ғұндардың әрбір үш адамының бірі сарбаз, тіпті адамы да ат көлігі де темір «сауытты» деген дерек бар.
Хуань Куань ның «Темір мен тұз туралы ой» атты еңбегінде б.д.д. 81 жылы Қытай ханының ордасында Ғұн мен Қытай арасындағы сауда саттық, темір, тұз сияқты шикі затты қалай тасымалдау жайы талас болғанын айтады.
Болат қару жарақ, тұрмыстық заттар түріктерге басқа халықтар алдында көптеген артықшылықтар берді.
Болат ауыздық даланың қайсар тағасы жылқыны қолға үйретуге түркіге мүмкіндік берсе, темір үзенгі түрік жауынгерлеріне ат үстінде ұршықша үйірілуіне мүмкіндік берді.
Табиғаттың тұнығын кешіп өскен түркі жауынгерінің бұла күші, ақылы, өз заманында теңдесі жоқ болат қару жарақ, астындағы желдей жүйрік тұлпар түрік әскерін өз заманында теңдесі жоқ күшке айналдырды.
Еуропаның ең көне өркениеті-гректер болса, гректер тіпті Ескендір Зұлқарнайынның заманында да темірді игермеген болатын.
Кіші Азияның Оңтүстік Батысындағы Дорида деп аталған аймақтан шыққан дорилықтар жерорта теңізіндегі жоғары өркениетті ағайын халықтарға күш көрсете бастаған гректердің ахей тайпасын ойсырата талқандап, өздерін қырып, жерлерін тартып алады. Ал қалған грек тайпаларына тиіспегенімен, мәдениеті төмен гректерді жоғары өркениетті Жерорта теңізі аймағындағы елдерден бөліп тастайды. Әсіресе, Палестинаны израйлдік тайпалардан тартып алған Кіші Азиядан шыққан филистимляндықтар сияқты, гректерден темірдің құпиясын жасырын ұстап, темірді игеруіне жол бермеген. Сондықтан дорилықтар ахейліктерден Пелопоннесті жаулап алған б.д.д. XII ғасырдан б.д.д. IV ғасырға дейін сегіз ғасыр өтсе де гректер темірдің өзін білгенімен, өндіру құпиясын біле алмаған.
Б.д.д.331жылы Гавгамель қыстағы жанындағы Ескендір мен Дарийдің соғысына, парсы патшасының өтініші бойынша екі мың сақ сарбазы қатысқан. Осы соғыста гректердің 60 мың әскеріне қарсы Дарий бірнеше есе көп әскермен соғысады.
Осы 2 мың сақ сарбаздары 8 мың бактриялық атты әскердің қолдауымен, Ескендір әскерінің оң қанатының тас- талқанын шығарады. Ескендір оң қанатқа сақтарға қарсы қанша әскер төксе де, олар сақтарды тоқтата алмай, қырғынға ұшырайды.
Грек тарихшысы Арриан «... кескілескен атты әскер шайқасы басталды. Александр әскерінің қатары көбірек сирей бастады, өйткені варварлар санының көптігімен қыспағын күшейтті, оның үстіне скифтердің өздері де, олардың аттары да темір сауытпен мұқият қорғалған болатын»,- деп сылап- сипайды.
Сақтар Ескендір әскерінің тылына өтіп кетіп, тұтқындарды босатып жібереді. Олар жаппай қаруланып, грек әскерлерін қыра бастайды. Сақтар одан әрі Ескендір әскерінің азық- түлік, қару- жарақ тиелген керуендерінің талқанын шығарып, патша қазынасын талан-таражға түсіреді.
Дарий жеңістің аз-ақ алдында еді. Бар-жоғы екі-ақ мың сақ әскерінің кесірінен жағдайы өте қиынға айналғанын түсінген Ескендір, оң қанатты тастай сала, таңдаулы гвардиясымен тура Дарийдің өзіне ұмтылады. Бұл Ескендірдің ең соңғы мүмкіндігі еді. Басқа амалы да қалмаған. Себебі, Ескендір мен Дарийдің бұған дейінгі Иссыдағы соғысында Дарий Ескендірдің тура өзіне жасаған шабуылынан қорқып, бар әскерін тастап, қашып кеткен болатын.
