Бейнеттің зейнетін көру нәсіп етіп, Алланың берген ырзығын теріп жеп, қол ұзарып, уақыт молайып жүріп жатқан жағдайымыз бар. Балдан тәтті немерелерімді сағынсам, жүрдек пойызға отыра салып жүріп кете беретінім бар. Сол әдетімше, жолға жиналдым. Жол жүру – мен үшін мереке. Балаларым – балапандарымның жанында екі-үш күн түгілі, екі-үш сағат болсам да әжептәуір демалып, шаршағаным басылып, құдды әлі де бір көрмеген қызықтарым, жетпеген белестерім, жаңалықтарым болатындай шабыттанып та, шаттанып та қаламын. Осындайда, «Балам - балдан тәтті, немерелерім – жаннан тәтті» деп қазекем бекер айтпаған-ау деймін. Олардың тәттілігіне шекер мен бал да жетпейді. Немереңді қызықтап, қылығына қуанып, солардың амандығын Алладан тілеп жүргеніңнің өзі де - бір қол жетпейтін, табылмайтын байлық және бақыт емес пе! Балаларым – бақытым, балапандарым – байлығым. Сол балапандарымды көріп қайтпаққа жиған-тергенімді көтеріп жолға шықтым. Жол жүрерден бұрын, шыны керек, менде бір тілек болады. Ол – жолаушы серіктестерім әйел заты болса екен, әсіресе, әңгімешіл, ашық болып кездессе екен шіркін, деймін, шай да ішіледі, жол да қысқарады дегендей. Сол ойым орындалып, іздегенге сұраған болды ма, естіген әңгімеме оралайын.
Жүрдек пойыздың жайлы вагонынан орын алып, шығарып салушылармен қош айтысып, қала бердім. Сәлем-сауқыт салынған қол жүктерімізді орналастырып жайғасқан соң, жан-жағымызға қарап сөйлейтін әдетімізше маған қарама-қарсы отырған ақ сары жүзді әйелмен амандасып, «жолымыз болсын» айтысып, сөзге тарттым. «Адам баласы сөйлескенше, жылқы кісінескенше» демекші, адамдар қайда баратынын, кімге баратынын сұрап, содан әрі әңгіме-дүкен жалғасын тауып жататыны белгілі ғой.
Жасы алпыстарды алқымдап қалған, толықша келген, жылы жүзді ақ сары әйелдің өңінде мұңның ізі, кішірек қой көздерінде терең бір сырдың сарғайып жатқаны сезіліп тұрғандай көрінді. Алып шыққан қант-кәмпит, арнайы жолға пісірген тағамдарымызды ортаға қойып, екеуміз жарыса қимылдай бастадық. Мен өзімді ол әйелден кішірек сезіндім де, шайнегімді көтеріп қайнақ су алып келуге кеттім. Тегінде, жол сапардың шайы да, тағамы да тіпті өзгеше дәмді болып кететіні бар. Осы тамақтың бәрі түр-түрімен дастарханда тұрса да, дәл осы жолаушылап жүріп ішкендей керемет болмайтыны неге екен деп таңданатынымыз да рас. Оның бәрі адамға да байланысты болады, егер жолаушы адамың әңгімешіл, тіпті әңгіме айтпаса да ашық мінезді болып, сенімен шүйіркелесіп отырса да ырза болып қаласың. Әрине, адамдар алуан түрлі мінезді, бәріне бірдей кінә тағуға да болмайды, бірақ, сол қабағы қатып, тырысып, «ішімдегіні тап» дейтіндерден ішім пысып, ішкенім бойыма сіңбей, не жол бітпей, не уақытты өткізе алмай, тыпыршып кететін кездерім де болады.