Сірә, парсылардың құдайы теріс айналып, бастарынан бағы тайып, Ескендірдің жолы болып тұрса керек. Ескендірдің тура өзіне жасаған шабуылынан қорыққан Дарий патша, тағы да, соғысқа әлі қатыспаған қаншама әскері барына да қарамай, ұрыс даласын тастай қашып кетеді. Патшасы қашып кеткен үлкен әскер тарап кетеді. Ал сақтар болса, Ескендір патшаның қазынасын тартып алып елге оралады.
Филистимляндықтар. Б.д.д.ХIII ғасырдың екінші жартысында Кіші Азия мен Эгей теңізі аралдарынан шыққан «теңіз халықтары» аталған тайпалардың қозғалысы басталды. Олар Египеттің Азиядағы иеліктеріне үлкен соққы берді. Б.д.д.XIII ғасыр мен XII ғасырдың арасында Палестинаның Жерорта теңізі жағалауына филистимляндықтар келіп орналасты. Грекше Палестина сөзі «филистимляндықтар елі» деген сөз. Кейіннен бұл атау тек теңіз жағалауына ғана емес, оларға жақын жатқан елге де тарады. Филистимляндықтар осында тұратын израйлдықтардың Газа секілді ірі бекіністі қалаларын да басып алды. Олар бұл топырағы құнарсыз кедей елдің ішкі жағына барғысы келмеді. Олар израйлдіктерді бірнеше ауыр жеңілістерге ұшыратып, қалаларын тартып алды. Солардың ішінде израйл халқының басты қасиетті қаласы Сидом да бар еді. Филистимляндықтар бұл кезде темір қарумен қаруланған болатын. Ал израйл тайпаларының бар қаруы әлі де мыстан болатын. Филистимляндықтар темір қару өндіру ісін бағындырған халықтардан жасырын ұстап, олардың темір қару иеленуіне мүмкіндік бермеді.
Филистимляндықтар гректер пеласг деп атайтын халықтың бөлшектері болатын. Осындағы темір қарумен қаруланған пеласг халқы Кіші Азия мен Эгей теңізі аралдарынан шыққан болса, олардан ойсырай жеңілген бар қаруы әлі мыс халық- израйл (еврей) тайпалары болатын.
- - -
Б.д.д. 1194-1184 жылдары болды деп жобаланатын Троя соғысынан 80 жылдан кейін гректердің өздері «жабайы дорий» тайпасы деп атаған тайпаның жойқын шабуылына ұшырайды.
Бұған дейінгі грек тайпаларының ішінде Эгейда теңізіндегі жоғары өркениетті елдерге жақын орналасып, жедел дамып келе жатқан, Критті және Трояны жаулап алған ахей тайпалары дориліктерден күйрей жеңілді. Микен өркениеті күйретілді. Эгей теңізіндегі бұрын ахейліктер жаулап алған Крит және басқа біраз аралдар, ахейліктердің негізгі мекені Пелепоннестің оңтүстік бөлігі дорилықтардың қолына көшті. Дорилықтар Кіші Азияның оңтүстік батыс шетіндегі теңіз жағалауы жерлері мен аралдарды да иеленетін Дорида деп аталған аймақтан шыққан болатын.
Дорилықтардың бұл шабуылы гректер үшін өте ауыр болды. Гректер жоғары мәдениетке ие Ерте Шығыс әлемінен бөлініп қалды. Үш ғасырға созылған бұл тоқырау гректердің тарихындағы қараңғы ғасыр болды.
Гректердің «жабайы» дорий тайпасынан күйрей жеңілгенін тарихшылар, дориліктердің темір қару жарағы болды және ахейліктер ұзаққа созылған Троя соғысынан әлсіреген болатын деп түсіндіреді.
- - -
Бұл мысалдардан көрініп тұрғандай, Еуропаның ең көне өркениеті гректер де, израйль тайпалары да, египеттіктер де темірді игермеген кезде Кіші Азия жері мен Эгей теңізі аралдарынан шыққан халықтар темірді пайдаланып, басқалардан құпия ұстаған.
Түріктердің темірді қашан игергені туралы ең көне дерек қытай жерінде кездеседі.
XX ғасырдың басында екі австралиялық саудагер Қытайдың орталық бөлігіндегі Сычуань жазығынан жүзден аса пирамиданы көреді. Моңғол шекарасына жақын жергілікті монастырдағы монахтан сұрағанда ол бұл пирамидалардың «өте көне» екенін айтқан. Монахтың айтуынша бұл пирамидалар туралы жазылған жазбаларға 5000 жылдан асқан. Сондықтан бұл пирамидалардың жасы одан да арыға кетеді деп есептейді.
Монахтар бұл пирамидалар Қытайды басқа планетадан келген императорлар билеген кезде салынған дейді. Бұл Императорлар өздерін «темір айдаһарға мініп, аспаннан күркіретіп Жерге түскен Көктің Ұлының» ұрпақтарымыз деп атаған. Пирамидаларды салған осы көктен келгендер делінеді.
Түрік билеушілері өздерін «Көктің ұлымыз» (Құдай тектіміз-Көк Тәңірінің ұрпағымыз) десе, тәңір діні бойынша Көк Тәңірінің мекені көкте-аспанда, сондықтан да өздерін көктегі Көк Тәңірінің ұрпағымыз, аспаннан түскенбіз деген.
«Көктің ұлдарының» темір айдаһарға мінгенін былай түсіндіруге болады: темірді алғаш рет игеріп, пайдаланған түріктер екені қазір дәлелденген. Оны қазіргі заманғы археология ғылымы да дәлелдеді. Орталық Азия аймағынан көне заманғы темір қорытатын пештердің археологтар талайын тапты. Ал Еуропаның ең көне өркениеті делінетін гректер Ескендір Зұлқарнайынның заманында да (б.д.д. IV ғ.) темірді игермеген. Қытайлар болса, біздің дәуіріміздің басына дейін темірді түріктерден сатып алып келген.
Түріктерде, олардың мұрагерлері қазақтарда да жақын кездерге дейін «Жылан қайыс» деген ырым, салт-жоралғы болған. Бұл жоралғы ер бала «қоян мүшел»-4 жасқа толған кезде жасалады. Белгіленген күні баланың туыстары ұстаханаға келеді. Темір ұстасы көрікті қосып, ата-анасының көзінше балаға қару, сауыт соғады. Осыдан соң, ұстаның өзі үстіне сауыт киіп тұрып, баланы аяғының астынан өткізеді. Бірінші өткізгенде балаға сауыт кигізеді. Екінші өткізгенде қару-жарақ асындырады. Сауыт киінген ұста мен бала сауыттары бір қарағанда жылан қабығына ұқсайды. Сондықтан бұл жоралғы "Жылан терісімен киіндіру»-«Жылан қайыс» деп аталған. Әскери демократия кезеңінде темірден қару соғатын ұста құрметті өнер-білім иесі деп қатты құрметтелетін болған.
Ал темірді жерден қазып алып өндіретін болғандықтан, жер бетінде де ,жер астында да өмір сүре беретін жылан жер асты ғылымын меңгерген данышпандықтың символы есебінде киелі саналған. Түріктердің «жылан» тайпасы, орыстардың «Змей Горуничі» осыдан шыққан сияқты.
Көнеден келе жатқан мынандай аңыз бар: «Тасқа бастырылып қалған жыланды құтқарған жігітті жылан жер асты патшалығына алып кіреді. Қызын құтқарған жігітке жылан патшасы-Бапы хан сый жасайды. Жылан жігітті бір жұтып, қайта құсқанда жігіт сауытпен киініп шығады. Екінші рет жұтып қайта құсқанда болат қару-жарақты болып шығады. Жігіт «үшінші рет жұтпайсыз ба?»-деп сұрағанда, жылан патшасы, «үшінші рет жұтсам бүткіл денең, жаңың темірге айналады. Адамдық қасиетіңнен айрыласың» деп жауап беріп, жұтпай қояды.»
«Жылан қайыс» жорасы осы аңызға негізделген болса керек. Көне заманда қазіргі қытай жерін жаулап алып, пирамидаларды салдырған түрік патшалары өздерін «Темір айдаһарға мініп, аспаннан түскен Көктің ұлының ұрпақтарымыз» -деуі осыдан шыққан болса керек.
Осы деректі негізге алсақ, Алтайлық түріктердің темірді игеруі 5000 жылдан арыға кетеді.
Осы жерде қазіргі заманғы генетик ғалымдардың деректерін келтіре кетейік.
Ғалымдар Иркутск облысындағы Мальта тұрағынан бұдан 24000 жыл бұрынғы адамдардың тұрағын тапқан. Осында өзен жағалай қонған ауыл секілді қоныстан археологтар мамонттың азу тісінен жасалған әйел, аққу мүсіндері және т.б. керемет өнер туындыларын тапқан. Осында табылған скелеттен Y хромосомасын алған ғалымдар сүйектің иесінің тегі R гаплогруппасына жататынын анықтаған.