Сонымен, мен шайды сүтпен қоюлап құйып, барымызды ортаға жайып салып, төңірегіміздегінің бәрін шайға шақырып, азын-аулақ бастаңғыны бастап та жібердік. Жас қыз-балалар ауыз тиген болды да, әлгі қолдарынан түспейтін ұялы телефондарымен ымдасып-сөйлесіп, өздерімен-өздері мәз-мейрам болып жатты. Ақ сары өңді әйел өзінің дәрігер екендігін, Астанаға немересінің тойына кетіп бара жатқанын айтты. Мен де тұңғыш немеремнің мектеп табалдырығын алғаш рет аттау рәсіміне бара жатқанымды айтып қалыспай жатырмын. Тәйірі, бала-шағадан басқа не әңгіме болушы еді. Біраз уақыт әңгімеміз сол балапандарымыз жайында болды.
Ол: - «Анаңыз бар ма?» деп сұрады. Мен анамның бар екенін, сексеннің сеңгіріне шығып, немере-шөбере сүйіп отырғанын, өзімнің ең үлкені екенімді қысқаша айтып өттім. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» демекші, Сіз әлі де жап-жас екенсіз деп, мені біраз жасартып тастады. «Рахмет комплиментіңізге! Сіз де аса қартайып тұрған жоқсыз, кім әке-шешесін өмір бойы арқалап жүрер дейсіз, өзіңіз де әже болыпсыз» дедім жұбатып та, көңілін көтеріп те қояйын деген оймен. Қанша есейіп ер жетсем де, өзім әже болсам да, анам бір сәт есімнен шықпайды, әсіресе, мына бір оқиға... деп жолаушы әйел көмейіне келген сөзді жұтып, үнсіз қалды. Өңінен бір нәрсе айтқысы келіп, аузын ашса көмейіне келіп қалған өксіктің жасы көз жанарына үйіріліп тұрғанын көріп, бей-жай қарамадым. Сәл кідірген соң, айта отырыңыз, айтсаңыз жеңілденіп те қаласыз, сағынышыңыз да басылады дей бердім ана мейіріміне қанбаған мен бейбақ жаным ашып. Менің басымнан өткен шер мен мұңды ол қайдан білсін. Сапарлас әйел менің шын пейіліммен тыңдағым келіп отырғанын түсінді де, әңгімесін бастады...
« ... Отбасымызда төрт бала өстік. Шешем марқұм он бір құрсақ көтерген екен. Заман қиын, медицина әлі дами қоймаған кезең ғой, өмірге келе сала шетіней берген екен. Солардан төртеумізге жарық дүние қызығын көруге Жаратқан Ием нәсіп еткен екен. Шүкір, ел қатарлы тағдыр тақтамызға жазылған жақсылықты, өмірдің ащы-тұщысын көріп жатырмыз. Әкеден ерте жетім қалдық. Сонау байларды кәмпескелеу заманында жеті-сегіз жасар жетім бала байдың малын айдап, шекара асып кетеді. Жетімді де Жаратушы өзі жарылқап, көрер қызығы бар, жерде қалдырмай, ел қатарына қосады. Ер жетіп, етек-жеңін жиып, үйленіп-жайланады. Сол жарлы баладан мен дүниеге келген екенмін. Шет жер, жат ел болса да қазақылығын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап, өзінікін ұмытпай, өзге ұлттан емес, өз ұлтынан қарапайым қазақтың қызын іздейді. Қазақ қызына үйленуді армандап жүргенде менің анамды көріп қалады. Қалың қазақ та емес, өзге ұлттың ішінде өскен, балалық, жастық шағы өткен өзге ұлттың тілін де өз тілінен кем білмейтін әкем алған бетінен қайтпайтын қайсар жігіт болып өседі. Бір-екі мәрте көріп-ақ анама көңілі кетіп, көп ұзамай отау құрады.