Осы Мальта, Бурет тұрақтарын жан-жақты зерттеген «Сібір археологиясының атасы» атанған академик А.П.Окладников бастаған Ресей ҒА Сібір бөлімшесінің ғалымдары осы өркениет иелерін «түріктердің арғы бабалары» деп мойындаған.
Генетик ғалымдардың дерегінше, осы R гаплогруппасынан R1a, R1b гаплогруппалары тарайды. Сол сияқты Американың байырғы тұрғындары да осыларға туыс болып келеді.
Гаплогруппа R1a шамамен бұдан 20000 жыл бұрын Орталық Азияда пайда болған.
R1a1 гаплогруппасының өкілдері бұдан 8-12 мың жыл бұрын пайда болып, азиялық тобы Қытай, Индия мен Пакистанға дейін таралса, еуропалық тобы 7-9 мың жыл бұрын Шығыс Еуропаға тарайды. Жобамен 3500 жыл бұрын Анатолияға (Кіші Азияға) жеткен.
Қазіргі Индия ақсүйектерінің шамамен 40%-і R1a1 гаплогруппа иелері.
R1a1 гаплогруппасына жататындар қазіргі Ресейдің және Шығыс Еуропаның (Польша, Украйна, Белоруссия) халықтары арасында орташа есеппен 48%, ал Ресейдің оңтүстік облыстарында 62%-ке дейін жетеді.
Бұл топ өкілдері Ресейдің Балтика жақ бетінде 24%-ті құраса, батыс Еуропада жоқтың қасы. (Бұл орыс ғалымдарының деректері.)
Еуропа ғалымдарының дерегінше гаплогруппа R1b тобының басында тұрған еркек бұдан 16000 жыл бұрын R1 тобына жататын адамнан орталық Азияда туылған. Ал алғашқы R1b1 гаплогруппасының басындағы еркек бұдан 9500 жыл бұрын Қара теңіз жағалауында дүниеге келген деп есептейді.
Бұл гаплогруппа өкілдері батыс Еуропаға бұдан тоғыз мың жыл бұрын келіп қоныстанған дейді ғалымдар. Қазір осы гаплогруппаға жататын адамдар Испания мен Франция жерінде тұратын баск халқының 88,1%-ін, итальяндықтардың 40%-ін, қазір Англия құрамына кіретін Уэльс пен Шотландия, Ирландия халықтарында 90%-ке дейін, бельгиялықтарда 63%, норвегтерде 25,9%-і құрайды.
Ал атланттардың аты шыққан қазіргі Мысыр жеріндегі халықтар арасында бұл топтың үлесі 1%-тің шамасында ғана. Себебі, атланттар ұрпақтарынан билік кетіп, қаншама әулет ауысқан сайын атланттардың ұрпақтары азая берген. Қазіргі Мысырдың негізгі халқы арабтар.
Осы R гаплогруппасы түркі халықтарында өте жоғары. Бір топтарда R1a гаплогруппасы жоғары болса, басқа топта R1b гаплогруппасы жоғары. Мысалы: Қырғыздарда R1a1 гаплогруппасы 63% болса, башқұрттарда R1a1 гаплогруппасы 24% те, R1b1 гаплогруппасы 43%
Генетик ғалымдардың дерегі бойынша, R1a гаплогруппасының өкілдері мен R1b гаплогруппасының өкілдері бір атадан (R1) тарайтын туысқан халықтар. Оларды (R1) академик А.П.Окладников бастаған орыс ғалымдары түріктер деп мойындаған. Ал көне грек аңыздары бойынша олар ортақ бір ата- Иапеттен тараған: Атланттың ұрпақтары- R1b1 гаплогруппасының өкілдері болса, Прометейдің ұрпақтары-R1a1 гаплогруппасының өкілдері.
Қызықты дерек: Б.д.д. XIV ғасырда Египетті билеген Тутанхамон перғауынның ДНК-сы да, Ресейдің ең соңғы императоры Николай II Романовтың ДНК-сы да R1b1a2 гаплогруппасына жататыны анықталған. Тутанхамон Египет жеріне өркениет әкелген атланттардың өкілі болса, Романовтар қыпшақ Құбыла ханның тұқымы.