Балалы-шағалы болып өмір сүріп жатқанмен, жүрек түкпіріндегі елге, туған жеріме оралсам деген сарғайған сағыныш санасын сабалай береді. Ол жөнінде анама жиі айтады екен. Ауырдың, яғни ауыртпалық та, жеңілдің, яғни жеңіл өмір, жатыпішерлік те өз нәтижесін бермей қоймайтыны заңды. Тағдыр тауқыметін көп тартқан әкем қанша емделсе де, емші дәрігерлердің емін алса да сауықпайды. Мен бір жасқа толар-толмасымда әкем кенеттен көз жұмады. Аңырап анам төрт жетімегімен қайғының қара суын ішіп қала береді. Өз жері де емес, бөтен елдің аты – бөтен ел. Қайсар анам қасіреттің қара тұманын сейілтіп, жарық жол іздеуге, елге қайтуға әрекет жасайды. Жетімектерімді ит-құсқа жем қылмай, кеудемде жаным тұрғанда туған жеріме, туған-туыстарыма жеткізейін деген ой мазалай береді. Көп қиындықтар бастан өтеді, оның бәрін тәптіштесем бір сөтке уақыт та жете қоймас, тоқ етерін айтайын деп әңгімешіл әйел өзекті бір мәселеге ауысты.
Ұмытпасам бес-алты жасқа келіп қалсам керек. Қыс мезгілі еді. Анам қалың күртік қарды омбылай, жол сала отырып жүріп келеді. Артынан жығылып-сүрініп ілесіп келеміз. Кейіндері ес кіргенде білдім, анам зират басына барған екен. Ол туралы анам жиі айтып отыратын. Қалың қарға тізерлей отыра қалып, анам қойылған белгі тасқа бетін бұрып Құран бағыштады және көзіңнің тірісінде елімізге қайтамыз, туған жеріме оралуым керек деп армандаушы едің, міне, балаларыңды алып, елімізге өтпекшіміз, бақұл бол, ырза бол, аманатыңды орындауға бел шештім деп ұзақ егіле жылап отырып, ерінің рухымен қош айтысып зираттан шықтық. Қақаған қыс. Біз үнсіз ілби басып ілесіп келеміз. Сол көрініс елу жыл өтсе де көз алдымда тұр. Сол көктемде шекара ашылып елге келдік. Көп қиындықтар бастан өтті. Анам совхоздың белді сауыншысы болып жұмыс істеді. Анамның бір сөзін екі етпедік. Тіл алғыш, тәртіпті болуға тырыстық. Еңбекқор болып өстік. Анамның қабағын бақтық. Сөз келтірмеуге, ұятқа қалдырмауға тырыстық. Жесір әйел намысшыл келетіні жасырын емес. Анам бізді әкесі барлардан асып түспесе, кем бақпады. Екі бөлмелі қоржын тамда тұратынбыз. Шүкір, туған-туыс, ағайын-жекжаттардың арасына келіп, қуанышта шек жоқ тұрып жаттық. Ең маңыздысы – өз елің, өз жерің, өз қандас бауырларың, қарның аш болса да, көңілің тоқ. Анам сауыншы болды дедім ғой, ең қою сүт те, қаймақ та біздің үйде. Шешеммен отырып ішкен қою қаймақ қосылған күрең шайды айтсаңызшы! Сол бала күнімдегі қаймақ қосқан қою күрең шайды қазір іздесең таппайсың. Бәрі қоспа, табиғи ештеңе қалмады. Әкесіз жетім – арсыз жетім, шешесіз жетім – шерлі жетім демекші, арсыз жетім әркімнің де басынан өткен. Тағдыр солай, анамның оған ешқандай кінәсі жоқ екенін біз қалтқысыз түсінгенбіз.
Күндер өтіп жатты. Бірде анам бізді шай үстелдің басына жинады. Көрші тұратын әкемнің туған інісін де шақырған екен. Ол кіші атам да келе қалды. Әңгіме басында біз төрт бала өстік дедім ғой, сол ең үлкен әпкеміз сол жақта, бақуатты тұратын қазақ жігітіне біреудің жалғыз ұлына тұрмысқа шығады. Ол кісі отбасылы болғандықтан сол жақта қалып қояды. Шекараның ар жағында, мәселе сонда болып тұр. Анам: Сендер елге келдіңдер. Өз елің өлтірмес. Айнала туған-туыс, бауырлар бар. Ал, қайным, ағаңның балалары енді саған аманат. Баға алсаң бағарсың, қиынсынсаң балалар үйіне өкіметке өткізерсің деп қадап айтты. Ешқандай алдаусыратпай, шынайы ашынып айтты. Менің тұңғыш қызым жат жерде қалып кетті. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалдым. Сол қызым көз алдымнан кетер емес. Ұзынқұлақтан естуімше шекара үш күн ішінде жабылатын көрінеді. Бұйырса осы үш күн ішінде шекара асып алып қайтам, бұйырмаса мен сонда өліп қайтам деді. Біз сол мезетте шыр ете түстік. Тізесінен құшақтап өксіп жылағанымның бәрі көз алдымда. Анам қанша іштей қимай тұрса да, жігерленіп бізді тыйып тастады, қайраттансын деп қатты айтты, жылауық болмасын, жігерлі болсын, жанкүйер болсын, жалқау, жанаяр емес, жанкешті өмірге бейімделсін, жақсы болсын, өмір атты дүрмектің көшінен қалмай ел қатарлы адам болыңдар деп тілей отырып тіліп айтты. Жыламақ түгілі тілімізді жұтып қойғандай іштей тынып, тұнжырап, жыламсыраған күйде отырып қалдық. Ересек ағамда да үн жоқ. Мен сүт кенжесі болған соң етегінен бір елі қалмай өскенмін, ілескім келіп тұрса да үнім шықпай іштей тұншыққан күйде қала бердім. Үй жанына келіп тоқтаған ағаш бортты биік машинаға артына бұрылмастан қарғып мінді де жүріп кетті. Көз жасын бізге көрсеткісі келмей, сондықтан іле-шала кеткенін біз кейін есейе келе түсіндік. Көз ұшында көрінбей кеткенше қарап тұрдық. Анам кете салысымен үшеуміз үш жерде томсырайған күйде не жыларымызды білмей отырып қалдық. Баламыз ғой, терең түсіне қоймаған да шығармын, қарным тоқ, көрші-қолаң балалармен ойнап кетсем керек, екі-үш күндей уақыт өтті-ау деймін. Бір күні кешкі мезгіл болатын, анам кіріп келді. О тоба! Алғашында танымай да қалдық. Шешем екенін біліп тұрмын, бірақ, сырт бет-әлпетіне қарасам адам шошитындай халде еді. Бала болсам да осы көріністі ұмытпаймын. Шұр етіп, ентелей жабыла аяғына орала кеттік, құшақтап жылап шырылдап жатырмыз, қуаныштан ғой, әрине. Жуынып-шайынып өз-өзіне келген анам екі-үш күннің ішінде көрген-білген әңгімесін айта бастады. Маңдайынан, шекесінен, екі шынтағынан, тізесінен сау жер жоқ. Терісі алынып, жалбырап тұрған тізесі мен шынтағының қаны әлі де кеуіп үлгермеген. Анамның сол бейнесін еске алсам, қайран анашым-ай, баласы үшін жанын қиюға да әзірленіп кеткен екенсің-ау деп мұңаямын! Ол уақытта қазіргідей жеңіл, жұмсақ көлік қайда...! Сол өзі отырған ағаш бортты жүк машинасы шекарадан өтіп жатқан елдің жүгін тасиды екен. Жүргізушінің жанына отыруға болмайды, шекарада тексеруші өткізбейді. Не істеу керек? Ұсталса, сөз жоқ, жау деп атып тастауы анық. Жүк салатын бортына шығып, ағаш па, темір ме, кім білсін, еденге етпетінен тыбыр етпей жатады, үстіне брезент палатаны тастай салады. Салмағы да аз емес, күн ыстық, ауа жібермейтін рәзіңке. Астына төселген ең болмаса не шөп, не көрпе де жоқ, қураған қу тақтай болар. Қайбір даңғыраған тас жол дейсіз, қиқы-жиқы, кедір-бұдыр жол шайқалған сайын баспен де, тіземен де ұрыла-ұрыла қажалған жұп-жұқа, жұмсақ теріден не қалады, елестетіп көріңізші?!