Басы Орталық Азиядан таралған R гаплогруппасының ( А.П. Окладниковтың айтуынша-түріктердің бабалары, көне грек аңызы бойынша- Иапеттің балалары) ұрпақтары екіге бөлініп, бірі R1a1 гаплогруппа иелері (Прометейдің ұрпақтары)-өнер-білім иелері атанса, екіншілері R1b1 гаплогруппа иелері (Атланттың ұрпақтары)-алапат күш иелері ел билеген.
Ең алғашқы темірді игеріп, Қытай жеріндегі керемет пирамидаларды салғандар да, «Кавказ тауының маңы» мен Кіші Азия жеріндегі алғашқы темірді пайдаланушылар да осы R1a1 гаплогруппасының иелері-Прометейдің ұрпақтары.
Ежелгі гректердің географиядан білімі өте төмен болған. Тіпті біздің дәуіріміздің басында Ескендір Зұлқарнайынның тарихын жазған грек тарихшылары тәжік жеріндегі Памир тауын Кавказ тауы деп шатасқан. Олар Кавказдың шығыс жағы туралы ештеңе білмейтінін, сондықтан Кавказ тауының ежелгі гректердің түсінігінде дүниенің шеті есепті болғанын ескерсек, «Кавказ тауының маңында темір өндіретін халибтер» дегені Алтайда темір өндірген түріктер болуы да мүмкін. Гректер темір өндірушілерді ешуақытта көрмеген, оларға тек аңыздар ғана жеткен.
Енді өзіміздің аңыздарға сәйкес келетін еврей аңыздарын талдап көрейікші. Жер бетіндегі қазіргі барлық адам баласы Нұхтың үш баласынан(Хам,Сам, Иапет) тарайды.
Хамның ұрпақтары африкалық қара нәсілділер, хамиттер.
Ал парсылар өз аңыздарында, өздерін Сам палуанның ұрпақтарымыз дейді. Самның ұрпақтары индоевропалықтар, парсылар. Ал Иапеттің ұрпақтарын түрлі шежірелерде түрліше көрсете береді. Әбілғазы Баһадүр ханның шежіресі бойынша Иапеттің сегіз ұлы болады: Түрік, Хазар, Саклаб, Китай, Камари, Тарха, Манжур, Жапон.
Мұндағы Саклаб дегені-славяндар. Қазір Шығыс славяндар деп жүрген орыс, украйн, белорус халықтарының жартысынан көбісі (54%-і) R гаплогруппасына жататын түріктер, ал I гаплогруппасына жататын нағыз славяндар 20%-ті ғана құрайды, 20%-і угрофиндер.
Ал солтүстік Қытайдың халқының жартысына жуығы түріктер. Бұл генетик ғалымдардың деректері.
Кейбір ғалымдар осы еврей, мұсылман аңыздарындағы Иапет пен грек аңыздарындағы Иапетті бір адам деп есептейді.
Демек, көне грек аңыздарындағы Атлант пен Прометей, гректеніп кеткен Эпиметей бір атаның балалары.
Сонымен, «Құдайдың ұстаханасынан от ұрлап, адамзатқа техникалық прогресті силаған Прометейдің ұрпақтары»-Орталық Азиядан шығып, оңтүстікте Қытай, Орта Азия арқылы Индия мен Пәкістанға дейін жетіп, батыста Шығыс Еуропадан Кіші Азияға дейін жеткен түрік халықтары.
Бұны қазіргі археология ғылымы да, генетика ғылымы да дәлелдеп отыр!
Үндінің тұңғыш президенті Джавахарлал Неру: «Еуразия даласында жауынгерлігімен мақтана алатын жалғыз халық бар, олар-түріктер» деп жазыпты.
Француз ғалымы Рене Груссе: «Тюрки... были...созданы для правления.
...стрелки на седлах из степей правили над Евразией до XVI века.» деп жазды.
Түрік қағанатының дана абызы Тоныкөк: «Жоғарыда зеңгір көк, төменде қара жер жаралғанда, олардың екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласына менің ата-бабаларым үстемдік құрған.» деп тасқа жазып кетіпті.
«Түркі әлемінің алтын бесігі» атанған- Алтай қазақ жерінде.
ҚАЗАҚ ЕЛІ - түркілердің қара шаңырағы.
Қазақ халқының тарихы – түркі әлемінің тарихы. Ол тарих – ең Ұлы, ең көне тарих!
Адамзаттың тарихы ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕН бастау алады!
ҚАЗАҚ ЕЛІ МӘҢГІЛІК!!!
Бейсенбай Бекжан Кәленұлы.
29.12.2014 жыл.