Шекарада тексеруші солдат та бортқа шығып, мойнын созып сұраған көрінеді. Шофер жігіт (орыс жігіті) өзге тілде бірдеңе жөнінде сұрады-ау деймін, аса көп ұстап тексермеген көрінеді, ары қарай жүріп кетеді. Алланың жарылқағаны осы да, жақсылығы, сендер анасыз қалмасын деген шығар, әдетте темір істікпен түртіп-түртіп тексеруші еді, сол жолы аса көп тексеріс болмаған екен. «Аққа Құдай жақ» деген осы ғой, аман-есен шекарадан өттік. Арғы бетке өткен соң шофер жігіт жол-жөнекей түсіріп кетеді. Жота-жотаны жайлаған ел, сайда мыңғыраған мал, әр жерде топ-топ болып жиналған елден және қара-құрым малдан жер қайысады. Жүрген адамдардан сұрай-сұрай әрең дегенде қызы келін болып түскен шаңырақ та, яғни құдалары да осы көштің ішінде екенін біледі. Ботасын іздеген інгендей, жанары жаутаңдап күні бойы баласын іздейді. Ертеңінде тағы іздеуге шығады. Төрт-бес ер адамдар бір шетте әңгімелесіп тұрады, жақындап келсе тани кетеді. Мәзіре-жай әңгіме-дүкен құрып тұрғандардың бірі құдасы болып шығады. Ойда-жоқта тап болған құдағиына ол кісі алғашқыда аң-таң болса керек. Амандық, хал сұрасқаннан кейін қызының жайына ауысады. Құдасы бала-шағасын түгел тастамай көшіп келе жатқанын, бәрі дін-аман екенінен хабардар болады. Көңіл орнығады. Енді қызын өз көзімен көру керек қой. Құдасы анау сайда үй тігіп отырғандарын айтып, үйге жүріңіз деп ізет жасайды. Енді анам сол жаққа қарай беттейді. Жарды жағалай жылдамырақ басып жүріп кетеді. Ана жүрегі баласын көрмейінше тыншыған ба?! Жүректің қалай тулап тұрғаны әркімнің өзіне ғана аян. Сағыныш та, аяныш та кеудеге сыймай тұрғанын тек ана ғана түсінеді. Қайғырады, жүрегі үнсіз жылайды. Шарқ ұрған ана жүрегі еселей соғады, асықтырып келеді. Кенет, жотаны жағалап келе жатса өз құлынынан аумайтын қара торы қыз иін ағашпен сай табанынан көтеріліп келеді екен. Жақындай түссе, дәл өзі. Іздеген өз ботасы екеніне көзі жеткен соң, ана сай табанына қарай екпіндете жүгіреді. Қыз да тани кетеді, екі шелегін тастай салып, өрге қарай екі қолын жайып, «апалап» қарсы жүгірді. Сағыныштың сарғайған сары желі де жас ботасын артынан итеріп, сайдан шығуына демеп те жатыр ма, әп сәтте анасы мен қызы құшақтасып көріскенде көк аспанның өзі күңіреніп, көк өзен тулап, дүние түгел астан-кестен болып айналып тұрғандай көрінді. Екеуі ұзақ құшақтарын жазбайды. Сағыныштың жасы беттерін жуады. Анасының бетіндегі сүрілген жараның дақтарын көріп ботасы боздағанда, төңірек түгел еңіреп, ана біткен аңырап, аспаннан қара нөсер жауғандай көз жастары сел болады. Ер адамдар, үлкендер жағы келе қалады, әзер дегенде жұптарын жазып жуатады. Анасы қызының жанында бір күн болып, елге қайтатынын, әне-міне өткелі отырғандарына көзі жетеді. Құдасы мен құдағиына қызын аманаттап тапсырып, кері қайтады. Бірнеше сағат түнделетіп жаяулай жалпылай жүріп, темір тордың астынан еңбектеп өтіп, елде қалған үш ботақанына қайтып келеді. Кіріп келгендегі бет-әлпетіндегі өзгеріс сол оқиғаның салған жарасы екен. Тән жарасы жазылары оңай болғанмен, жан жарасының жазылуы қиын екен, әсте. Анамның сол кейпі, сол екі-үш күндегі қиналғанын түсінген жанға жан жарасы емей не дерсің?! Көп ұзамай-ақ, сол апайымыз уәделі уақытта шекарадан өтеді. Анам өз көзімен қызын көріп, көңілі орнығады. Олар басқа ауданға қарай көшіп кетеді.
Одан бері де бірнеше жылдар өтті. Анамның өмір салған ауыртпалықтан денсаулығы нашарлай бастайды, небәрі он шақты күн төсек тартып жатты да, мәңгілікке көз жұмды. Өмірінің соңына дейін (тек сол он шақты күннен басқа) бес уақыт намазын тастамай оқып өтеді. Анам мұсылман әйелге лайық міндеттерін өтеп кетті. «Әттегені» тек, сүт кенжем деп еркелететін менің үйленіп, отау құрғанымды және немерелерін көрмей кетті. Өзім алпысты алқымдап әже болсам да, анамды сағынамын. Аналары бар адамдарда арман да жоқ шығар деп жасым ұлғайған сайын көп ойланатын болдым... », - деп кірпігіне ілінген сағыныш пен өкініш жасын сығып алды да, іштей күбірлеп анасының рухына дұға жасап сарғайған сыршыл әңгімесінің нүктесін қойды.
Мен үнсіз тыңдап отырып уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппын. Жолаушылар түгел ұйқыда. Пойыз дүрсілдете зулап келеді. Иә, дәл Сіздей анасын сыйлайтындар, және жан-тәнімен шынайы жақсы көріп, шын құрметтейтін перзенттер көп болса ғой, және ет жүрегім, бауыр етім дейтін, бала үшін өмірін де қиятын Сіздің анаңыздай нағыз ер аналар көп болса ғой деп терең ойға баттым.
Баласын деймін-ау, аяқтанған, үйлі-жайлы болған, ата-енесі бар ересек баласын жат жерге тастамай тағдырына алаңдап, сол үшін басын өлімге тікпек тұрмақ, дүние есігін жаңа ашқан шаранасын, тұла бойын жарып шыққан перзентін, бейкүнә сәбиін қоқысқа тастап кетіп жатқан «ана сымақтарға», дүниеқоңыздықпен баласын саудаға салып, шетел асырып жатқан көкек аналарға мынадай нағыз Аналардың ерлігі - үлгі-өнеге болса, шіркін! Естігенімді өзім ғана біліп қоймай, өзгелер де естісін, електен өткізсін, ойлансын дегім келеді.
Жолаушы әйел анасының көз жұмғанға дейін бес уақыт намазын қаза етпей оқып өткенін айтты. Осыған орай, мынадай хадис те бар: « «Мен және балаларына қамқорлық жасап тауқымет көрген әйел екеуміз қиямет күні бұдан да жақын отырамыз», - деп Пайғамбарымыз (с.ә.с.) сұқ саусағы мен ортаңғы саусағының арасы қаншалықты жақын екенін көрсетті». Пейіштің төрінен орын алуға лайық Аналарымыз көп болсын деген тілекпен осы мақаланы жаздым. Ананың шынайы ерлігі еш уақытта ұмытылмақ емес!
Рыскен Рахымқызы ӘБІШЕВА
ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты
Алматы қаласы